Аймақтар • 08 Шілде, 2019

Текелінің жомарт жүректі жандары тағы бір отбасына тұрғын үй сыйлады

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Текелі қаласында тұратын Сизиковтердің отбасында 7 бала өсіп келеді. Отағасы Александр қоларбаға таңылған кемтар жан, 1-топтағы мүгедек. Ал отанасы Наталья ері мен балаларын күтіп-бағып отыр. Көпбалалы отбасының жеке баспанасы жоқ еді...

Текелінің жомарт жүректі жандары тағы бір отбасына тұрғын үй сыйлады

Жақында Сизиковтер әулеті күтпеген қуанышқа кенелді. Осы Текелідегі     «Фирма СМР» серіктестігінің басқарушы директоры Жанболат Піржанов оларға 4 бөлмелі баспананың кілтін сыйлады. Үйдің тиісті құжаттарын отағасы Александрдың қолына табыстаған кәсіпкер:

- Мұқтаж отбасыға көмек қолын созып, олардың бақытты жүздерін көру мен үшін үлкен қуаныш. Мүмкіндік барда көпбалалы отбасыларға көмектесу керек. Барша кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды осындай игі істер жасауға шақырамын, -деді.

Ал Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қайырымды кәсіпкерлер тарапынан көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерге үнемі қамқорлық жасалып отырғанын айтады. Әсіресе, баспана зардабын тартып отырған отбасыларға жеке қаржысына баспана сатып алып беруге бейіл кәсіпкерлердің қатары өсіп келеді екен. Шағын қалада осымен үшінші кәсіпкер мұқтаж әулетке тұрғын үй кілтін тарту етті. Жақында осы қалада тұратын көпбалалы Мақпал Күздікбаеваға да жергілікті кәсіпкерлер 3 бөлмелі үй сатып алып берген еді. Одан сәл арыда қоныс тойын «Күміс алқалы» жас ана Назгүл Күжекеева тойлаған болатын.

- Бұл біздің қалада кәсіпкерлердің қолдауымен сыйланған үшінші үй. Сондай-ақ республикалық және облыстық бюджеттен көпбалалы отбасыларға үй сатып алу үшін арнайы қаражат бөлінген. Бүгінде бірнеше үй сатып алынып, құжаттары рәсімделуде. Жалпы, Текеліде 415 көпбалалы отбасылар тіркелген. Оның жүз жетпісі үйге мұқтаж болса, 96 отбасы кезекте тұр. Жақын күндері осы кезек бойынша үй беріле бастайды. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасады, -дейді Бақтияр Өнербаев. 

Жалпы, қайырымдылық көмек көрсету   мейірбандық, демеушілік және меценаттық қызмет түріндегі өз еркімен, өтеусіз немесе жеңілдік түрінде жүзеге асырылатын ізгілік қажеттілікті қанағаттандыруға негізделген әлеуметтік-пайдалы қызмет екені даусыз. «Сыйға – сый...» дегендей шағын қаладағы жомарт жандардың қайырымды істері елеусіз қалған жоқ. Жақында Текеліде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды.

- Текелі қаласында да қайырымдылықпен айналысып, қаламызды көркейтумен қатар, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүрген азаматтар аз емес. Осы орайда «Жомарт жүрек» сыйлығымен лайықты адамдарды марапаттауды жөн көрдік. Шара барысында бірқатар меценаттарға Алғыс хат табыстап, алдағы уақытта да игі істердің көшбасында жүріп, ел алғысына бөлене беруге шақырдым, - дейді Текелі қаласының әкімі.