– Зерттеушілер бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының алғаш рет іргесі қаланған кезеңін Ақмола бекінісінің салынуымен байланыстырып келді. Ал сіз тіпті ерте дәуірде Есілдің елдорда орналасқан бойлығында қала типті қоныстар болғаны жайында айтып жүрсіз. Осыған нақты қандай дәлеліңіз бар?
– Бүгінгі елорданың тарихы тым тереңнен басталады. 1832 жылы Ресейлік патша үкіметі Есілдің жағасы, Қараөткелге әскери бекініс салды. Оған жергілікті топономикалық атау Ақмола аты берілді. Дәл осы кезеңнен қаланың пайда болу тарихы басталады деп келдік. Бұл дерек елорданың нақты тарихи кезеңдерін толық қамти алмайды. Мысалы, өткен ғасырда орыс археологы Василий Демьянович Солочинский Қараөткел маңынан Андронов мәдениетіне тән жиырмаға таяу адамзат тұрағын тапса, өлкетанушы Валерий Степанович Волошин палеолит, мыс дәуірінде өмір сүрген адамдардың жетпіске таяу қабірі мен қонысын тапты. Осы деректердің өзі-ақ елорда маңы ежелгі адамдар мекені екенін, оның сан ғасырлық тарихы болғанын әйгілеп тұрған жоқ па. Сондай-ақ тау-кен инженері А.Козыревтің 1891 жылы Петербор қаласында жарық көрген «Гидрологическое описание Акмолинской области» кітабында Есіл өзенінің оңтүстік жағалауында таспен тұрғызылған көне қорғандар көп екені жазылған.
Жалпы елорда тарихынан тереңнен толғап айтсақ, Есіл өңірі Алтын Орда құлағаннан кейін Сібір немесе Төмен (Тюмень) хандығының құрамына енген. Сібір хандығының астанасы Шыңғыс Тұра (қазіргі Тюмень) қаласы болған. Бұл хандықтың билеуші бектері Тайбұқа, Қожа Мұхамед, Жәдігер, Бекболат, Сейдахмет т.б. Тіпті біраз уақыт Ақсақ Темірден қашып жүрген Тоқтамыс та билеген көрінеді.
1429-1445 жылдары Шыңғыс Тұра қаласын атақты Әбілхайыр хан астана етіп, соңынан орталықты Сығанаққа көшірген. 1563 жылдары Сібір хандығының билігі Жәдігердің қолына өтті. 1569 жылы хан тағына Көшім отырды. Көшім хан көрші орыс воеводаларымен болған көп жылғы қақтығыстардан кейін, нақтырақ айтсақ, 1598 жылдың 20 тамызында Қорғалжын-Нұра бойында өлтіріліп, елордадан оңтүстікке қарай 110 шақырым жердегі Бытығай қорымына жерленген.
– Жалпы, өлке тарихына қатысты көптеген жәдігерлер Ресей мұрағаттарында сақтаулы деген пікірді ертеректе марқұм өлкетанушы Клара Әмірқызы айтқан еді. Сіз ол туралы не білесіз?
– Қазіргі Ресейдің тарихи-мәдени құндылығына айналған, сонау ақ патша заманынан бері келе жатқан Эрмитажда өлке тарихына қатысты жәдігерлердің бары рас. Оны этнология, этнография, тарих саласының мамандары жақсы білуі тиіс. Мысалы, 1865 жылы Мәскеуде «Ресей халықтарының жетістіктері мен өнімдерін таныстыру» атты үлкен көрме ұйымдастырылады. Осы көрмеге Ақмола өңірінен 400-ге тарта жәдігер жіберілгені жайлы нақты дерек бар. Солардың ішінде асыл таспен өрнектелген Абылай ханның бөркі болған. Ол сонда қалып қойған.
Одан кейін 1876 жылы Петербор қаласында ұйымдастырылған ориенталистар конгресіне жергілікті ақсүйектер: Ақмола округінің сұлтаны Ыбырай Жайықбаевтың баласы Мұхамедияр Жайықбаев, Мұхамед Кошенов және атақты паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынай Есов, Сәмеке ханның ұрпағы Қоңырқұлжаның баласы Ыбырай Қоңырқұлжаев барып қатысқан. Олардың алып барып, тіккен киіз үйі талайдың таңдайын қақтырған. Бұл туралы Омбы қалалық мұрағаттарында дерек көп.
Одан кейін ресейлік отарлау саясаты қазақтарды басқаруды оңтайландыру үшін «Устав о сибирских киргизах» дегенді құжатты ойлап тапты. Бұл құжат патшаның жарлығымен 1822 жылы 22 шілдеде күшіне енеді. Осы құжат негізінде Арқа қазақтары Батыс Сібір құрамына енгеннен кейін 7 округке бөлінді. Соның ішінде Ақмола округі 1832 жылы құрылып, орталығы Ақмола болды. Осы жылы генерал-губернатор Вельяминовтың жарлығымен Ақмола округінің сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдаймендиев тағайындалды. Архив құжаттары бойынша осы кезде Ақмола округінде 18254 қожалық, 3576 ауыл болған. Оларда 70961 еркек, 60301 әйел өмір сүрген. Арада 65 жылдан кейінгі 1897 жылғы санақ бойынша қалада 9597 адам тұрыпты. 1915 жылы адам саны 18740 жеткен. 1939 жылғы жүргізілген санақта 32016 адам, 1959 жылы 102276 адам, 1999 жылы 326921 адам осы қаланың тұрғыны болған.
– Сөзімізді түйіндеп айтқанда, ежелгі Ақмола өңірі қай жағынан алсақ та, геосаяси тұрғыдан аса маңызды аймақ екені анық. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы 6 шілде күні Парламент сессиясының жалпы отырысында, астананы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігі жайлы сөз сөйлеп, осы мақсатта тыңғылықты зерттеу жүргізілгенін, Ақмола қаласы 32 өлшем бойынша артықшылыққа ие екендігін атап өткенін білесіз. Демек, бұл таңдаудың арғы жағында жоғарыда өзіңіз айтқандай ежелден бергі тарихи сабақтастық болды десек қателеспейтін шығармыз?
– Әрине басқасын айтпағанда, Кеңес Одағы тұсында құрылған тың өлкесінің орталығы ретінде де осы қала таңдалған жоқ па? Сол сияқты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің 2005 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты естелік кітабында: «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы кезімде қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхаты түсті. Ол анау-мынау мәселені емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Есімде қалғаны: осы хат Мәскеуге жіберілген екен. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп келте кесіпті» деп жазғаны бар.
Оның сыртында өткен ғасыр басында мемлекетшілдіктің туын ұстанған Алаш қайраткерлерінің, соның ішінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың жеке ой-пайымы да болғанын аңғарамыз. Ол өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы болса, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген өзекжарды сөзі бар.
Енді мына бір үндестікке назар аударыңыз: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» атты кітабында, өткен ғасыр басында алғашқы қазақ либералдары – «Алаш» партиясы көсемдері де саяси орталықты әуелден зор стратегиялық маңызға ие осы аймаққа (Сарыарқаға) көшіріп әкелуге күш салды, дейді. Елбасы айтқандай, ХХ ғасыр басында тәуелсіздікті мақсат тұтқан Алаштың ел астанасын таңдаудағы мұраты – қазіргі тәуелсіз қазақ елінің ғасыр аяғындағы астана таңдауымен үндесіп жатқаны, мемлекет мүддесінің үзілмей жалғасқан асыл арқауы екені шындық.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»