Руханият • 07 Шілде, 2019

Бүгін - Ұлттық домбыра күні

719 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды.

Бүгін - Ұлттық домбыра күні

Бұл Жарлық Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында жарияланды. Жыл сайын атап өтілмек бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ.   

Бүгін Қазақ елі монументінің алдындағы алаң үлкен сахнаға айналып, домбырашылар бір мезетте күй шертеді. Шараға жас ерекшелігіне қарамастан ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. Олар «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көреғұлы» күйлерін жатқа білуге тиіс. 

«Биыл Ұлттық Домбыра күніне орайластырылған жаппай концертте орындалатын алты күй таңдалды. Әрине, қатысушылардың алты күйді де білгені жөн. Дегенмен ұсынылған композициялардың біреуін ғана білетіндер де концертке үлес қоса алады», делінген Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының  хабарламасында.

Мереке аясында күмбірлеген күйден басқа, жиналғандар назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылым ұсынады, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерін ортаға салады, ақындар айтысы өтеді. Суырып салма өлеңге ысылған жандар ұлттық аспабымыз - домбыраны жырға қосады.