Аймақтар • 04 Шілде, 2019

Семейде Жәнібек Кәрменов, Келденбай Өлмесеков, Болат Сыбановтардың домбыралары көрмеге қойылды

704 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра - дастан» атты мерекелік шара өтіп, онда көрмеге 40-қа жуық домбыра қойылды.

Семейде Жәнібек Кәрменов, Келденбай  Өлмесеков, Болат Сыбановтардың домбыралары көрмеге қойылды

Шараның мақсаты - халқымыздың ұлттық аспабын жан-жақты насихаттап, домбыра ерекшелігін көпшілікке жеткізу болып табылды. Музей директоры, ақын Қайрат Сабырбайды айтуынша, домбыра  көшпенді халықтың рухани жағдайын, тұрмысы мен тарихи шындығын сипаттауға мүмкіндік беретін қарым-қатынастың өзіндік тілі болып табылатын ұлттық аспап.

-Даналарымыз бен дараларымызға  серік болған, халқымыздың үнін ғасырлар бойы асқақтатып келе жатқан аспабымызды ұрпаққа үлгі ету біздің асыл парызымыз,-деді директор Қайрат Сабырбай,-домбыра көрмесіне өлкемізден шыққан елімізге танымал ұлт қайраткерлері Жәнібек Кәрменов, Келденбай  Өлмесеков, Болат Сыбанов сынды тұлғалар мен  өнер саласының майталмандарының және бүгінде айтыс сахнасында өнер көрсетіп жүрген танымалы айтыскер ақындардың домбыралары қойылды. Ұлттың аспаптың «Ән домбырасы», «Күй домбырасы» секілді бірнеше түрге бөлінетінін және домбыра құрылысы туралы деректерді осы көрмеден байқауға болады.  Сонымен бірге, қандай ағаш түрлерінен жасалатыны туралы да ақпараттар берілген.

Тарихи-өлкетану музейінде өткен көрменің  ашылу құрметіне қаламыздың белгілі  өнер қайраткерлері, әншілері мен күйшілері өнер көрсетіп, естеліктерін айтты. Домбырамен сүйемелдеп, ән-күй орындаушылар Берік Омаров, Батыр Фархатов және №1 музыкалық мектеп оқушылары да шараға белсене қатысып өз өнерлерін ортаға салды. Мемлекеттің келешегі бүгінгі ұрпақ екенін ескерсек, жас буынның ұлттық аспапты қадірлеуге, рухани құндылыққа терең бойлауына бұл шараның берері көп болды. Кеш барысында ақындар арнау айтып, халықпен біте қайнасып кеткен домбыра тарихын  жырға қосты.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА                  

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ