Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Елорданың экономикалық әлеуеті

936 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Тақ келген жерге бақ келеді» деген ақынның тегеурінді теңеуіне мысал іздегенде, тіл ұшына елордамыз оралары хақ! Ширек ғасырға жетпейтін уақыт ішінде ауқымы айтарлықтай ұлғайып, абыройы алты құрлыққа жеткені бас қаланың бағы емей немене?! Нұр-Сұлтан астана мәртебесін иеленген кезеңнен бастап оған елдің әкімшілік басқару, мәдени-рухани орталығы ғана емес, экономикалық локомотиві болу сынды маңызды миссия жүктелген болатын. 21 жыл ішінде қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қалай өзгерді?

Елорданың экономикалық әлеуеті

Алты алаштың айдарынан жел естірген Нұр-Сұлтан қаласы өткен 21 жылдың ішінде шағын қалашықтан Қазақстанның мо­йын­далған елордасына дейінгі даму жолынан өтті. Халқы жиырма бір жыл ішінде 3 есе көбей­ді. Бүгінде елордада еліміздің әкім­шілік және іскерлік орта­лықтары шоғырланған, ауқымды экономикалық, ғылыми-тех­ни­калық және әлеуметтік мәсе­ле­лер шешілуде. Машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімі сала­ларын­дағы ірі жобалар іске асырылып жатыр. Қызмет көрсету саласы, ин­женерлік және әлеуметтік ин­­фра­құрылым кеңейіп, он мың­даған жұмыс орындары құрылды.

Қалаға салынған жалпы ин­вестиция 50 есе, шаһар территориясы 3 есе ұл­ғай­ған. Хал­қы көбейіп, аумағы кеңі­ген ша­һардың экономикалық әлеуеті де жыл санап күшейіп, осы­дан 4 жыл бұрын бюджет донорына айналды. 

Соңғы 21 жылдың ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі 226 есеге өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады. Астананың адам­ басына шаққандағы ӨЖӨ көлемі 5 522,5 мың теңгені құ­рай­ды (орташа республикалық көр­сеткіш 3 261,8 мың теңге) және республика бойынша екінші орынға ие.

2018 жылы елорданың мем­лекет бюджетіне түскен түсім 80 есе артып, 1 триллион тең­геге жетіпті. Қалалық бюджетке түскен қаржының 70 пайызы республикалық бюджетке бе­ріліп, қалған 30 пайызы өз қаз­ы­насында қалатыны белгілі. Яғни, Атырау мен Маңғыстау облыстары, Алматы қаласы сияқты донор өлкелердің қата­рын­да астанамыздың да аты аталады деген сөз.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтынан алынған деректерге сүйенсек, 2018 жылы ел­ор­дада өндірілген өнеркәсіп өнім­дерінің жалпы құны 601,7 миллиард теңгені құрады. Яғни, 2017 жылғы көрсеткішпен са­лыстырғанда 6,7 пайыз өсімге қол жеткізілген. Бүгінгі таңда шаһар экономикасындағы өң­деу­ші саланың үлесі жалпы өнді­рістің 83,9 пайызына тең.

Өңдеуші өнеркәсіптегі өсімге киім шығару өндірісіндегі өсімнің 49 пайыз, машина жасаудың 11 пайыз, сусын шығару 13 пайыз, жиһаз шы­ғару­дағы өсім 0,6 пайыз, азық-түлік шығару әлеуеті 5,4 па­йыз жоғарылағаны­ның арқа­сын­да қол жеткізілді. Был­тыр қала­да шұжық өндіру көлемі  37,9 пайыз, нан өндіру 2 па­йыз, ұн және ұн тағамдарын шы­ғару 5,6 пайызға ұлғайды.

Жалпы, соңғы онжылдық елор­да экономикасы ерекше қар­қын алған кезең болды десек ар­тық емес. 2010-2018 жылдары Ин­дустрияландыру картасының аясында Нұр-Сұлтанда 237,2 мил­лиард теңге инвестиция са­лын­ған 25 ірі жоба табысты жүзе­ге асырылыпты. Соның арқа­­сын­да 3,5 мың жұмыс орны ашылған.

Өткен жылдың есебіне жү­гінсек, еліміздің ішкі жалпы өні­мін­дегі Астананың үлесі 10 па­йыз­ды құрайды. Бұл Алматы ша­һары мен Атырау облысынан ке­йін­гі үшінші орын. Қаланың өңір­лік жалпы өнімінде қызмет көр­сету мен сауда саласы басты орын алады. Алғашқысының үлесі 65 пайыздан асса, сауда сала­сына 21 пайыздан артығы тиесілі.

Жалпы, елорда республи­ка­дағы кәсіпкерлікпен айналысу­ға ең қолайлы қалалардың бірі са­­налады. Ресми дерекке жү­гінсек, биылғы жылдың басын­да қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 124 685-ке жетіпті. Яғни, кәсіпкерлік нысандарының саны былтырғымен салыстырғанда 28,2 пайызға жоғарылады деген сөз. Шағын және орта биз­несті дамытуға жасалған жағ­дайдың арқасында 342 мың адам жұмыспен қамтылған.

2018 жылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өндір­ген тауарлардың жалпы сомасы 3 498,6 миллион теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 21,9 пайызға асып түсті. Бұл да ауыз толтырып айтуға тұратын нәтиже.

Өткен жылдың қаңтар-қа­раша айларында елорданың сыртқы тауар айналымының көлемі 6 420,9 миллион долларды құрап, 2017 жылғы сәйкес ке­зең­дегі көрсеткіштен 74 па­йыз асып түсті. Атап айтқанда, экс­порт көлемі 4 911 миллион доллар болса, импорттың үлесі 1 509,7 миллион доллар. Экс­порт­тың үлесі былтыр 2 есе ұл­ға­йып, импорт керісінше бір жарым есеге жуық төмендегені байқалады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қала Төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­да ел экономикасын жаң­ғыр­туға, Қазақстанның жаһан­дық эко­номикалық кеңістікпен кірі­гуі­не орасан зор ықпалын тигі­зу­­де. Жиырма жылдан астам уа­қытта бас қалаға құйылған ин­вес­ти­ция көлемі 9 триллион теңгеден асты.

Қалалық инвестиция және кә­сіпкерлікті дамыту бас­қар­масының соңғы деректеріне жүгінсек, тек 2018 жылдың өзінде Нұр-Сұлтанға салынған ин­вес­тиция көлемі 1 триллион 57 миллиард теңгеден асып түсті. Бұл 2017 жылғы көр­сет­кіштен 100 миллиардқа, ал 2016 жылғы көрсеткіштен 200 миллиардқа жоғары. Бір айта кетерлігі, осы 1 триллион 57 миллиардтың 14 пайызы бюджеттік инвестицияның үлесі екен. Қалған бөлігі жеке компанияларға тиесілі.

Елордаға тартылған қара­жат­тағы шетелдік инвести­ция­ның үлесіне келсек, 2017 жылы ол 255,5 миллиард теңгені құрап, барлық инвестиция­ның төрттен бір бөлігін құрап­ты. Шетел­дік компаниялар­дың қаты­суымен қалада 7 ірі инвести­циялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында транс­­форматор шығаратын фран­циялық Alstom компаниясы, ме­дициналық мақсаттағы жаб­дықтар шығаратын «Eira Med» компаниясы сынды алпауыт­тар бар. «Әбу-Даби Плаза» көп­мақсатты кешенінің құры­­лысына Біріккен Араб Әмір­лік­­т­ерінің, автокөліктерге ар­нал­ған логистикалық терминал құрылысына Жапонияның компаниясы атсалысып жатыр. Осы тектес мысалдарды жиі кел­тіруге болады.

Жалпы, Нұр-Сұлтанды шетелдік капитал үшін тартым­ды қалалардың бірі деуге негіз бар. Біріншіден, тұтыну на­ры­ғы жыл санап қарқынды түр­де ұлғайып келеді. Халық саны қаншалықты тез көбейіп жат­қанын жоғарыда айтып өттік. Оған қоса, шаһар экономикалық жағы­нан белсенді, білімді қала бо­лып табылады. Еліміздегі ғы­лы­ми әлеуеттің ауқымды бөлігі елордада шоғырланған. Жұ­мыс­сыздық деңгейі басқа өңірлер­мен салыстырғанда айтарлықтай төмен – шамамен 4,5 пайыз.

Инвесторларды қызықтыра­тын таңғы бір маңызды артық­шылық – арнайы экономи­калық аймақтардың құрылғаны. Тоқсаныншы жылдардың со­ңында құрылып қойған «Ас­тана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» сынды екі бірдей арнайы экономикалық аймақ оған қатысушы компаниялар үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Мәселен, шикізат пен құрал-жабдықтарға қатысты еркін кедендік аймақ режімі ор­натылған, басқа да салық жеңілдіктері қарастырылған. Дайын инфрақұрылым, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілген, 10 жыл мерзімге те­гін жер телімін беру қарас­ты­рыл­ған. Мұның бәрі шетелдік компаниялардың жұмыс істеуі­не қолайлы ахуал туғызатыны түсінікті.

Елорда әкімдігі ұсынған дерекке жүгіне отырып, қаланың алдағы жылдардағы даму жоспарына көз жүгіртіп көрейік.

Сөз басында айтып кеткені­міздей астананың халқы есе­леп артып, миллиондық меже­ден асып түсті. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, күн сайын елорданың халқы 635 мың тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін тұтынады екен. Ал оның 22 пайызы қалада өндіріледі. 45 пайыздан астамы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарын қамтитын азық-түлік белдеуінің үлесінде.

Жылдың төрт мезгілінде Нұр-Сұлтанды көкөніспен, же­міс-жидекпен қамтамасыз ету үшін қалада «Астана Агро» ЖШС, «Астана-Агро-АА» ЖШС, «АстанаНива» ЖШС, «Кар­­топ және көкөніс» ЖШС, «Arul Communication» ЖШС, «Це­лин­сельмаш» ЖШС сынды он шақты қойма салынған. Осын­дай қоймалардың жалпы сыйы­м­дылығы 50 мың тоннадан асады.

Жалпы, сарапшылар қаланың әуелден экономикалық әлеуеті зор бол­ғанын айтады. Біріншіден, кө­лік және коммуникациялық, ло­гис­тикалық тұрғыда Нұр-Сұл­танның орны бөлек. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастап-ақ Ақмола одақты көк­тей өтіп жатқан тарам-тарам темір жол жүйесінің маңызды орталығына айнала бастағаны белгілі. Тың игеру науқанында экономикалық әлеуеті одан са­йын күшейді. Одақтың астықты өңірлерінің бірі ретінде мойындалды. Жергілікті өнім түрлері молайып, темір жол қаты­на­сы­ның қуаты артқан сайын қала­ның экономикасы, халқының әлеуметтік жағдайы да жақсара берді. Ақмола пойызбен де, авто­көлікпен де, авиация­мен де жетуге ыңғайлы қала еді, елорда ретінде таңдалуына осы фактор да ерекше ықпал етті.

Одан да әріге ой жүгіртсек, Қара­өткелдің төңірегінде көк­тем­ге салым жәрмеңке қызып, қара күзге дейін толаст­амайды екен. Әу бастан үлкен сауданың басы қосылған жер болған. Қа­зақтан шыққан алғашқы капиталистер Қосшығұловтардың әу­ле­тінің дүкен ұстаған, конди­тер­лік фабрика салып, өнімін Пе­тер­бургке дейін экспорттаған, сауда-саттықты дөңгелеткен жер.

Бір ғасыр бұрын қазақ жерін­дегі капитализмнің іргетасы қаланған шаһар бүгінде елдің әкімшілік орталығы ғана емес, экономикалық локомотивіне айналып келеді деуге негіз бар.