Аймақтар • 09 Шілде, 2019

«Алтын тұғыр» жинағы – ауыл галереясы

638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр – 2019» ІІІ томдығының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауына қатысқан үздік шығармалар поэзия, проза, драматургия жанрлары бойынша топтастырылып, енгізілген.

«Алтын тұғыр» жинағы – ауыл галереясы

«Ауыл» партиясы ақын-жазушылардың ауылдағы тыныс-тіршілікті байқап, бағамдап, ондағы әлеуметтік һәм рухани мәселелерді көркем шығарма арқылы қоғамға жеткізуі мақсатында «Әдебиет порталымен» бірлесе отырып, 2016 жылдан бері «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсын ұйымдастырып келеді. Әр жылғы байқаудың қорытындысы ел алдына ұсынылып, үшінші рет жарық көріп отырған «Алтын тұғыр» ІІІ томдық жинағы игі дәстүрдің жалғасы іспеттес.

Әдеби жиынның әлқиссасын бастаған «Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаев: «Ауыл – ұлттық рухымыз бен болмысымыздың түп қазығы, асыл діңгегі. Талай заманның зұлматынан, отарлау саясатының отты шеңберінен тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды аман алып қалған – қасиетті ауыл топырағы. Заман ауысып, заңдылықтар өзгерген қазіргі дәуірде де ауыл топырағынан бастау алатын рухани қазынамызды келер ұрпаққа аманаттау – қолына қалам ұстаған әр қазақ зиялысының қасиетті парызы», – деп атап өтіп, жүлдегерлердің қатары жыл сайын жаңа есімдермен толығып келе жатқанын тілге тиек етті.

Әдеби басқосудың негізгі рәсімін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин мен мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов жасап, «Алтын тұғырдың» тұсауын кесті. Залға қойылған «Егемен Қазақстан» газеті мен «Ауыл» партиясының бірігіп жариялаған «Ауыл нақыштары» атты фотокөрмесінен таңдалған үздік фотосуреттер әдеби жиынға әр беріп, шара көрігін қыздырды. Осы орайда ауыл көріністерін дөп басқан фотокөрменің халықаралық аренада көрсетілуін ұсынған, аталмыш конкурстың шынайы жанашыры, профессор Әділ Ахметов: «Бүгінгі ақпарат дауылының қатты соғып тұрған уақытта ұлттық діңімізден, дәстүрімізден, мәдениетіміз бен әдебиетімізден ажырамас үшін алтын тұғырымыз, алтын бесігіміз – ауылдан алыстамау керек. Тарихқа үңілсек, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бәрінің түп тамыры ауылда жатыр. Осы ауыл тақырыбының көркем шығармада бейнелуіне, міне, мына 3 томдық жинақ куә. Қарашаңырақ – ауыл өмірін өзек еткен көркем шығармалар әр жанрда шоғырымен жазылып, жарияланғанына бәріміз қуанып отырмыз», – деді. Статистика бойынша елімізде ауыл адамынан қала халқы көп болса да қоғамда әлі күнге дейін қала мәдениеті, әдебиетте қалалық өмір туа қоймағанын айтқан ардагер журналист Сұлтан Оразалин: «Рухани аштыққа ұшырасаң, ол мәңгілік аштық болып қалады. Халқымыздың рухани аштыққа ұшырамауына сеп болып жатқан саяси партиялардың осындай игі істері көңіл қуантады», – деп түйіндеді.

Сондай-ақ әдеби конкурстың нәтижесін көрсетіп, кітап шығару – игілікті іс екеніне тоқталған «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі: «Бәйгеге атсалысқан жүздеген автордың арасынан болашақта кемі 10 қаламгер әлемге танылып, әдеби ортада мойындалып жатса, «Алтын тұғырдың» арқасы», – деді.

Қолымыздағы 3 томдыққа енген қаламгер шығармаларын ақтарып отырып, қазақ әдебиетіндегі орта буынға аяқ басқан авторлар мен ізін ала жаңа бір толқынның қадамын аңдағандай болдық. Ауыл өмірін бейнелеген көркем туындыларды іріктеп, саралап, сараптаған әділ қазылар алқасының бірқатар мүшесі жиында сөз алып, бәйгені қорытындылау барысын баяндады.

Драматургия жанры бойынша қойылған жас ерекшелігін 45 жастан ұзарту туралы ұсыныс айтқан һәм қазылық жасаған белгілі драматург, жазушы Роза Мұқанова: «Қазіргі таңда «пьеса жазатын драматургтар жоқтың қасы, драматургия жанры кенжелеп қалды» деген сықылды пікірлер жиі айтылып жүр. Тіпті, «Драматургияға байқау керек пе өзі?» дейтіндер де табылды. Бұл драматургия жанрына үлкен қиянат деп ойлаймын. Осы тұста жарияланған бұл әдеби байқаудың, әсіресе театр саласы үшін маңызы үлкен. Меніңше, пьесалардың жазылуына, театрда сахналануына жол ашылды», – деп пікір білдірді. Поэзия мен проза жанрына қатар қазылық еткен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы: «Поэзия саласы бойынша қатысушы ақындардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. «Қазақ өзі ақын халық» деп жатамыз. Бірақ, бұл түйеге мінген қазақтың төрт ауыз өлең білетіндігі емес, жалпы поэзияда үлкен қарышты қадам бар екенін айтқым келеді», – деп, үлкен әсерді өлеңге сыйдырған жеңімпаз ақынның бір шумақ жырын оқып өтті. «Бұлт үстіндегі ауыл» әңгімесінде (авторы М.Ақан) сюреалистік ізденістер көрінгенін айтқан ғалым Жансая Жарылғап шығарманың неомифологизм ағымына иек артқанын һәм әдебиеттің жаңа арнасы – мифті сөйлету элементтерін қолданғанын баяндап берді.

Мың данамен жарық көрген жинақ «Ауыл» партиясының аймақтардағы филиалдары арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға таратылмақ.



Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»