Ерлан ОМАР
"Құрметті отандастар! құрметті қауым! Ең алдымен баршаңызды үлкен, бірегей мерекемен, Ұлттық Домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мейрамды ұлттық руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсінуіміз керек. Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген бастамасының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді", деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Ұлттық Домбыра күні соның айғағы екенін айтты.
"Бүкіл халқымыз осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра егіз ұғым. Ақын Қадыр ағамыз қасиетті домбырамызды "нағыз қазақ" деп жырлаған. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бола беруі тиіс", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.