Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Күршім тұрғындары енді сүтті сырттан тасымайды

776 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шекара шебінде, облыс орталығынан жырақта жатқан Күршім ауданының ең өзекті мәселесі – халық санының аздығы. Бұдан 20 жыл бұрын Күршім мен Марқакөл аудандары біріктірілгенде мұндағы халық 50 мыңнан асып жығылса, бүгінде 20 мыңнан әзер асады. Ә€рине халық санын азайтпаудың бір жолы – жұртты жұмыспен қамту.

Күршім тұрғындары енді сүтті сырттан тасымайды
Ауылда ашылған сүт зауыты

Жақында Күршім ауданының Қаратоғай ауылында шағын сүт зауыты ашылды. Зауыттың іске қосылуы Алғабас пен Сары­өлең ауылдарында сүт қабылдау бекеттерінің ашылуына себеп болыпты. 

– Басқа ауыл тұрғындарынан сүт қабыл­дайтын арнайы көлік­теріміз бар. 40 тонналық тоңазытқыш жұ­мыс істеп тұр. Енді тұрғындар өздерінде бар сүтті 80-100 теңгеден өткізіп, қосымша та­быс табады. Қазір әр сиырдан күніне 15 литр сүт аламыз, сауылған сүт зауытта өң­де­леді, – дейді ауылда зауыт ашып, жерлес­терін жұмыспен қамтуды жоспарлап отырған «Арын» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Баймұхамбетов.

Әзірге сүт, айран, ірімшік, құрт, кілегей сияқты 8 түрлі тауар шығарып, тәулігіне 2 тонна сүт өндіруді алдарына мақсат қылып қой­­ған шаруа қожалығының өнімдері жа­қын ара­да аудандағы балабақша, мектеп, әске­ри бө­лім, аурухана сияқты әлеуметтік нысан­дар­ға, барлық дүкен сөрелеріне түсе бастайды. Енді Күршім тұрғындары Өскеменнен келе­тін баға­сы 400-500 теңге шамасындағы сүт өнім­дерін емес, өздерінде шығатын бағасы 220-250 теңгелік сүт өнімдерін сатып алатын болады. 

– Біздің өнімдеріміз таби­ғи, ешқандай қоспасыз, майлылығы – 2,5, 3,2 %. Әзірге сатылымға шыққан жоқ, құжаттар да­йындалып жатыр, – дейді Б.Баймұхамбетов.

Шаруа қожалығы 2 жыл бұрын шұжық, бұқтырылған ет шығаратын цех ашыпты. Мұнда күніне 250 келі шұжық пен 4800 дана консерві жасалады екен. – Ешқандай қоспасыз, таза еттен жасаймыз. Шұжығымыз халал. Дүкендерде саудаланатын тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан. Бір келісі 1200 теңге айналасында. Мемлекеттің қолдауымен кәсіпорынды толық жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Заманауи жаңа құрылғылармен толық­тырып, қолда бар жабдықтарды жетіл­дірдік, – дейді аталған цех жетекшісі Ерасыл Баймұхамбетов.

Жуырда Сарыөлең ауылындағы «Тір­шілік» шаруа қожалығының иесі Бақытжан Мяселев 50 орындық тауарлы-сүт фермасын ашыпты. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 25 милион теңге несие алып, оған өз қаражатын қосып, Ресейден асыл тұқымды 42 симментал сиырын сатып әкелген азамат алдағы уақытта сүт өңдеу зауытын ашқысы келетінін айтады.

Екі мал бордақылау кешені салынды

Аудан әкімі Дулат Қажановтың айтуынша, Күршім-Марқа өңірінде соңғы 30 жылда сүт өндіру және өңдеу ісі кенжелеп қалған кө­рінеді. Бұл жұмыс қазір ауданда жол­ға қо­йылып, 100 және 50 басқа арналған 3 сүт тауарлы фермасы жұмысын бастап, екі сүт қа­былдау пункті ашылыпты. 

– Шикізат Қара­тоғай ауылындағы сүт өң­деу зауытында өңделеді. Сондай-ақ ауданы­мызда 1000 басқа арналған асыл тұқымды мал бор­да­қылайтын 2 кешен салынды. Кешен толы­ғымен автоматтандырылған. Малдың жем-шөбін беруді қоса алғанда, оны сою да автоматты түрде жүргізілмек. Оған Күршім, Қаратоғай, Абай ауылдарының 26 қожалық мал басын біріктіреді. Осы және өзге де ауқымды шаралар арқылы қосымша жұмыс орындары ашылуда. Ауданымызды гүлдендіру мақсатында іскер азаматтармен тізе қосып жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз. Аудан тұрғындарын өзімізде өндірілетін табиғи таза өнімдерді тұтынуға шақырамын. Жақында өз өнімімізді дүкен сөресінен көре аласыздар. Бағасы да сырттан келетін тауарлардан әлдеқайда арзан, – дейді аудан әкімі.