Аймақтар • 07 Шілде, 2019

Батыс Қазақстан облыстық перинаталды орталығында ерекше шара өтті

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда былтырдан бері аталып өте бастаған Ұлттық домбыра күніне орай Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық перинаталды орталығында ерекше шара өтті. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылған «Қасиетті Домбыра» акциясында перзентханада дәл осы күні жас босанған 17 анаға домбыра сыйға тартылды.

Батыс Қазақстан облыстық перинаталды орталығында ерекше шара өтті

 - БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі өткізген бұл шараның мақсаты – қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны дәріптеу арқылы ұлттық мәдениетті сақтау және өркендету идеясының айналасына қоғамды одан әрі біріктіру, халықтың дәстүріне және ұлттық домбыраға құрметті көтермелеу, - дейді БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов. 

Аталған шараға өңірдегі этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері де қатысты. Ассамблея мүшелері жарық дүниеге перзент әкеліп, адамзаттың ұлы миссиясын атқарған асыл аналар алдында домбырамен əуелетіп ән салып, шағын концерт қойып берді. Аналар алдында сөз алған Ғайса Қапақов бүгінгі мерекенің маңызын түсіндіріп, киелі өнер ұрпаққа мирас болып қалатынын айтты. 17 ананың құшағы гүлмен көмкеріліп, перзенттерінің құлағына қасиетті домбыра үні сіңетін болды.

Жалпы, Ақ Жайық өңірінде домбыра күні жақсы ұлықталады. Былтыр Орал қаласында бір мезетте 1700 домбырашы қатысқан аламан шоу өткізіліп, рекорд жасалған болатын. Ол нәтиже Қазақстан рекордтар кітабына тіркелді. Биыл да батысқазақстандықтар өңірдің әр жерінде ұлттық аспаптың мерейін көтерер шаралар өткізуде. Мәселен, Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылында «Домбыра – дастан» салтанатты шарасына 150 домбырашы қатысып, күй әуелеткен.


Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

 Батыс Қазақстан