Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Ежелгі Есіл, ертегі қала

977 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2005 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде: «Сарыарқаға алғаш аяқ басқанымда даланың адам бойына құятын ғаламат қуатына қайран қалдым әрі оны жан-тәніммен сезіндім» деп жазса, өткен жылы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес... Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді» дейді. Соңғы жылдары зерттеушілер кең жазира қазақтың Сарыарқасын Елбасы жоғарыда атап өткен «Ұлы дала» ұғы­мы­ның кіндігі ретінде қарастырып жүр. Соның бірі – танымал қаламгер, Мемлекеттік сыйлық­тың лау­рае­ты Әнес Сарай ағамыз. Осы орайда, жазушының танымдық пайым-мақаласын ұсынып отырмыз.

Ежелгі Есіл, ертегі қала

Сарыарқа Ұлы даланың кін­дігі болғанда, Есіл, Нұра оның емшегін иітіп, таңдайын жібіт­кен кәусар бұлақтары еді. Еске тү­сіріп, көзге елестету қиын ес­те жоқ ескі замандарда осы өңір Ұлы дала перзенттерінің тал бесік, ыстық ошақ, жылы ұясы­на айналыпты. Жаңаша жыл қайы­руы­мыздан 3 мың жыл бұрын түріктің ұлы көсемі Оғыз қаған Сарыарқаны Ортағ, Кертағ деп атап, оның шалғыны тізеден көкмайса жазирасына киіз туылдырықты ақ шатырын тіктіріп, ордасының оң қапталына алтын әтеш, сол қапталына күміс әтеш ілдіріп, оң босағасына ақ қой, сол босағасына қара қой байлатып, аспан Тәңіріне қол жайып, ызғындай еліне бейбітшілік пен тыныштық тілеген. Оның ұлы күндей күркіреген Күн хан 24 тайпалы еліне таңба үлестіріп, қыс қыстау, жаз жайлауын бекі­тіп беріпті. Осының бәрі Сары­ар­қа­ның төрінде болған ақиқат.

Сарыарқа – шығыста Алтай тауларынан басталып, батыста Арапат тауына барып маңдай тіреген піл сауырлы ұзын жота. Оның топырағы сары саз, төсін­дегі қарағайлы орман да, құйқалы шүйгін шөбі де сарғыш түстеніп тұрады. Теңіздей толқыған сағы­мы да сап-сары. Осынау сырт бел­гі­сіне бола Сарыарқа атан­ған деп ойлайды бәзбіреулер. Жоқ, қасиетті ұлы жон қойын-қоны­шына сыймаған, жер асты толы алтынының, жез бен мысы­ның, қола мен мырыш, темір, шарболат неше алуан асыл тастарының демінен буланып, сары сағым боп толқиды.

Қомағайлық, сұғанақ қол, сұқ көздік осынау сарқылмас бай қазына, ырыс өлкесін титықтатты. Қазір шығар-шықпас жаны бар. Бірақ Сарыарқаның қойнауы сар­қылып біткен жоқ, келер ұрпақ­тың сыбағасы деп әріге жасыр­ғаны бар. Туған жерін анасындай аялайтын келер ұрпақпен бірге оның екінші тынысы ашыларына кәміл сенімдімін.

Міне, осы өлкеде Ұлы дала өр­кениетінің мақтанышы – қола дәуірлік Бегазы-Дандыбай мә­дени ошағы дүниеге келіпті. Бегазы-Дандыбай мәдениеті не­гізі­нен Сарыарқа теміршілері қалып­тастырған қалалық мәде­ниет. Б.з.б. 1800-1000 жылдар ара­лығын қамтиды. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 1800 жылдары Сарыарқада қала мәде­ниеті өркен жайып гүлденді дегенді бұрын естіп көріп пе еді­ңіздер? Әрине, тарихшы ғалым­дар, археологтар білді, ыңылдап-сыбырлап айтқан да болды, бірақ жар салып айғайлап айта алмады.

Қола дәуірлік Бегазы-Данды­бай мәдениеті Ұлытаудағы Еді­ге тауының батысында 1,5 шақы­рым жердегі Айбас дарасынан басталып, оңтүстік тарапта Бет­пақтың терістік жиектері – Жетіқоңыр, Тайатқан, Шұнақ, Бет­бақсу, Шажа жылғаларын, сол­түстікте Есіл, Сілеті, Дамсы, Шор­танды, Қай­рақты, Аршалы, Ерей­ментау, Өлең­ті, Шідертіні қам­­тып, шы­ғыс­та Абыралы, Шың­­ғыс­­тауға иек артады. Міне, осы­­нау қыр­лы, таулы жалпақ өңір­­де қала мәде­ниеті өркен жайған.

Олардың қалалары қатарына Кент, Бұғылы, Мыржық, Атасу, Шортанды бұлақ т.б. кенттері жатады. Қола дәуірінің ұзына бойында Сарыарқа теміршілері кен орны іргесінен елді мекен тұр­ғызғанда, оны қоршап, бе­кі­­туді білмеген. Дәлірегі, қор­шауды қажетсінбеген, шамасы Сарыарқа кеңістігінде тыныш­тық пен бейбіт өмір орын алған. Мәселен, Қарқаралыдағы Кент қала­шығының радиусы 30 шақы­рымға созылған, кеніш айналасында пайда болған Байшора, Әкімбек, Домалақтас, Найза, Нарбас, Қызылтас ауылдарымен алқақотан астасып жатыр. Мыр­жықта кен қорытатын қазан­дардың жылуымен тұрғын үй­лер­ді жылыту жүйелері болғаны таң­ғал­дырмай қоймайды. Ал Атасу кентінде қатар орналасқан алты пеш әрі кен қорытқан, әрі қысты күндері үй жылытқан.

Б.з.б. соңғы мыңжылдықта – темір дәуірі аталған кезеңде Сары­арқа теміршілері қорғасын мен қалайыны бірге балқы­тып қола қиюдан бас тартып, таза темір, алтын, мыс өндіруге ма­шық­танған. Мыс тұрмыстық бұ­йым­дарға, алтын мен күміс сән­­дік әшекейлерге жаратылса, қару-жарақтар енді темірден со­ғы­латын болды. Темірге сұра­ныс кү­шейді. Сарыарқаның темі­ріне қол жеткізем деп, парсылық Дари I Арал теңізінің терістігіне ке­ме­мен әскер төгіп, Қарақұм ар­­қы­лы жойқын жорық жасады. Әс­кері­нің тең жарымы қай­тып орал­май, сүйектері Сары­арқа жерін­де қалды. Қара теңіз жаға­лауын­да­ғы грек колониялары Сары­ар­қаға үзбей керуен жө­нел­тіп, ал­тын, күміс, жез, әсі­ресе темір өнім­дерін сатып алуға құл­шы­нысты.

Бегазы-Дандыбай тұрғын­дары келімді-кетімді жүргінші­лер­ден кенде болмады. Олардың арасында ен байлықты ебін тауып үптеп кетуден жүздері жанбайтын қарақшылар да аз емес-ті. Сұранысы мол, бағалы кен өнім­дерін өндіру – ол байлық көз­дерін қорғауды да күн тәр­тібіне қойды. Б.з.б. X ғасырдан бастап Сарыарқа тұрғындары жан-жағы орланған, бөрене қа­далармен бекітілген, сазды топы­рақпен шеменделген мықты бекі­ністі қалашықтар салуға бет бұрды. Осы кездегі қалалық мә­де­ниеттің жарқын үлгісіндей бо­лып Ұлытауда Басқамыр, Аяқ­­қамыр қалашықтары ірге көтерді. Ал өлкенің кіндік қаласы Есіл бойындағы Ақтау бекінісі еді. Қала іргесі саз балшық пен бөре­­не қадалармен бекітілген биік дуал. Ғұндар мен түрік зама­ны­ның қала мәдениетін зерттеген ту­ва­лық әйгілі зерттеуші Л.Р.Қызыласов Ақтау қаласының М.К.Хабдулина салған сызба жобасын өзінің «Городская ци­ви­ли­зация серединной и северной Азии» кітабына ен­гі­зген. Есілдегі Ақтау қаласы ту­ра­лы қытай жиһанкезі Ма Юн: «Ес­кі жі­бек жолы Алтай тауының шы­­­ғы­­­сынан өрлей келіп Альпі тауы­­­на қарай жөңкіледі. Сол ұзақ жолда жүргінші Ақтауда сәл-пәл ты­ныс­тайды» деп жаз­ған. Қа­лай дегенмен де Ақтау бекі­­нісі Есіл­дің бастапқы сағасы мен ортаңғы сағасының аралық кезеңінде. Қазір археологтар астананың ір­гесі­нен табылған ескі қаланың ор­нын әуелі Ақжол деп еді, кейін Бозоқ десті. Әрине, олардың шарт­ты атаулар екені бесенеден бел­гілі. Ол Ақжол да емес, Бозоқ та емес б.з. б. X ғасырдан белгілі Ақ­тау бекі­нісі болуы әбден ықтимал.

Б.з.б. V ғасырының авторы Геродот Бегазы-Дандыбай мә­де­ниетін жасаушылар аргипей тай­пасы деп түсінген. Атал­мыш түбірдегі пей жалғау бол­ған­да, арги түбір. Демек, тай­паның төл есімі арги болған. Оның ар­­ғын екеніне шәк келті­руге се­беп жоқ. Қытайдың «Хоу­хан­­шу» (Кіші Ханнама) Қаңлы мем­­ле­ке­ті туралы баянында, қаң­­лы­­лар­дың терістігінде, яки Сары­­арқа ай­ма­ғында «Янь бек­тігі» барын, олар­дың қаңлыға бағы­нып, аң тері­лерімен салық төлеп тұра­ты­нын куә­ландырған. Осын­дағы Янь атауы – қытай тілін­де күміс түс­тес жылтыраған ақ дегенді біл­ді­реді. XI ғасыр қа­ламгері Мах­мұд Қаш­қари зама­нында ар­ғын­дар­­дың екі тілде бір­дей – өз ті­лдерін­де және түр­кі ті­лінде сөй­леген­дері атап көр­се­тіл­ген. Бұ­рынғы ар­ғын­дар қай тілде сөй­леген? Әлбетте сақ тілінің тохар диалектісінде. Ендеше тохар диалек­тісінде ақ дегенді арқа дейді. Демек, қытай жылнамасы «Хоухан­шу» атап көрсеткен «Янь бекті­гі» басқа емес «Арқа бектігі». Оның ор­талығы Есіл өзе­нінде болған, Есіл­дегі ежелгі Ақ­тау бекі­нісі шет­ел­діктер аузында қате әліп­телген Арқа қаласы болуы әбден мүмкін.

Орыс отаршылары XIX ғасырдың басында Есілден ояз ашпақ болып, ояздың орталық қаласының орнын белгілеу үшін экспедиция шығарған. 1816 жылы жүргізілген экспедицияға Шангин, Набоковтар қатысқан. Нұра бойындағы Бытығай әлде Татығай қаласының орнына кезігіп, төбелері опырылғанмен, қабырғалары тіп-тік, қызыл кір­­піштен қаланған айлапат ғи­ма­раттарды көріп, таңғалыс­қан. Сол жерге болашақ ояз­дың кіндік қаласының қазығын қағуға көңілдері ауған. Нұраның жиегінде ақ күмбез айналаға көрік беріп тұр еді. Сол ғажап күм­бездің әсерінде болған шол­ғын­шылар болашақ уездік қала­ның атын Ақмола атауға пәтуаласып, қағаз бетіне Ақмола атауы ал­ғаш сызылған. Сол орынның қыс­­қы ауа райын бақылауға қал­­ды­рып кеткен адамдар қар ері­генде телегей қарғын судың қор­­шауында қалып, су тартылып, жер кепкенше Нұра бойы­нан адым аттап шыға алмай бір ж­а­рым ай жіпсіз байланған әбі­гер­ді бастан өткерген. Нұра бо­йы жол қатынасына қиын бо­латы­нына көздері жетіп, қала ор­ны­нын Есілдің жағасынан таң­дауға мәжбүр болған. Қазіргі оң жа­ға­лаудың «Астана» концерт залы тұрған жері аты жоқ сары саз­д­ы дөңгелек төбе екен де, оң жақ ылдиы ат жүзіп, түйе аяқтап өте­тін өткел екен. Жергілікті тұр­ғын­дар оны Қараөткел атаған. Сол өт­кел­дің атымен қала алғаш­қыда Қараөткел атанды. Ал Есіл мен Нұра арасы ертеден-ақ Ақмола алқабы делініп жүрген­діктен, тұра келе Ақмола болып қалыптасқан.

Ақмола бастапқыда бекініс ретінде дүниеге келді де оның іргесінде қазақ ауылы пайда болды. 1837 жылы Кенесары қаланы ат қойған атойлы шабуылмен алып, біраз жерін өртеп жіберді.

Содан кейін Ақмола елеулі сілкініске ұшыраған жоқ. Тек ауық-ауық аты өзгеріп тұрды: Қараөткел, Ақмола, Целиноград, қайтадан Ақмола, Астана, енді міне Нұр-Сұлтан атына ие боп отыр. Ол атаулардың астарында тарихи себептер жатқаны айтпаса да түсінікті. Ең бастысы, кешегі Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтанның бірі өткенімізбен ұштасып жатса, екіншісі – бүгінгі егемен дәуіріміздің айшықты айғағы. Көкпен таласқан көгілдір күмбездерімен ертегі қала жасыл жазира, ерке Есіл өңірін өзгеше кейіпке бөлеп, аялы ала­қанда тербетіп тұрғандай.

 

Әнес САРАЙ, 
жазушы