Руханият • 05 Шілде, 2019

Жорғасы сөздің Жарасбай

801 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы, белді қайрат­кер Жарасбай Сүлейменов «Шын­ның жүзі» дейтін сыр-сұх­баттар, мәдени-танымдық мақалалар, депутаттық сауалдар топ­тастырылған жинағының аң­датпасында «Жүрегіме жүгіндім, халқыма, еліме титтей де болса пайдам тиер ме екен деген мақ­­саттың жетегінде жүрдім» деп, шынайы болмысын, ақиқат көзқарасын, рухани ішкі ой мәдениетін мәлімдей сөз бастапты.

Жорғасы сөздің Жарасбай

Бізде ендеше жазушының өне­­геге толы өмірбаянына тоқ­талып отырмай, бірден оның әдеби-шығармашылық еңбе­гіне ойысқанды жөн көрдік. Мақсаткер зиялы екендігін өзінің көсемсөздерінде халықтың, за­ман­ның, қоғамның көкейкесті мә­селелерінің мәнісін ақыл кө­зі­мен, ой безбенімен саралап, тарихи әділеттілік жолында, ұлттық құндылықтарды жаң­ғырту-жаңарту ісінде ерекше құш­тарлық, айрықша іңкәрлік та­нытады. Сөз бен істің жарасымды тұтастығын, ел мұратын, «Баба тілім – Бал тілім! «Ана тілім – Алтыным!» деп Сабыр Адай айтқандай, мемлекеттік тілдің мәртебесін, кемел келе­шегін, өркендетудің өрісті жолын пайымдайды. Бұл орайда «Мылтықсыз майдан немесе Қызылжар үшін күрес» дейтін байыптамасында «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген халықтың қағидатын барынша ой-толғам­дарының беломыртқасына балап, отаршылдық саясаттың зоба­лаңынан бұрмаланған ба­йыр­ғы ел-жер атауларын қай­тару, сөйтіп ұлттық ой-сана­мыз­­ды жарықтандыру, ең негіз­гі таным-түсініктерімізді тіріл­тіп тереңдету, Жарасбай Сүлей­ме­нов­тің көрсетуінше, «елтануға жетелейтін ақ жол» дейді.

Қаламгердің жан-жүрегін, ой дүниесін ұлтжандылық билеп, «Тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы керек», «Тарихи атаудан ажырау – ұлттың тарихына балта шабады» дейтін мақалаларында осы бір ұлт тарихындағы ардақты шаһардың Қызылжар деп аталу тарихына тоқталады. 1925 жылы ресми түрде «Правда» газетінде Петропавлдың «Қызылжар» бол­ғандығы туралы мәлімет болған. Нақтылап айтқанда, 1925 жылдың 25 шілдесінде Ақ­мола губерниялық атқару коми­тетінің Президиумы осы қаланы «Қызылжар» деп атау турасында шешім қабылдап, Қазақ Республикасы Атқару ко­ми­теті мақұлдаған. Құжаттың түпнұсқасы Мәскеудегі ВЦИК-ке жіберілген. Шынында, автор­дың дерегіне жүгінсек, академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында «Бұл қа­ланың «Қызылжар» деп аталатын себебі – Есіл өзенінің то­пырағы қызғылт түсті жарына ор­нағандықтан екенін білеміз» деп жазған-ды.

Ал археологияның мәліметі бойынша, Солтүстік Мұзды мұ­хит­тың суынан осы бір жар қа­бақ пайда болған. Сонымен қоса Сәбең 1940 жылдың 7 наурызында жазылған «Письмо жителям Петропавловска!» деген хатында Қызылжар хақында мол деректерді өрбіте отырып, «Қы­зыл­жар» романын бастадым дейді.

Сондай-ақ 1935 жылы Мәжит Дәулетбаевтың «Қызылжар» романы жарияланған еді.

Сөз жоқ, қазақ тарихында Қызылжар атауының төркіні тым әріде екендігі мәлім. Қашанда «жақсының ісі – жария!».

Көсемсөзші Ж.Сүлейменов «Шынның жүзі» кітабында заман­ның сөзін сөйлейді. Мысалы, тұл­ғатану (Смағұл Сәдуақасов, Жұмабек Тәшенов тұлғасы), руханият (Қожаберген жырау, Шал ақын, Үкілі Ыбырай мұрасы), ұлт тағдыры, баспасөз, білім беру, денсаулық сақтау, ілеспе аударманы дамыту, қос азаматтық, қазақ мектебінің жағдайы, қытай ойын­шықтарының залалы, балалар колониясының жайы (олар колония ішінде атасының ауылына демалысқа келгендей, «шыбық басын сындырмайды­ екен»), Алаш қозғалысы және өзге де мәсе­лелердің мәнісі зерде­ленеді.

Ел өмірінің жіті бақылаушысы, нені болсын әділет тұрғысынан бағамдайтын «ауыл академигі» (Кәкімбек Салықовтың бағасы) Жарасбай мырза: «Ауыл – қазақ руханиятының, мәдениетінің, дәстүрлі шаруашылықтың қай­нар көзі, қазақтың жаны мен жү­ре­гі, ұлттың ұйысуына қажетті құндылықтар шоғырланған жер» – деп толғайды. Және де қазақ ауылдарының азғын-тоз­ғын күйіне күйзелген автор ең болмағанда Ақан серінің ауылын сақтау, дамыту жөн болар еді дейді. Бұдан мына­дай пікір өрбітуге болады. Рес­публика кө­ле­мінде ұлылар шық­қан ауыл­дарды сақтап қалсақ, иман-әдеп деген осы болар еді-ау! Оның «Ауылдан көшпе, ағайын!» деуінің сыры да осында.

«Шынның жүзінде» қаны сор­ғалаған қоғам шындығы, за­ман дерті, қолдан жасаған «тажал­дық әрекеттер», ха­лық тағдырын ойыншыққа ай­нал­дырушылық, ғасырлық тәжіри­белерді жаһандануды сылтау етіп жоққа шығарушылық, ұлт­қа, ұрпаққа, болашаққа опа­сыз­дық, Ұлы дала игіліктерін ел кәдесіне жаратпаушылық әш­кереленеді. Ж.Сүлейменов өз ойын ұлы кемеңгерлердің ке­ліс­ті тұжырымдарымен, тәм­сіл­дерімен тұздықтап отырады. Мысалы, Конфуцийдің: «Өзгеріс желі соққанда ақымақ адам желден қалқан болар қорғаныш тұрғызады, ал ақылды адам жел диірменін тұрғызуға кіріседі» деген даналық сөзін келтіруінде гәп бар. Ойының ар жағында ақылды, тәжірибелі, көреген жандардың бағы жанбады, «Кеселді қулар» (Абай) шегірткедей қаптап кетті дегенді меңзейді.

Ақиқат алдында ары таза, жа­ны жайсаң Жарасбай Сүлей­менов қаламгерлік қабілетімен, көркемдік ойлау шеберлігімен, ел жайлы, қоғам жайлы салиқалы ой өрбітетіндігімен де мәлім. Оның «Көмескі із» повесі мен «Кәсіпкердің өлімі», «Көгілдір мазда», «Мезгілсіз атылған мыл­­тық», «Бір қап ақша», «Ала биенің әлегі», «Қақпан» дейтін әңгімелеріндегі қоғам өмірі, адамдар қарым-қатынасындағы көріксіз көріністер: нақақтан кісі өлтірушілік, жауыздық, ұр­лық, парақорлық, нашақорлық, іш­мерездік көркем шығармаға тән әдіс-тәсілдермен шынайы сипатталады.

Жазушы Ж.Сүлейменов «Емен­­нің иір бұтағы» дейтін по­­весінде нарық заманындағы халық өмірінің, ел тұрмысының хал-ахуалын оқырманның қан тамырларын солқылдата баяндайды. Шығарманың құлақ күйінің өзі нарықтың қаталдығын танытады: «Сыртта боран ұйытқып тұр. Бүгін 4-ші күн. Боран болғанда да, кәдімгі жынды боран аш қасқырдай ұлып, ышқына соғып терезені сабалағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Алқа-қотан отырған ауылды жұтып қойғандай». Осы бір суреттен-ақ қазақ ауылының отынсыз, жа­рықсыз, мәдениет ошағынсыз, пош­тасыз қалғанынан хабардарсыз. Бұрынғы дәулет, сәулет, әулет жоқ. Қайшылықтар шаш-етектен: жекешелендіру, мал сату, айырбастау, жұмыссыздық, араққа үйірлік, енжарлық.

Автор «Еменнің иір бұта­ғы» атты туындысында нарық жағ­дайын­дағы ауылдың мо­ральдық-пси­хологиялық және­ әлеуметтік жағ­даяттары шын­шыл­дықпен көр­сетіледі.

Ж.Сүлейменовтің әңгімеле­рінде ел суреттері айқын да қанық бояулармен, барынша көр­кемдік қуатпен нанымды жыр­ланады. Айталық, «Туған үй­дің түтіні» әңгімесінде ата­жұртқа дейтін ілтипаті мәңгілік сағыныш, қимастық сезім, төтенше құштарлық баяндалады. Ал «Қуырдақта» соғым сою жаппай арақ ішуге, құрғақ бөсуге, дарақылыққа, рабайсыз дабыраға ұласып, иман-әдеп, салт-дәстүрдің бір шарты-омыртқа берудің зым-зия, жым-жылас болғанын шеберлікпен жеткізеді. «Бүкір шал» әңгімесі намыс толғауы іспетті. Әсіресе Жарасбайдың әңгімешілдігі «Аллергияда» әсерлі көрініс тапқан. Әңгіменің арқауы – Айман қонақүйге бас сұққан бетте-ақ мөңкиді, «қызыл көрген күркетауық сияқты көзі шатынап, беті жыбырлап, астан-кестен болады» деп жазады. Қызметтен келген бетте «киім ілгішті бір сүзіп өтеді». Бөтен киім көзіне түссе, әп-сәтте түпкі бөлмеге зып береді. Қазақ боп туса да қонақ кел­меген үйге періште жоламайды деген ұғым-түсінік мүлде жоқ. Қонақ келсе басының сақинасы ұстайтынын қызықты етіп көрсетуі – жазушының көр­кемдік логикасын танытады.

Сонымен қатар «Дауасыз дерт­те» парақорлық, «Жалғыздық үнін­де» замана зары, «Іштегі қазақ­тарда» бейбауырмалдық, «Айлы түнде» сүйіспеншілік мәнісі көрсетіледі.

Ж.Сүлейменовтің «Дала-бе­­сік» дейтін еңбегінде Алты Алаш­­қа аты мәшһүр көсем қол­бас­шылар, дүлдүл ділмарлар, сал-серілер өмірі, халыққа қыз­меті, тағдыр-талайы, даналық өнегесі сирек тарихи-мәдени де­рек­тер негізінде баяндалған. Ай­талық, тарихи-танымдық мәні зор «Сырымбет» эссесінде ұлы оқымысты Шоқан Уәлиханов құбылысын саралау мақсатында Г.Н.Потаниннің, Н.М.Ядрин­цевтің, Н.М.Анненскийдің, Да­­ла комиссиясының мү­ше­сі, Бас штабтың офицері А.К.Гейнстің, П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің, М.К.Юрасованың, Ф.М.Достоевскийдің, Ә.Мар­ғұ­лан­ның, С.Мұқановтың бағалы айғақ-деректеріне жү­гініп, мың қырлы ерен тұлға­ның кесек-жаратылысынан ме­йір­леніп сыр шертеді. Ұлт ру­ха­нияты тарихында жарқын із қалдырған Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Үкі­лі Ыбы­рай, Мағжан, қазақ әде­биетінің Эльбрустары Сәбит Мұ­қанов пен Ғабит Мүсірепов жайлы деректі эсселері мазмұн сыр-се­зім байлығымен қызықтырады.

Тоқетері, Ж.Сүлейменовтің шығар­машылық еңбегінің негізгі сарыны – солтүстік өңірден шық­қан халықтың, рухани кемел­денуіне орасан зор үлес қосқан ұлылардың көркем істері мен ұлық ойларымен сусындатып әң­гімелеу десек болады.

«Жақсының жүрген жері – абат» дегендей, оның берекелі, көркем істері, көкейкесті ойлары сан алуан қоғамдық қызметінде жарқын көрініс тауып отырады. Мәселен, ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыс­тық филиалының же­тек­­­­шісі, «Шапағат» қоры­ның­ ұйым­дастырушысы бол­ға­­­­нын­да, «Ой толқын», «Ой қам­­шы» авторлық телебағ­дар­­лама­ла­рын­да есесі кеткен қазақ­тың мұ­рат-мүддесін, арман-тілегін па­расат биігінен толғап жет­кізді. Академик Жа­бай­хан Әбділ­дин­нің әр ісіне, сө­зіне жауапты оны «парасатты азамат, талантты тұл­ға» деуі осыдан болса керек. Немесе:

Шындықты іздеп, тынбадың,

Шарболат мінез шыңдадың.

Майысқан жоқсың еш жерде

Ешқашан да шорт сынбадың.

Тіршілік заңын ұғынып,

Тәңірге ғана жүгініп.

Текетіресте тағдырмен

Көрген жоқ тізең бүгіліп –

деп, әділет, шыншылдық, елшіл­дік тұрғысынан Кәрібай Мұсыр­манның толғауы дәлме-дәл байсалды сипаттама.

Жазушы, жыршы-манасшы Баянғали Әлімжановтың:

Қазақ деп соққан жүрегі,

Жорғасы сөздің Жарасбай! – деп айтқанындай, Жарасбайдай жайсаң жанның жалынды жүрегі мен жаңашылдыққа бастаған қайырлы қадамдары азат елдің, абат жердің одан әрі жайнап гүл­де­нуіне соны серпін сыйлары хақ.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор