«BAQ league» – Қазақстан журналистикасының тарихындағы тұңғыш және жалғыз толыққанды футбол біріншілігі. Бұл жоба журналистер арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттырып, жаңа таныстар табуға жол ашып, редакция ішіндегі татулықты күшейтеді. «BAQ league» брендімен БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол біріншіліктері Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Алматы және Ақтау сынды қалаларда да ұйымдастырылды. Ал елордамызда өтетін «BAQ league» біріншілігіне апта сайын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент қалаларының да журналистері келіп қатысады.
Бұл Лиганың қарқынды дамып жатқанын және журналистер қауымы арасында маңызының артқандығының белгісі. Бүгінде «BAQ league» әр маусым сайын 30-дан аса БАҚ редакциялары мен 300-ден астам журналистің басын біріктіретін елеулі жобаға айналды.
2018 жылдан бастап Журналистер біріншілігі екі Лигаға бөлінген. «А» лигасының командалары жүлделі орындарды өзара сарапқа салса, «В» лигасының командалары Жоғарғы топтың жолдамаларына таласады.
Алтыншы маусым 2019 жылдың 7 шілдесінде басталып, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады. Сондай-ақ Лига ойындарымен қатар журналистер «Egemen Qazaqstan» газетінің кубогын да сарапқа салады. Ойындардың барлығы «Тарлан-Арена» спорт кешенінде өтеді.