Аймақтар • 06 Шілде, 2019

Астана күнінде жетісулықтар баспана кілтін алды

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда күніне орай Алматы облысында 330 отбасы бірден қоныс тойын тойлады. Талдықорған қаласында 230 пәтерлік 3 көпқабатты және Қаратал ауданында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік бағдарлама бойынша үй кезегінде тұрғандарға арналып салынған 100 пәтерлік, көпқабатты 2 баспана пайдалануға берілді.

Астана күнінде жетісулықтар баспана кілтін алды

Талдықорған қаласының 6-шағын ауданындағы 16 қабаттан тұратын 3 үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге салынып,  тұрғын үй құрылысы жинағын жасаған азаматтарға бұйырды. Қолданысқа берілген тұрғын үй ғимаратының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. 230 пәтердің тоқсан екісі 1 бөлмелі,  тоқсан екісі 2 бөлмелі және 46- пәтері 3 бөлмелі. Жаңа қоныс иелерін баспаналы болуларымен және Астана күнімен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

- Биыл облыс бойынша 800 мың шаршы метр тұрғын үйді пайлалануға беру жоспарлануда. Тек «Нұрлы жер» бағдарламасының өзіне ғана 27,9 млрд.тг бөлінген. Бұл қаражатқа 1279 пәтерден тұратын 334 тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту ерекше назарда. 2025 жылға дейін облысымыздың 5 мыңға жуық аз қамтылған отбасылары баспанамен қамтылмақ,- деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ, Астана күнінде Үштөбе қаласының 100 отбасы баспана кілті табыс етілді. Қаратал ауданының орталығында пайдалануға берілген 40 және 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй көптен бері жеке баспанаға мұқтаж болып жүрген көпбалалы және жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяларға, зейнеткерлерге, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, ҰОС ардагерлері және ҰОС мүгедегіне теңестірілгендерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.

Үй иелеріне баспана кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыс етті. Баспана кілттерін табыстап, құттықтау тілегін жеткізгеннен кейін өңір басшысы жаңа үйдегі екі пәтерге кіріп, құрылыс сапасына қатысты үй иелерінің пікірін тыңдап, оларға теледидар сыйлады. Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы 60 пәтерлі жалдамалы көпқабатты үйге барып, онда да қоныс иелерін Астана күнімен және қуанышты сәттерімен құттықтады.

Алматы облысы