Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!

785 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасының басшылығымен экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де сенімді саясаты Қазақстанда заманауи, қабілетті, тиімділігі жоғары, ұтқыр Қарулы Күштерді қалыптастырды.

Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!

Еңсерілген күрделі міндеттер

Тәуелсіздік алған алғашқы сәттерде ел алдында өте маңызды міндет тұрды, ол – жас мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығының сақталуын қамтамасыз етуге қабілетті Қарулы Күштерді құру. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің ресми тарихы 1992 жылғы 7 мамырда – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Президент Жарлығы шыққан күні басталды. Қарулы Күштерді құру Қазақстан аумағында орналасқан 40-шы жеке Қызыл Тулы жалпы әскери армия, сондай-ақ әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері базасында жүзеге асырылды.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін алғашқылардың бірі болып ішкі тәр­тіп­ті қамтамасыз ету үшін ел Пре­зи­ден­тінің шешімімен 1992 жылғы 10 қаң­тарда Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері, сол жылдың 18 тамызын­да бұ­рынғы КСРО-ның Шығыс шека­ралық ок­ругінің базасында Шекара әс­кер­лері құрылды. Ауыр жағдайларға қара­мас­тан, Елбасы басшылығымен қыс­қа мер­зімде әскерлерді басқару жүйе­сін құру, қазақстандық әскерді қар­жылық, материалдық-техникалық және меди­ци­налық қамтамасыз етуді жолға қою мүмкін болды.


Кез келген әскер заңнамалық не­гіз­дерді қабылдауды талап етеді. Қазақ­стан­ның бірінші Әскери доктри­насын Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жыл­ғы 
11 ақпанда бекітті. Ол елдің бей­бітсүйгіш сыртқы саясатын көрсе­тіп, қорғаныс сипатында болды. Қор­ғанысты ұйымдастыру принциптерін, мемлекеттік билік және басқару орган­дарының өкілеттіктерін бекітуге, сондай-ақ Қарулы Күштердің мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жал­пы жүйесіндегі рөлін, орнын және мін­дет­терін анықтауға 1993 жылғы 
9 сәуір­дегі «Қазақстан Республикасының қор­ғанысы және Қарулы күштері туралы» Заң көмектесті.


Бастапқы кезеңде әскери білім беру жүйесін құрудың басты міндеті әске­ри-оқу орындарының жеке желі­сін қалыптастыру, оқытуды ұйым­дас­тырудың оңтайлы моделін іздеу болды. Армия кәсіби кадрларды қажет етті. Ол кезде Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесінің бастығы болдым. Сондықтан әскери мамандарды даярлау қажеттілігі мен проблемалары туралы жақсы хабардар едім.

Офицерлік құрамды дайындау үшін арнайы курстар мен экстернаттар ашылды. Осы мәселені Алматы жоғары әс­кери училищесі мен 1994 жылы Ақ­төбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесінің әскери кафедрасының негізінде құрылған әскери-әуе күштері факультеті шешті. Осы мәселелермен Елбасының тікелей өзі айналысқанын мақтаныш сезіммен еске алуға болады.



Әскери кадрлардың әлеуеті


Тәуелсіз Қазақстан әскерінің құ­рылуы кезінде офицерлердің штаттық санынан тек 40-45 пайыз ғана қалғанын естеріңізге сала кетейін. Сонымен бірге әскерлердің жауынгерлік дайындығына және әскерлердегі құқықтық тәртіпті нығайтуға офицерлік кадрлардың өз тарихи отанына кетіп, тұрақтамауы елеулі залал келтірді.

Сол кезде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев табысты ұлттық әскери ғылыми базаны құру және дамыту үшін әскери мамандарды даярлаудың өзек­тілігіне назар аударды. Сол кезде әскери кадр­ларды И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесі екі мамандық бойынша ғана дайындады, әрине бұл Қарулы Күш­тердің қажеттілігін қамтамасыз етпеді. Бұл проблеманы шешу мүддесінде училище офицер кадрларын даярлаудың көпбейінді жүйесіне ауыстырылды. Мұндай жауапты кезеңде Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбас­шы­сының міндеттерін іске асыру бойын­ша күрделі жұмыс маған сеніп тапсырылды.

Қорғаныс министрлігі 1993 жылдан бастап жоғары оқу орнын кеңейту туралы шешім қабылдады. Училище төрт мамандық бойынша кадрлар даярлай бас­тады, ал 1994 жылдан бастап оқу орны көпбейінді болып, офицерлерді он бір әскери мамандық бойынша даярлауға кірісті. 1997 жылғы ақпанда Алматы жоғары әскери училищесі – Әскери академияға, содан кейін Ұлт­тық қорғаныс университетіне айналды. Ұжыммен әскери кадрлардың білім сапасын арттыру бойынша реформалар жүргіздік. Бұл кезең мен үшін 1997 жылдан 2002 жылға дейін әскери академияны басқарғаныма орай есте қалды.

1996 жылы Қорғаныс министрлігінің жанынан кіші командирлер даярлау үшін Кадет корпусы құрылды, 1999 жылы 8-11 сыныптар үшін мектеп бағдарламасының пәндерімен қатар әскери пәндерді меңгертетін С.Нұр­мағамбетов атындағы «Жас Ұлан» әскери мектебі ашылды.

«Қазақстан Республикасының Қа­рулы Күштерін реформалау туралы» 1997 жылғы 17 қарашадағы Жарлығымен Н.Назарбаев Қарулы Күштердің құрылымын заманауи жағдайда армия өз функцияларын бейбіт уақытта да, ерекше кезеңде де тең табыспен орындай алатындай етіп қайта құрды. Яғни, Жалпы мақсаттағы күштер, Әуе қорғанысы күштері және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері құрылды.

1998 жылғы 26 маусымда «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңға қол қойылды. Ол республиканың жаңа кезеңдегі ұлттық мүдделерін, оларды қорғау принциптерін және қауіпсіздікке төнетін негізгі қатерді анықтады. Соңғылары шекараларымызға жақын орналасқан тұрақты әскери шиеленіспен байланыс­ты болды. Сол кезде Ауғанстандағы со­ғыс жағдайы ерекше өзекті еді.

1999 жылғы желтоқсанда Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында Қазақ­стан­ның ұлттық қауіпсіздігінің 1999-2005 жылдарға арналған стратегиясы ұсы­нылды. Бұл құжатта өңірдегі жағдайға терең талдау жасала отырып, елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені қарастырылды.

Қазақстан Қарулы Күштерін қар­жы­ландырудың нақты ұлғаюы 2000 жылы басталды. Экономикалық өсу қорғаныс бюджетін қаржыландыруға оң әсер етті, ол жылдан-жылға ұлғайып, ішкі жалпы өнімнің бір пайызын құрады. Осы кезеңде әскери округтерді құру басталды. 2002 жылға дейінгі кезеңді қамтыған Әскери құрылыстың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңінде Қарулы Күштердің құрылымы оңтайландырылды, құрамына «Қазбат» бітімгершілік батальоны кірген ұтқыр күштер қалыптастырылды. 2006 жылы оның базасында «Қазбриг» бригадасы құрылды. Оңтүстік, Шығыс, Орталық және Батыс әскери округтерін жинақтау және қалыптастыру кезінде аумақтық принципіне көшу жалғастырылды.


Қазақстан армиясын кәсібилендіру

Елдің қорғаныс саласын дамытудың жаңа кезеңі 2003 жылғы 7 мамырда қол қойылған «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президенттің Жарлығы болды. Бас штабтың базасында Штаб бастық­тарының комитеті құрылды. Қарулы Күштердің үш түрлі құрылымына – Құрлықтағы әскерге, Әуе қорғанысы күштеріне, Әскери-теңіз күштеріне көшу жүзеге асырылды. Ұтқыр күштер негізінде Аэроұтқыр әскерлері – Жоғарғы Бас қолбасшының резерві қалыптасты. Басқаруды арттыру үшін әскери округтер «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік», «Астана» өңірлік қолбасшылықтары болып қайта жасақталды.

Әскери академия базасында Шортанды қаласында Ұлттық қорғаныс университеті ашылды. Әскери-оқу орындары әралуандық қағидаты бойынша қайта құрылды: Құрлық әскерлері институты (Алматы), Әуе қорғанысы күштері институты (Ақтөбе), Әскери-теңіз күштері институты (Ақтау). 2014 жылғы шілдеде кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және әскери ғылымды дамыту үшін жағдай жасау мақсатында елордада Ұлттық қорғаныс университеті ашылды. Қарулы күштерді түрлендірудің басты бағыты әскерді кәсібилендіру болды. Жинақтаудың аралас принципіне кезең-кезеңмен көшу басталды. Кәсіби сержанттар институты пайда болды.

2005 жылғы маусымда «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заң қабылданды, ол әскери қыз­меттің жаңа мерзімдерін анықтады: мер­зімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін – 12 ай, запастағы офицерлер үшін – 24 ай. 2006 жылы Қарулы Күш­терді 2010 жылға дейінгі кезеңге дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. 2007 жылы жаңа Әскери доктрина бекітілді, ол терроризм, экстремизм, заңсыз бандалық құрылымдар алға тартып отырған қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне жауап берді.

Тәуелсіздік жылдары әскери кадр­ларды даярлаудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Әскери білім үш деңгейлі Болон жүйесі: бакалавриат, магистратура, докторантура (PhD) негізінде жұмыс істейді.

Бүгін біз қазақстандық әскери ғы­лымды дамытудағы оң өзгерістерді атап кете аламыз. Қарулы Күштерде ғылыми-педагогикалық және ғылыми қызметпен негізінен елімізде дайындалған 50-ден астам ғылым докторы, ғылым кандидаты, 20-дан астам философия докторы айналысады. Қазақстан армиясы құрылған кезде тек бір ғана әскери ғылым кандидаты болған. «Қазақстан Республикасының Әскери ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды, ол әскери ғылымды дамытуға жан-жақты жәрдем көрсетеді, неғұрлым маңызды және перспективалы әскери-ғылыми зерттеулер мен әскери-техникалық әзірлемелерді іске асыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта Әскери ғылымдар академиясы еліміздің барлық жетекші әскери ғалымдарын біріктіруде.


Бейбітшілік туын желбіреткен жауынгерлер

Еліміздің бітімгершілік қызметінің тарихы 20 жылға жуықтайды. Осы уақыт ішінде қазақстандық әскери қыз­метшілер әлемнің әр түкпіріндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысты. 2015 жылғы 15 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» Заңға қол қойды. Сол кезден бастап Қазақстан Қарулы Күштері ұлттық контингентінің әлемдегі бітімгершілік операцияларына қатысуын реттеуде мемлекеттің нақты міндеттері мен құзыреті анықталды.

Отандық бітімгершілік қызметінің тарихы қазақстандық бітімгершілік батальонын құрудан бастау алады. «Қазбат» Қазақстан Президентінің 2000 жылғы 31 қаңтардағы Өкіміне сәйкес және Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік операцияларындағы іс-қимылдарға дайындығын қамтамасыз ету туралы нұсқауларын орындау мақ­сат­ында құрылды. 2003 жылы Қазақ­стан Ирактағы тұрақтандыру күштері­нің құрамында бітімгершілік қызме­тіне қатысу үшін қазақстандық «Қазбат» бітімгершілік батальонының инженер­лік-саперлік бөлімшесін жіберді. Б­і­тім­гершілік қызметі кезеңінде 9 ротация жүр­гізілді, онда коалициялық күштер құра­мында Қазақстан армиясының 290 әскери қызметшісі қатысты. Кон­тингенттің негізгі міндеттері жарылмаған оқ-дәрілерді іздеу және жою, далалық сумен жабдықтау пункттерін жабдықтау, суды тазарту және медициналық көмек көрсету болды.

Ирактағы миссия басталғаннан бері батальон жарылу қаупі бар 4 миллион затты жойып, 6 718 текше метр суды та­зарт­ты. 2005 жылдан бастап тәжірибе алма­су аясында Қазақстан Қарулы Күш­терінің нұсқаушылары Ирактың әске­ри академиясының 572 курсантын сапер ісіне оқытты. Қазақстандық әске­ри дәрігерлер америкалық «Дельта» база­сының медициналық тобына үнемі тартылды, онда 5000-нан астам жергілікті халық пен коалиция өкілдеріне – негізінен террористік шабуылдардан зардап шеккен әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетілді.

Ирактың басшылығы, коалиция бо­йынша серіктестер Қазақстанға үлкен ризашылықтарын білдірді, өйткені еліміз 2003 жылғы 19 тамыздан бас­тап «Ирак еркіндігі» операциясына қатысты және барлық қиындықтар мен дағдарыстық жағдайларға қарамастан, өзінің одақтастық борышына адал болды. Коалицияның жетекші мемлекеттерінің саяси көшбасшылары Қазақстанның Ирактағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіне бірнеше рет жоғары баға берді.



Әскеріміздің дамуына Елбасының қосқан үлесі зор


Осылайша Тұңғыш Президенттің тікелей қатысуымен және оның пайымдауына сәйкес қазақстандық Қарулы Күштердің, сондай-ақ әлемдік және өңірлік жағдайдың өзгеру үрдістеріне сәйкес тәуелсіз Қазақстанның әске­ри білім беру жүйесі шеңберінде тәр­бие­ленген жоғары білікті мамандары бар, әскери қабілетті, жақсы жабдықталған, жи­нақы армия құрылды. Сонымен қатар Елбасының халықаралық ынтымақ­тастықты дамытуға қосқан үлесін атап өткен жөн. 1993 жылы қазақстандық әс­кери қызметшілерді Ресей, АҚШ, Түр­кия, Қытай және басқа елдердің әске­ри-оқу орындарында оқытуға баста­ма­шылық жасады. Ал бүгін Қазақ­станның әскери-оқу орындарында Қыр­ғызстаннан, Тәжікстаннан, Арме­ниядан келген тың­дау­шылар білім алуда.

Бүгінде әскери білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық мем­ле­кеттің көпвекторлы саясатын толық көр­сетеді – бұл НАТО-мен әріптестік, ҰҚШҰ-ға мү­­ше мемлекеттермен көп­жақты не­гіз­де өза­ра іс-қимыл, ТМД елдерімен ынты­мақ­­тастық, «Бейбітшілік жолындағы әріп­­тес­тік» бағдарламасы бойынша өзара іс-қимыл.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан­ның қорғаныс бюджеті ұдайы өсті: егер 1993 жылы ол 8 млрд теңгені құраса, 2018 жылы 487 млрд-тан астам теңгені құрады.

Елдің әскери-өнеркәсіптік кешені тікұшақтарды, әскери оптиканы, радиолокация және радиоэлектрондық күрес жүйелерін құрастыруды жүзеге асырды, авиа және бронетехниканы жөндеуді ретке келтірді. 2012 жылғы мамырда «Қа­зақстан» зымыран-артиллериялық кемесі суға түсірілді.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Н.Ә.Назарбаев шекаралардың мызғы­мас­тығына және мемлекеттің әскери қауіп­сіздігіне қатысы бар басты инсти­тут­тардың бірі ұлттық Қарулы Күштер екенін атап өтті. XX ғасырдың аяғын­дағы күрделі халықаралық жағдай ел басшылығын оның қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше мән беруге міндеттеді.

Тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейін біздің армиямыздың қалып­тасу хронологиясы – бұл ел тарихының шежіресі. Біздің мемлекетіміз бен экономикамыз үшін күрделі кезеңде жүзеге асырылған әскери саладағы құрылымдық өзгерістер еліміздің заманауи, жинақы жоғары мобильді, жақсы жарақталған және әскери қабілетті Қарулы күштер үшін берік негіз қалауға мүмкіндік берді.

Осының бәрі әскери істің түрлі салалары бойынша даярлаудың толық циклін қамтитын, әскери білім берудің қазақстандық моделін құру бойынша Елбасының сарабдал, сындарлы саясатының арқасында мүмкін болды.

Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшының қойған міндеттерін кез келген жағдайда орындауға қабілетті әрі еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің сенімді кепілі.


Абай ТАСБОЛАТОВ,

генерал-лейтенант, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі