Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Туын көкте желбіретудің маңызы туралы айтты.
– Қазақстанның Туы жоғары әуелеп көтерілгенде жүрегімізді тәуелсіз еліміздің барлық жетістігіне деген мақтаныш сезімі баурап алады. Бас қаламыз қалыптасқан сәттен бастап, дамудың қазақстандық үлгісінің айқын жетістікке жеткенін көрсетіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери оқу орны түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Туын өңірде және бүкіл Жер шарында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшілік пен салиқалы саясаттың символы ретінде бүкіл әлем білетінін айтты.
– Қазіргі күрделі жаһандық ахуалда біздің ер-азаматтарымыз түрлі шиеленіс ошақтарына барып, бітімгерлік миссиясын абыроймен атқаруда. Білікті әскери қызметкер адамгершілік құндылықтарын биік ұстайтын, темірдей тәртіпті сақтайтын, табанды еңбек ететін адам болуы тиіс. Қазақстанның қауіпсіздігі – сіздердің сапалы жұмыстарыңызға тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім барысында жоғары әскери оқу орындары мен академиялардың 27 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.
Мұндай мәртебеге Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясы, Ішкі істер министрлігінің Алматы, Қарағанды, Қостанай полиция академиялары мен Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтының таңдаулы түлектері ие болды.
Осынау салтанатты шара барысында иығында су жаңа жұлдыздар жарқыраған жас лейтенанттарға да сөз берілді.
Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясының түлегі, лейтенант арнайы атағын иеленген Назгүл Қожамжарова:
«Аса мәртебелі Жоғарғы Бас қолбасшы мырза! Еңселі елорда күнінің алдында сіздің қолыңыздан осынау әскери шенді салтанатты түрде алу мен үшін үлкен қуаныш. Бүгін сіздің қолыңыздан алған офицер жұлдызшасы бізге ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, азаматтардың, әріптестеріміз бен отбасыларымыздың тыныштығын қорғауға, сондай-ақ ішкі істер органдарында қалыптасқан берік дәстүрді жалғап, Қазақстан офицерінің мәртебесін түсірмеу жолында үлкен жауапкершілік жүктейді» десе, Ұлттық ұлан әскери институтының түлегі, лейтенант арнайы атағының иегері Абылай Тоқтан:
«Мен үшін бүгінгі күн – ерекше қуанышты күн. Елордамыздың мерекесінде салтанатты түрде әскери шен алу әрбір сарбаздың арманы деп білемін. Елорда – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен еліміздің тәуелсіздік жолында атқарған оң істерінің мазмұнымен өрнектелген кестесі. Елордамыз күннен-күнге өзгеріп, дамып келеді. Біз, Қазақстанның жас офицерлері Жастар жылы аясында жоғары оқу орнын аяқтап, бар күш-жігерімізді егемен еліміздің дамуына және әскери күштеріміздің қатарын нығайтуға жұмсаймыз деп сендіреміз», деді.
Мұнан соң жоғарыда аталған оқу орындарының курсанттары сап түзеп, көпшілік алдынан кернейлетіп жүріп өтті.
Соңында Қ.Тоқаев барлық қатысушыларды келе жатқан астана күнімен құттықтап, Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.