Президент • 05 Шілде, 2019

Адам капиталын дамыту алқалы жиынның темірқазық тақырыбы болды

821 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 32-ші жалпы отырысы өтті. Алқалы жиынға қатысушылар елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға байланысты проблемалық мәселелерді тиімді шешудің жолдарын қарастырды.

Адам капиталын дамыту  алқалы жиынның темірқазық тақырыбы болды

Инвесторларға қолайлы жағдай жасалған

Бүгінгі күні кеңес құрамына 35 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйым басшылары кіреді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін кеңестің бұл жолғы басты ерекшелігі – Президент жанындағы Шетел инвес­торлары кеңесі мүшелерінің ауысуы. Жиын басында Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің жаңа мүшелерімен таныстырды.

− Кеңестің жаңа мүшелері Baker McKenzie International төрағасының орынбасары, сонымен қатар Жаһандық атқару комитетінің мүшесі Констанц Ульмер-Айлфорт, «Дойче банк» Орталық және Шығыс Еуропа бойынша өңірлік басқармасының атқарушы директоры Йорг Бонгартцке, METRO AG атқарушы директоры Филипп Палацциге, Petro China Company limited Қытай ұлттық мұнай корпорациясының вице-президенті Хо Цзицзюньге қошеметімді білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент отырысқа қатыса алмаған кеңестің жаңа мүшелері Mitsubishi Corp аға вице-президенті Исао Каноны, CitiGroup-тың Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша атқарушы директоры Дэвид Ливенгстоунды құттықтады. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзді Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сэр Сума Чакрабартиге берді. Алдымен Қазақстанның Кеңес одағынан шығып гүлденген және дамушы елге айналуын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан екенін айтқан банк басшысы бүгінде Қазақстанда жасалған жалпы құрылымдық реформалар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы бұл жолғы кеңестегі негізгі талқыланар тақырыпқа тұздық екенін жеткізді.


− Осы орайда жаңа Президентке, оның алдағы жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Алдағы уақытта Тұң­ғыш Президентпен құрған іскерлік байла­ны­сымызды әрі қарай нығайтуға дайынбыз, – деді ЕҚДБ президенті Сэр Сума Чакрабарти. Оның айтуын­ша, Еу­ропа Қайта құру және даму бан­кі Қазақ­­стан тәуелсіздігінің алғашқы күн­дері­нен бастап ірі экономикалық баста­малар­дың басы-қасында болды. Банктің Қазақ­станға бүгінге дейін салған инвестиция­сы 9 млрд АҚШ долларынан асады. Ал биылғы жартыжылдықтың өзінде көр­сет­кіш 450 млн АҚШ долларына жетіп отыр.

−Біз салған инвестициямызды көле­міне қарап емес, сапасына қарап баға­лаймыз. Бұл тұрғыда да біздің жетістігіміз ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтар болсақ, біз Қазақстанның «жасыл» энергетикаға көшуіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Биылдың өзінде Қазақстанда жаңғырмалы қуат көздерінің үш ірі жобасын бастадық. Инвестицияның жалпы құны 375 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар республика бойынша қалаларды өзара байланыстыруға және елді жалпы Орталық Азия мемлекеттерімен байланыстыруға үлесімізді қосып, бірқатар жолдардың құрылысына қаржы салдық, – деді ЕҚДБ президенті.

Оның айтуынша, экономика адамдардан, олардың әлеуетінен, идеяларынан, сатып алу қабілеттерінен және таңдауларынан құралады. Сонымен қатар жұмыс күші сапасының артуы, төмен білікті мамандардың орта және жоғары білікті маманға айналуы экономиканы дамытатын басты факторлар.

− Қазақстан экономикасын өрге сүйреп келе жатқан факторлардың бірі елдің болашаққа қарай және алдағы қатерлерді алдын ала болжай білу қабілеті. Мұндай жағдайда мемлекет адам капиталын жоспарлауда да ұзақ мерзімді болашақты есепке алуы керек. Алдағы уақытта Қазақстан экономикасында орта білікті мамандарға сұраныс азайып, еңбек ресурстары қартаюы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет адам капиталының сапасын арттыру үшін біріншіден, әйел адамдардың еңбекке араласуын күшейтуі; екіншіден, жұмысшылардың қабілеттерін сақтауға және дамытуға мүмкіндік беруі; үшіншіден, қалалық орталықтарға еңбек өнімділігін арттыратын «жасыл» инфрақұрылымды енгізуі керек. Бұл үш бағыттағы жұмыстардың да елдеріңізде басталып кеткенін білемін. Оған ЕҚДБ да белсенді қатысып жатыр, – деді ол.

Отырыста Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов кеңестің 31-ші пленарлық мәжілісінің хаттамалық тапсырмаларын орындау бойынша атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Сыртқы істер министрі баян­дамасында кеңес құрылған сәттен бас­тап инвестициялық ахуалды жақсарту, Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа перспективаларын айқындау мәселелері талқыланатын маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, кеңестің өткен отырысында бекітілген 9 тапсырма қазіргі таңда орындалып жатыр. Оның ішінде тұрғын үй құрылысын жандандыру, валюталық реттеу саласында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, электронды кедендік декларациялау жүйесін жақсарту шаралары сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар инвесторларға тікелей қатысы бар құқық үстемдігін қамтамасыз ету, реттеуші ортаны және мемлекеттік басқару сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Мысалы, меншік құқығын, төрелікті қорғауды күшейту, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша заң қабылданған. Бұған дейінгі кеңес отырысында айтылған Экологиялық заңнаманы жетілдіру мақсатында жаңа экологиялық кодекс тұжырымдамасы әзірленді. Бұл ретте, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп, өткен жылдар ішінде рұқсат беру құжаттарының, салық салу, кедендік бақылау, көші-қон-визалық режім жүйесі едәуір жеңілдетілген.

Шет мемлекеттерден Қазақстанға инвестиция тарту үшін елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту міндеті аса маңызды. Бұл үшін мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізудің оңтайлы түрлері қалыптасып, заңның да екі тарапқа қолайлы болуы мін­деттелмек. Шеттен келген инвесторлар Қазақстандағы салық жүйесінің қана­ғат­тан­дыратынын, заң аясында барлық мүм­­кіндіктер қарастырылып отырғанын ай­та­ды. Бұл ретте, еліміздегі Жоғарғы сот­тың атқарған жұмыстары да елеулі. Ке­ңес отырысында сөз алған Жоғарғы сот төр­­ағасы Жақып Асанов соттарда судья­лар жүктемесі азайып келе жатқанын айтты.


− Биылдан бастап судьялардың ең­бек­ақысы айтарлықтай жоғарылады. Әсі­ресе атқарған жұмыстарының ауқымына бай­ланысты еңбегі де еленіп отыр. Екін­шіден, судьяларды дау-дамайы жоқ іс­тер­ден босатып жатырмыз. Биылғы мамыр­дан бастап 10 жылда алғаш рет сот жүк­темесі қысқарып келеді, – деді Ж.Асанов.

Оның сөзіне қарағанда, атқарылып жатқан тың қадамдардың бірі − HR-менед­жмент тетіктерімен судьяларды ірік­теудің жаңа жүйесін жүзеге асыру және зияткерлік және монопо­лиялық құқық, салық, жер қойнауын пайдалану, экология саласындағы білікті заңгерлер судьялық қызметке келгенін де атап өтті.

− Ұқсас істер бойынша әртүрлі ше­шім­дер шығарылып жатады деген сын айтылады. Анық емес заң нормаларын әр судья әртүрлі түсінеді. Ал көптеген нақты жағдайлар бойынша заңнамадан тиісті жауап табу қиын. Сондықтан Жоғарғы сот «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып ведомствоаралық топтар құрды. Оның мақсаты – салық, жер, жер қойнауын пайдалану және басқа да мәселелер бойынша бірыңғай тәжірибені қалыптастыру, – деді Жоғарғы сот төрағасы.


ЖОО-да оқыту бағдарламалары толық жаңартылады

Қазақстанда адам капиталын, соның ішінде маман даярлау мен білім беру жүйесін жаңарту туралы баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің оқу орындары мен бизнестің бірлесе маман дайындауына жол ашып жатқанын хабарлады.

− Сапалы және заманауи адам капи­талының болуы кез келген инвестор үшін өте маңызды. Бұл инновациялық экономика құрудың негізгі кілті. Посткеңестік елдерде білім беру жүйесі заманауи еңбек нарығына сай келмейді деген ойлар айтылады. Соның ішінде мемлекеттік бақылау тым күшті және оқыту академиялық сипаттан аспай қалған деген де пікірлер бар. Шынында да, бұл сын орынды. Осындай келеңсіздіктерді жою үшін тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың жетекшілігімен көпте­ген іс атқарылды. Соның жарқын көрі­нісі шетелдерде маман дайындау үшін құрылған «Болашақ» бағдарламасы. Қазір­гі таңда 11 мыңнан астам адам әлем­дік ең үздік оқу орындарын тәмамдап, ел игілігіне қызмет етіп жатыр, – деді Білім және ғылым министрі.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, 10 жылдың ішінде Қазақстан адами даму индексі бойынша 16 пайыздық өсім көрсетіп, адам капиталы өте жоғары деңгейдегі елдердің қатарына кірді. Ал тәуелсіздік жылдарында экономикамыз 20 есеге ұлғайды.

– Бізде халықтың 100 пайызға жуығы сауатты. Балалардың 95 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен, ал 100 пайызы мектепте оқумен қамтылған. Gig-web көрсеткіші бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 4-ші орында. Оқушыларымыз жалпы бә­се­ке­ге қабілеттілігін көрсетіп жүр. Ма­те­мати­ка-жаратылыстану ғылыми зерт­теуінде балаларымыз жақсы нәтиже көр­­сетті. Соңғы өлшемге сәйкес еліміз әлем­нің 40 елінің ішінде үздік ондыққа кірді. Дегенмен, оқушылар білімдерін тәжі­ри­беде пайдалану жағынан ақсап жүр. Оқушылардың функционалдық сауат­ты­лығын арттыру үшін үлкен өзгерістер қажет болды. Елбасының тапсырмасымен Назарбаев зияткерлік мектептері құрылды. Оған біз әлемдегі ең үздік тәжірибелерді енгіздік. 2016 жылдан бастап осы тәжірибелерді елдің барлық мектептеріне енгізу жұмыстары басталды. Бұл өтпелі кезең келер жылы аяқталады. Қазақстанның мектептердегі жаңа бағдарламаға көшкеніне бар болғаны үш жыл өтті. Нәтижесінде үздік оқушылар мен үлгерімі төмен оқушылар арасындағы алшақтық 51 пайызға қысқарды. Жалпы оқу үлгерімі 30 пайызға көбейді, – деді ол. Министрдің баяндамасында айтылғандай, кәсіптік біліммен қамту артып келеді және қазірдің өзінде ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштеріне Қазақстан бір табан жақын қалды.

− Кадр дайындауға жұмыс берушілерді тарту үшін серіктестік тетігі дамуда, оның ішінде дуальды оқыту да бар. Дуалды оқытумен 438 колледж және 3 мыңнан астам жұмыс беруші қамтылған. Біз дуалды оқытуды дамытқымыз келеді. Бұған, сонымен қатар, колледждерімізді ірі инвесторлардың сенімді басқаруына беру де кіреді. Қазірдің өзінде 5 колледжді сенімді басқаруға бердік, оған 100-ден астам инвестор қызығушылық танытты. «Жас маман» жобасына бюджеттен 58 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа заманауи құрал-жабдықтар сатып алынады. Бұл ретте біз сапалы кадр дайындау үшін кәсіпорындарда пайдаланып жатқан құрал-жабдықтарды оқу орындарына орнату мақсатында инвесторлармен, бизнеспен тығыз жұмыс істейтін боламыз. Дайындайтын мамандықтарға түгендеу жүргіздік. Талап етілетін жаңа бағдарламалар ашу бойынша жұмыс істеп жатырмыз және бизнестің өтінімі негізінде бұған дейін болмаған 24 жаңа білім беру бағдарламасын аштық. Таяу уақытта колледждердегі білім бағдарламаларын жұмыс берушімен бірге жаңартуға жол ашатын заң қабылданды. Енді жұмыс берушілер дайындаған бағдарламалар мен әлемдік Worldskills бағдарламасы оқытудың негізіне айналады. Алдағы уақытта колледждердегі оқыту жүйесі толығымен жаңартылады. Шетел инвесторларының жәрдемімен колледждерде құзырет орталықтары ашылуда. 2023 жылдың соңына дейін мұндай орталықтар барлық жерде жұмыс істейтін болады, – деді министр.

Оның айтуынша, жоғары оқу білім беру саласында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Атап айтар болсақ, ЖОО-лар оқу бағдарламасын өз бет­терінше экономиканың сұранысына қарай да­йындау құқығына ие болды. Бұл тарихи заң. Нәтижесінде білім беру бағ­дар­ла­маларының 80 пайызы жаңар­тылып, ESG Еуропа білім сапасы стандартында тіркелді.

− Ағылшын тіліндегі бағдарлама саны артты. Шетелдік студенттер саны ұл­ғайды. Бар болғаны екі жылдың ішінде олардың саны 12 мыңнан 23 мыңға жетті. Студент алмасу бағдарламасына қатысушылар саны да екі есе артты. Ондай бағдарламаны бітіргендер тек Қазақстанның ғана емес, шетелдік оқу орнының да дипломын алып шығады. Алдағы екі жылда барлық ЖОО-лардың оқыту бағдарламасын жаңартуды жос­парлап отырмыз. 2021 жылдан бастап ЖОО түлектерін сертификаттау басталады, – деді А.Аймағамбетов. Министр ел халқының жартысы, яғни 8 млн-нан астам адам тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келгенін, олар әлемге ашық, өзгеруге бейім адамдар екенін айтты.

− Жаһандық өзгерістер кезінде біз бо­лашақтың мамандықтарына, ұлтаралық қатынасқа және цифрландыруға ба­сым­дық беріп отырмыз. Мұның бәрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, «Ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламасында және Мем­лекет басшысының сайлауалды бағдар­ламасында көрсетілген. Бүгінгі Қазақстан жоғары адам капиталына ие және ең батыл, жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға қабілетті ел, – деп сөзін түйіндеді Білім және ғылым министрі.


Инвесторлар керек маманды өздері дайындауда

«Польфарма» компаниясының бақы­лау кеңесінің президенті Ежи Старак компа­ния­ның Қазақстандағы адам капиталын дамытуда нақты жұмыстар атқарып жат­қанын мәлімдеді.

− Біз – Қазақстанның «Цифрлы индустрия 4-0» бағдарламасына қатысқан тұңғыш әрі жалғыз фармацевтикалық модельдеу фабрикасымыз. Биыл Шымкентте инженерлік оқу орталығын ашу бо­йынша жаңа бастаманы қолға алдық. Аталған орталық өндіріс процестерін пысықтайтын жаттығу алаңына айналады. Орталық үш өлшемді принтерлермен жабдықталған. Соның арқасында қосалқы бөлшектермен қамту мәселесі өздігінен шешілген. Қызметкерлер мен студенттер бұл орталық базасында «толықтырылған шындық» технологиясын қолдана отырып, біліктілігін арттыратын болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды еңбек нарығында еңбекке қабілетті етіп баулу туралы 2019 жылы жүктеген тапсырмаларын толықтай қолдаймыз, – деді шетел инвесторы.

 Өз кезегінде ERG директорлар кеңе­сінің төрағасы Александр Машкевич бі­лім беру саласында білікті кадрлардың жоқтығына тоқталды. Оның айтуынша, мұғалім мамандығына сұраныстың азды­ғына жалақының төмендігі, жұмыстың көп­тігі және әлеуметтік дәреженің төмен­дігі әсер етеді.

− Қазақстанда Teach for All бағ­дар­ламасын ашу керек. Бұл бағдарлама 30 елде жемісті жұмыс істеп тұр. Осы бағ­дарламаның арқасында Израильде өзге саладағы мыңдаған білікті маман өз жұмыстарын тастап, мұғалімдікке ауысып жатыр. Нәтижесінде мұғалімдікке бәсекелестіктің жоғарылығы сонша, бес үміткердің біреуі ғана мұғалім болып орналаса алады. Қазір жастар – цифрлы әлемнің азаматтары. Оларға білім берудің жаңа моделін дайындау керек, – деген Александр Машкевич білім беру саласын экономиканың бөлек саласы ретінде қарайтын кез келгенін айтты. Яғни, оқу орындары мен шетелдік менеджерлерге инвестиция сала отырып, отандық ғылыми жаңалықтар мен технологиялар алу керектігін, осылайша экспортты дамыту керектігін тілге тиек етті.

Өз сөзінде Еуразиялық Топ өкілі арнайы білім беру орталығын дайындап жатқанын, орталықтың білім беру, маман дайындаудың баламалы әдістері мен оқытушылардың біліктілігін арттыру салалары бойынша жұмыс істейтінін айтты.


Экономикалық жүйедегі жаһандық сын-тегеуріндер

Шетел инвесторлары кеңесінің 32-ші жалпы отырысын қорытындылау барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселеге тоқталды. Алдымен Мемлекет басшысы экономикалық жүйедегі жаһандық сын-тегеуріндерді атады. Ел Президенті адам капиталын да­мы­ту бүгінгі күннің ең маңызды сын-тегеу­ріні екендігін айтты.

− Әлемдік экономика өсіміне қатыс­ты болжам нашарлап бара жатыр. Эко­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебіне сәйкес өткен жылы әлемдегі тікелей шетел инвестициясының жалпы сомасы 27 пайызға, яғни 1,1 трлн долларға дейін төмендеді, – деді Мем­ле­кет басшысы. Дегенмен, Қасым-Жо­март Тоқаев атап өткендей, Қазақ­станда шетел инвестициясын тарту көлемі тұрақты.

− Өткен жылы шетел инвес­тиция­сының жалпы ағыны 24,3 млрд долларды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 16 пайыз өсім көрсетті. Мұның бар­лығы – біздің өнімді күш-жігеріміз бен ұжым­дық жұмысымыздың арқасы, – деді Пре­зидент.

 Мемлекет басшысы жаңа технология­лар әлемдік экономиканың құрылымын, сондай-ақ елдердің бәсекеге қабілеттілігін түбегейлі өзгерткеніне тоқтала келе, ал­дағы онжылдықтарда адамзат тап бола­тын сын-тегеуріндерді де ескеру қажет­тігін атап өтті.

− Қазірдің өзінде жұмысшы қызметі түрлерінің жартысы автоматтандыры­луы мүмкін. 2030 жылға қарай 75-тен 375 миллионға дейін адам, яғни жаһан­дық жұмыс күшінің 14 пайызға жуы­ғы қайта оқытудан өтуге немесе кәсі­бін ауыстыруға мәжбүр болады. 2018 жылы мектепке барған бала алдағы уақытта қазір жоқ кәсіптер бойынша жұмыс істейтін болады, – деді Прези­дент. Мемлекет басшысының сөзінде айтыл­ған­дай, жақын болашақта адамның табысты­лығының негізгі дағдылары ретінде когнитивтік икемділігі басымдыққа ие болады, өйткені бұл бағытты машиналар меңгере алмайды. Осы орайда бейімделу қабілеттілігі, сыни ойлау, жасампаздық, ішкі түйсік, командамен жұмыс істей алу қабілетін атап өткен жөн.

− Алайда бұл болжамдардан қай­мы­ғудың реті жоқ. Технологиялардың енуі адамзатты жұмыс орындарынан айырмайды, алайда олардың табиғатын өзгертеді. Мұндай құбылыс адамзат тарихында бұрын қайталанған еді. Дегенмен, қазіргі кезеңде адам капиталының рөлі күрт артады, әсіресе білім саласының рөлі ерекше болады. Сондықтан адам капиталының ин­вести­ция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Қазақстанда адам капитал­ын дамыту бойынша үлкен жұмыс жүр­гізудеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет алдында бірқатар түйткіл­дердің тұрғанын назарға алған Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нарығының трансформациясы – бүгінгі күннің ең негізгі мегатрендтерінің бірі саналатынын және қолданыстағы жүйеге ең үлкен сын-тегеурін екенін жеткізді.

− Бүгінгі біздің кеңесіміздің мәні – адам капиталын дамыту. Адам капиталын дамыту бүгінгі күннің ең маңызды сын-тегеуріні саналады. Сондықтан сарапшылар мен практиктердің ой-пікірлерін естуге ниеттіміз, – деді Қ.Тоқаев. Сонымен қатар шетел инвесторлары қазақстандық түлектерді бағалау ісіне араласуы тиіс екенін айтты. Кәсіпорындар, бизнес, жұмыс беруші талаптары мен жоғары білімнің өзара байланысын күшейту қа­жет­тігіне тоқталып, жоғары білім сапалы дайындықты және соған орай түлектің табысты жұмысқа орнала­суын қамтамасыз етуі қажеттігін ескертті. Қа­зақ­стан Президенті өткен жылдан бас­тап еліміздің жоғары оқу орындары­на академиялық, басқару, кадрлық жә­не қаржылық мәселелерде дербестік беріл­генін, білім саласында арнайы заң қабыл­данғанын айтты.

− Автономия жоғары оқу орын­дары­ның дамуы мен тиімділігінің іргелі тетіктеріне айналуы тиіс. Ендігі уақытта жоғары оқу орындары не оқытатынын, қалай оқытатынын өзі шешеді. Білім бағдарламасы жұмыс беруші мен сту­денттің нақты қажеттілігімен түзіледі. Жыл сайын ЖОО-лардың тәуелсіз рей­тингі бізге бұл міндетті кім орындай ал­ғанын, ал кімнің орындай алмағанына қатысты нақты жайтты көрсетіп береді. Шетел инвес­торлары кеңесі де түлектерді бағалаумен қатар, жоғары білім жүйесін жетілдіру, мемлекеттеріміздің жоғары оқу орындарының арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жолға қою мәселесіне де өз үлесін қоса алатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ел Үкіметі «Қазақ­стан­ның шетел инвесторлары кеңесі» қауым­дастығымен бірге негізгі салалар­дағы құзырет трансфертін дамыту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеуі қажеттігін айтты.

− Білім экономикасы дәуірінде өмір бойы білім алудың рөлі арта түседі. Әсіресе бұл ретте осы құзыретті тара­тушысы саналатын ірі трансұлттық корпорациялармен өзара іс-қимыл маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, соңғы үш жыл ішінде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 12 мыңнан астам жас білім алды.

− Осы тәжірибені біз айтарлықтай кеңейтуге ниеттіміз. Оның ішінде жұмыс берушілерді ынталандыруды жолға қою арқылы да кеңейту ойда бар. Бүгінгі күні құзыретті дамыту мен беру әсіресе мұнай-газ-химия, жаңа материалдар, кәсіптік қызметтер, ақпараттық технологиялар сынды салаларда өте қажет болып отыр. Біздің барлық компанияларымызда біліктілік арттыру курстары, дағдылану бағдарламалары, жолға қойылған білім беру әдістемесі, тіпті корпоративтік университеттер бар. Осыған орай Үкіметке «Қазақстанның шетел инвес­торлары кеңесі» қауымдастығымен бірге біз үшін негізгі салалардағы құзырет трансфертін дамыту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Қ.Тоқаев атап өткендей, алдағы үш жыл ішінде елімізде 180 колледж бен 20 жоғары оқу орны ашылады.

− Біз республикалық бюджеттен бұл мақсатқа тек алғашқы кезеңнің өзінде 58 млрд теңге бөлеміз. Бұл – шамамен 150 млн доллар. Басты мақсат – отандық және шетелдік серіктестерді белсенді түрде тарта отырып, білім беру бағдарламасын айтарлықтай жаңарту және жаңғырту, – деді Президент. Осы орайда Қ.Тоқаев білім экономиканың бір саласы деген пікірмен толықтай келісетінін баса айтты.

Форумды түйіндеген Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлар үшін әлеуметтік жа­уапкершіліктің негізгі элементін атады.

− Білікті маман – кез келген ком­па­нияның басты байлығы. Сондықтан ком­панияның табысын арттыру үшін қызметкерлерге ақылға қо­нымды сыйақы өсімін қамтамасыз ету керек. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің не­гізгі элементі. Бұл отандық кәсіп­орын­дарға да, шетелдік қатысы бар компа­нияларға да қатысты. Ұлттық табыстың әділ бөлінуі – кез келген мемлекеттің ең басты міндеті, – деді Президент.

 Мемлекет басшысы бүгінгі форумның жемісті жұмыс істегенін айта келіп, Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті басқосуында шикізаттық емес экспорт мәселесін талқылауды ұсынды.

− Қазір Үкімет білім мен ғылымды да­мы­тудың жаңа мемлекеттік бағдар­лама­сын жасап жатыр. Бағдарлама жобасын қоғамның талқысынан өткізіп, жұмыс берушілермен де, инвесторлармен де талқылау керек. Бүгінгі диалог адам капиталын дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты болжамдарымызды айқындап берді. Кеңестің келесі пленарлық отырысын «Шикізаттық емес экспортты дамыту» деген тақырыпта өткізуді ұсынамын. Бұл – өте өзекті тақырып, – деді Президент. Кеңес қатысушылары Президент ұсынған тақырыпты қолдап, әлемдік экономика үшін аса маңызды мәселенің бірі екенін айтты.

Айта кетерлігі, біздің елге инвес­тиция салушы шетел инвесторлары шикізаттық емес сектормен қатар, балама энергия көздерін жаңғырту саласына да айтарлықтай қызығушылық танытуда. Келесі кеңестің отырысы осындай тың тақырыптардың тамызығын тұтатып, маңызды міндеттер айқындайтын алаңға айналмақ, сондай-ақ осы сындарлы сыртқы саяси капитал айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп, дамудың артықшылықтарына айналады. Өйткені Шетел инвесторлары кеңесінің жұмысы жанданған сайын елге ағылатын қара­жат көлемі де арта түспек. Соңғы 10 жыл­да Қазақстанға 300 млрд доллар­дан астам тікелей инвестиция тар­тыл­ған. Алдағы уақытта да елдегі ұтымды сыртқы саяси шешімдердің, халық­аралық ынтымақтастықтың және тұрақты экономиканың арқасында сырттан келетін қаражат көлемі арта түсуге тиіс.


Бауыржан МҰҚАН,

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»