Аймақтар • 05 Шілде, 2019

Атамекенге келіп, білім алуда

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресейден келген жастарымыз облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы мем­лекеттік университет пен педа­гогикалық университеттің, Инновациялық Еуразиялық университеттің «Foundation» деп аталатын дайындық бөлім­дерінде оқып жүр. Биыл шетте тұратын қазақ жастары үшін бөлінетін гранттар саны екі есеге артып, келетін талапкерлер қатары көбеймек.

Атамекенге келіп, білім алуда

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ашылған дайындық бөлімдері және шетелдердегі қазақ жастары» тақырыбында кездесу өтті. Оған Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы облыстық филиа­л­ының, облыстық ішкі саясат басқармасының басшылары, «Отандастар» коммер­циялық емес АҚ мәдени-ғылыми департаментінің мамандары мен өңір­дегі студент жастар қатысты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы облыстық филиалының төрағасы Болат Зауыттың сөзінше, жалпы бас­ты мақсат – қазақ жастарын елге қай­­тару. Жергілікті халқымыздың демо­­графиялық ахуалын ескере отырып, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресейде тұрып жатқан қазақ от­ба­сыларының ұл-қыздарын атаме­кенге әкелу, оқыту, қолдау, осы жерде орнықтыру. Былтыр педагоги­ка­­лық институтта дайындық тобы ашы­лып, оған 38 талапкер қабыл­дан­ған. Жастардың барлығы тегін жатақ­ханамен қамтамасыз етілген. Олар­ды тегін емдеу жөнінде қаладағы емхана­лардың бірімен келісімшарт жасалған.

–Біз жыл сайын алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақ отбасыларымен кездесіп, олардың ұл-қыздарын атамекенге тарту жөнінде үгіт-насихат жүргіземіз. Елге келіп, білім алып, тұрақтап қалғысы келетін­дер аз емес, – дейді Б.Зауыт.

Биыл Білім және ғылым министр­лігі гранттар санын екі есеге дейін көбейтуде. Еліміз бойынша олар 2,5 мың болса, оның 200-і біздің об­­лыс­­­тағы жоғары оқу орындары­на бері­­леді. Ал С.Торайғыров атын­­да­ғы мем­лекеттік университетіндегі «Foun­dation» факультетінің оқыту­шысы Алуа Жақанованың сөзінше, оқу бағдар­ла­масына сәйкес шеттен келген балалар оқу сауаттылығы, Қазақ­стан тарихы, қазақ тілі, орыс тілі, қазақ әдебиеті, математика, физика, биология, химия, ағылшын тілі, география пәндері бойынша дайындалуда.

Қазақ тілі сабағы қосымша оқы­тылады. Сонымен қатар өзге елде туып-өскен балалар қазақ қоғамына тез бейімделіп кетуі үшін патриоттық, құқықтық, адамгершілік бағытында тәрбие жұмыстары жүргізілуде.

 Жалпы, еліміздегі «Foundation» факультеттері Елбасының қолдауы­мен «Шетелде тұратын отандастар­ды қолдаудың мемлекеттік бағдар­ламасы» аясында ашылды. Бағдар­лама арқылы 2012 жылдың қыр­күйегінен Болон үдерісіне бағыт­талған жаңа форматта білім беріле бастады. Бұдан кейін қазақ диаспорасы өкілдері мен шетел азаматтарына арналған дайындық бөлімі 2014 жылдың қазан айында ашылды. Факультет деканы Сәуле Кісембаеваның айтуынша, бас­ты ерекшелік – еліміз үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім алушылардың дайындық курстары арқылы ҰБТ мен кешенді тестілеуге даярлықтарын тереңдету, базалық сыныптарды бейінді оқыту, қазақ диаспорасының өкілдерін қазақ­стандық білімге бейімдеу.

Білім алған тыңдаушылардың көбі еліміздің жоғары оқу орындарына түскен. Қазіргі кезде факультетте шетелдік қазақ студенттері, күндізгі дайындық курсындағы тыңдаушылар, қашықтықтан білім алушылар, базалық сынып оқушылары, кешкі дайындық курстарының тыңдаушылары білім алуда. Бағдарлама қазақ диаспорасы өкілдері мен оралмандарға жалпы дайындық деңгейін арттыру, оларға жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына түсуге қажетті жағдай жасау мақсатында ашылды.

– Даярлық курсының тыңдаушы­лары университет өміріне белсене араласады. Спорттық секцияларға, жарыстарға барып, студенттік филар­­монияда ән салады. Әрбір мемле­кеттік мерекеде Қытайдан, Монғолия­дан, Өзбекстаннан келген жастар өз өнерлерін көрсетеді. Олардың бола­шақ мамандығын дұрыс таңдап, өз бо­лашағын өзі анықтау ісінде дұ­рыс бағыт беретін білікті де білімді маман­дар жұмыс істейді, – дейді С.Кісембаева.

Жастарға білім берумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де міндет. «Халықтың көші-қон туралы» Заңының талаптарын сақ­тау мақсатында облыстық ішкі істер басқармасы, Көші-қон по­ли­ция­сы қызметкерлерімен кездесу­­лер өткізіліп, жастарға Көші-қон по­ли­­циясы арқылы керек мер­­зімге виза беріліп, тiркеуге қойыла­ды. Кешенді тестілеуге қатысу үшін виза ұзартылады. Ал «Отан­дас­тар» коммерциялық емес АҚ мәде­ни-ғылыми департаментінің қыз­мет­­кері Нұрымжан Жұмағазиннің мәлі­метінше, квота – 1500 орын. Квота ҰБТ-дан балл жинай алмаған жағдайда ЖОО-ға түсуге мүмкіндік береді. Шетелдердегі қандастарымыз емти­ханға құжаттарын онлайн режім­де тапсырып, оқуға түсе алады. Олар үшін жатын орын, стипендия қарастырылған.

– Өткен жыл қорытындысы бо­йын­ша «Foundation» топтары тың­дау­шы­ларының 82 пайызы білім гранттарына ие болса, 80 тың­даушы мемлекеттік тапсырыс бо­йын­ша оқыды. Биыл да тың­дау­шы­лары­мыздың қалаған маман­дық­тары бойынша еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы түсетіндеріне сенеміз – дейді С.Кісембаева.

Иә, елге оралатын әр қазақ баласы – біз үшін байлық. Б.Зауыттың айтуынша, алда шетелдердегі қазақ жас­тарын елімізде білім алуға, солтүстік өңірлерде қалуларына жағдай жасау үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесе атқаратын жұмыс аз емес.

 

 Павлодар облысы