Аймақтар • 06 Шілде, 2019

Қазақ ауылын дәріптеген жоба

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Жамбыл облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы ортағасырлық «Төрткүл» керуен сарай кешенінде «Көне Тараз шеберлерінің қалашығы» атты этножобасы қолға алынған болатын. Аталған бастама көне шаһарда Елорда күніне орай ары қарай жалғасын тауып, тараздық тұрғындарды «Төрткүл» кешеніне тағы да шақырды.

Қазақ ауылын дәріптеген жоба

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұнда «Қазақ ауылы» этножобасы құрылып, көне Тараз дәстүрін, көшпенділердің бірегей, жарқын және айқын мәдениетін, өткен тарихын жаңғырту мақсатында көпшілікке терең мағлұматтар берді. Ұлттық-мәдени кешенде қала тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен танысты. Кешенде кез келген адам көшпенділер өркениетінің этно-мәдени ортасын сезініп, ауылдың күнделікті және мерекелік өміріне көз жүгірте алады.

Сонымен қатар, этноауылда қазақ музыкалық және театр өнерінің фестивальдері, қолөнер шеберлерінің шеберлік сыныптары, ұлттық тағамдар, қолөнер және көркемөнер көрмелері, этникалық музыкалық фестивальдер, ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтті. Жиынға Жамбыл облыстық туризм басқармасының және «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері, облыстың қолөнершілері мен «Асыл арман» ұлттық дәсүрді қолдау мекемесінің мамандары да қатысты. Мұнда мектеп оқушылары да жазғы лагер уақытында ортағасырлық көне орынмен танысты.


Жамбыл облысы