Сұхбат • 05 Шілде, 2019

Рүстем Әбдіраш: Заң отандық киноны өрге сүйрейді

587 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанда кинематография бар, бірақ киноиндустрия жоқ. Бұл сөзді соңғы жылдары жиі естіп жүрміз. Мұны киноөндірістің дамуына қарлығаштың қанатындай су сеуіп жүрген мамандар кино саласында біркелкі жүйенің болмауынан деп түсіндіреді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл қаңтар айында үш жыл бойы әзірленген «Кинематография туралы» Заңға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойды. Заң қабылданған мерзімнен бері де жарты жылдай уақыт өтті. Кино әлемінде нендей өзгерістер мен жаңалықтар болып жатқаны туралы ойын білмек ниетпен еліміздің озық режиссерлерінің бірі, суретші, сценарист Рүстем Әбдірашты әңгімеге тартқан едік.

Рүстем Әбдіраш: Заң отандық киноны өрге сүйрейді

– «Қазақ хандығы» фильмін тәуелсіздік алған­нан бері түсірілген жоба­лар­дың ішіндегі үздік тарихи жұмыс деп білеміз. Шет­елден адам алдырмай, отан­дық киногерлердің көм­е­гімен үлкен еңбекті еңсер­діңіз. Айтыңызшы, енді атал­­мыш фильмнің телехи­кая нұсқасы көрерменге қа­шан жол тартады?

– Өзіңіз білесіз, фильмнің идея авторы Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы. Туын­дыны түсірер алдында арнайы келіп, батасын берді. Сондықтан да ол кісінің сені­мінен шығу және ең бастысы күллі қазақ халқының үмітін ақтау үшін аянбай еңбек еттік. Қазір «Қазақ хандығы» сериалының соңғы пост-про­дакшн кезеңі аяқталып, шығармашылыққа қатысты жұмыстары да толық бітті. Енді шамамен бір-екі аптаның көлемінде «Қазақфильм» сериалды қабылдаса, бірден көрерменімен қауышады деп күтіп отырмыз. Жобаның не­гізгі тапсырыс берушілері Мә­дениет және спорт ми­нис­­­трлігі болғандықтан, фильм­­нің көрсетілуі мен көп­­шілік арасында насихатталуы мәселесімен толықтай «Қазақ­­фильм» киностудиясы айналысатын болады.

– Білетініміздей, «Қазақ хандығы» жобасының ал­ғашқы маусымында біраз қи­ыншылық болды. Со­ның салдарынан діттеген ойла­рыңыз кинода іске аспай қалды. Ал енді екін­ші мау­сымда өндіріске беріл­ген уақыт пен қаржы ана­ғұр­лым молынан болған­дық­тан, картина да жоға­ры дең­гей­де шықты. Көрер­мен­нің фильм туралы ойы қан­дай?

– Әрине алғашқы бөлім­мен салыстырғанда екінші фильмнің динамикасы да, монтаждық ритмі мен оқиға өрбуі жағы да әлдеқайда көш ілгері. Оның үстіне тәжірибе жинақтап, тарихи фильм түсіру ерекшеліктеріне бой үй­реттік. Сондықтан «Алтын тақты» көрермен талғамы мен қызығушылығына барынша бет бұрған жоба деп есептеуге болады. Бір қарағанда экшн болып көрінгенімен, негі­зінен фильмнің өн бойы тарихи оқиғаларға толы. Сіз­ге бір ғана мысал айтайы­н. Мәселен, «Қазақ хан­ды­ғы­ның» бірінші бөлімі мен сериалының дубляжын 3-4-ақ дауыспен атқарсақ, екінші бөлімге бұдан әлдеқайда көп маман тартылды. Одан бө­лек, дубляж жұмысы Санкт-Петербургтің «Нева-фильм» студиясында өтті. Яғ­ни, әр кейіпкерге дауысы сәйкес келетін актер тауып, аса ыждағаттылықпен жұ­мыс істедік. Ал енді туындыны орыс тіліне дубляж­дауымыздың себебіне келсек, ТМД елдері де біздің фильм­дерімізді көріп, тарихы­мыздан хабардар болсын де­ген мақсатта туындаған ой болатын. Сонымен қатар кинофестивальдарға қатысу үшін фильм ағылшын тіліне де аударылып, дыбысталды. Халықтың қызығушылығы жаман емес. Мәселен, былтыр «Алмас қылыш» фильмінің орыс тіліндегі нұсқасын интернетке салғанбыз. Оны 3,5 миллионнан астам көрермен көріпті. Фильмнің астында он мыңдаған пікір қалдырыпты. Жағымды, жылы, тілектес лебіздер өте көп. Яғни, бұл деген фильмнің аудитория­сы неғұрлым көп болса, со­ғұрлым біздің мақсатымыз да орындалады деген сөз.

– Бірде сіздің түсірілім алаңыңызда болу мүмкін­дігі бұйырды. Ауыл тірші­лігі­нің көрінісін сахналап жатқан едіңіздер. Сонда көп­шілік сахнадағы қосшы атты дер кезінде жетектеп шықпай, түсірілім тобын біраз әбігерге салғаны бар еді. Тіпті сонда даусыңыз шық­пай қалды... Кейін фильм­ді көрген кезімде әлгі ат жетектеген жігіт жал­­пы планда көрінбей де қа­­лыпты. Әрине мұны шы­ғармашылық процесс де­­­сек те, «Қазақ ханды­ғы­­нан» кейін жалпы ден­сау­лы­­ғыңыз сыр берген жоқ па?

– Дұрыстап қарамаған бо­лар­сыз. Мен сол эпизодты әдейі қарап шықтым. Екін­ші пландағы әскерлердің өтіп бара жатқанын қанша қиналып түсірсек те, монтажда сол эпизодтың фильмге енуін өзім жіті қадағаладым. Өйткені біздің әрбір қиналып түсірген кадрымыздың фильм­де болуы үшін де аянбай тер төгеміз. Өйткені бұл – өнер. Режиссер үшін әр эпи­зод қымбат. Кез келген жобаны қолға алғанда, мей­лі ол ауқымды немесе кері­сінше болсын, барымызды салып жұмыс істейміз. Тіпті түсірілімді аяқтаған соң әбден қалжырап, біраз уақыт өз-өзімізге келе алмай жүреміз. Алайда кино түсіру сонысымен қызық деп ойлаймын. Өз басым әр фильмімнің арасында біраз үзіліс жасап, кітап оқып, табиғатқа шығып велосипед теуіп, спортпен шұғылданып, уақытымды денсаулығыма арнаймын. Бас­қаша айтқанда, жаңа күш жинап алып, түсірілім ала­ңына қайта ораламын.

– Қазір кинода оң жаңа­лық көп. Соның ішіндегі ең елеулісі – кино туралы заң­­ның қабылдануы. Білуі­міз­ше, бұл заңды киногерлер көп күтті...

– Рас, кино туралы заң­ды жасаймыз дегендер көп бол­ды. Алайда, соңына дейін ешкім жеткізген жоқ. Шынын айту керек, бұл мәселеде Арыстанбек Мұхамеди­ұлы­­­ның сіңірген еңбегі зор, жан-жақта шашырап жүр­ген киногерлердің басын қосып, заң жобасын әзірлеуге шақырды. Отандық және шетелдік мамандарды іске қосып, құжатты ортақ жүйеге түсірді. Дайын болған заңды үлкен жанашырлықпен Пар­ламент мінберінде қорғап шықты. Ол кісі киноның бар­­лық кезеңдерін, салаларын жете біледі. Ең бастысы, киноны түсінеді. Ол – жақсы нышан. Мәселен, «Қазақ хандығындағы» Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі сахналар­ды түсіруге ықпалдастық етіп, рұқсатын алып берді. Қазақ мәдениетіне бес жылдай қызмет етті. Осы ретте қазақ киносына жанашырлық танытып, ұлттық киноға үс­темдік беруді көздеген Арыс­танбек Мұхамедиұлына алғыс айтуды жөн деп санаймын.

– Кино туралы заңдағы маңызды аспектілерді айтып берсеңіз. Өйткені көп­ші­лік қауым әлі күнге дейін атал­ған заңды оқып көрген емес.

– Кино туралы заң киноиндустриямызды дамытады. Заңнан маңызды деген бір-екі бапты келтіріп өтейін. Ең алдымен, отан­дық киноөндірушілер 12% мөл­ше­рінде қосылған құн са­лы­ғынан босатылады. Мұны бір деңіз. Ал отандық киноны прокатқа шығарған прокат­тау­­­шы ком­пания мен фильмнің құ­қық иеленушілері прокаттан түскен пайдадан 20% мөлшерінде корпоративтік табыс салығынан босатылады. Құжаттың келесі тиімді тұсы осы. Яғни, бұл ұлт­тық киноға үстемдік беру де­генді білдіреді. Және елі­мізге шетелдік ірі кино­ком­панияларды тарту мақса­тын­да Еуропа, Канада және Ұлы­британия елдерінің тәжі­рибесіне сүйене отырып, 30% рибейт төлеу механизмі қарастырылған. Одан біз ұт­пасақ, ұтылмаймыз. Атал­мыш заң сөзсіз, кино саласын бір жүйеге түсіретін болады. Ақиқатын айту керек, қазір жақсы, сапалы фильм­дер түсіріліп жатыр. Бірақ соны көрерменге лайықты деңгейде жеткізе алмай отырмыз. Бізде отандық және шет­елдік прокатқа шығу, тара­ту мәселесі тұралап тұр. Жо­ғарыда заңнан келтірген мысалдар негізінен осы м­әсе­лені шешуден туындай­ды. Жақында ғана Канн кино­фестивалі аясындағы кино­нарыққа қатыстым. Ол – киногерлерге зор мүмкіндік бере­тін кәсіби алаң. Осындай алаңдарға көп көңіл бөлу керек. Онда жалпақ тілмен айтқанда, әлемнің түкпір-түкпірінен кино саудагерлері жиналады. Әр елдің павильо­нына кино сатып алу немесе оны тарату мақсатында кіреді. Және ондай агенттер кез келген елдің павильонына кіре бермейді. Яғни, отан­дық мамандар соларды павильонымызға тарту үшін көп жұмыс істеуі керек. Ал бізде өкінішке қарай, кино сату мен тарату саласында кәсіби мамандар жоқтың қасы. Келесі жылы Канн ки­нонарығына мықтап дайын­далып баруды қазірден бас­тап қолға алу қажет. Ол жағынан Жапония, Корея се­кілді елдерден үлгі алсақ, ұтылмаймыз.

– Ұлттық киноға қолдау мемлекеттік орталығы ашыл­­ды. Киногерлер ара­сын­­­дағы алғашқы кино­бай­қау жарияланды. Оған қа­ты­сасыз ба және не күтесіз?

– Заң жобасы дайындалып жатқанда «Кино қоры ашылсын» деген ұсыныс айт­тық. Ол кейін «Киноны қолдау орталығы» болып өз жұмысын бастады. Өте қуа­ныштымыз. Жақында ғана Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында алғашқы байқауға ұсыным бергендердің қаты­суымен ашық қорғау өтті. Оған мен де қатыстым. Әр­қай­сысымызға уақыт бө­ліп, жобамызды қорғап шы­ғуға мүмкіндік жасады. Орталықтың бастамасы құп­тарлық деп ойлаймын.

– Режиссер ретінде сіз авторлық кино түсірумен таныл­дыңыз. «Қаладан келген қыз», «Сталинге сый­лық» фильмдеріңіз жекелеген кішкентай оқиғаларды баяндап-ақ, жүректі сұмдық бір толқыныс, тебіреніске түсіретін еді. Авторлық фильм­ге қайта оралғыңыз ке­ле ме?

– Бұл сұрақ мені де көптен бері толғандырып жүр. Суреткер ретінде өзімнің фильмімді жасағым келеді. Биыл бастап жатқан жобам авторлық кино болады деген ойдамын. Ол фильм туралы нақты ештеңе айтқым келмейді. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шетелдік компаниялармен бірлесіп түсіру жоспарда бар. Уақыты келгенде барлық ақ­паратты білетін боласыздар. Әзірге құпия бола тұрсын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Айнұр ИСАЕВА,

журналист