Сарапшылардың сөзіне сенсек, қазақстандық зергерлік бұйымдардың нарығы шамамен 300 млрд теңгеге бағаланады. Ал контрабандалық бұйымдардың үлесі нарықтың 90 пайызын құрайды. Олардың негізгі ағыны Түркиядан, Қытайдан, Қырғыз Республикасынан, Ресей Федерациясынан келеді екен.
Түркияның Зергерлер қауымдастығының есебінше, Қазақстанға соңғы кездері бұл елден жылына 11 тоннаға дейін зергерлік бұйымдар жеткізіліп жүр. Қазір түріктің өнімі Ресей нарығын да толтыра бастады.
– Бұл Ресей мен Қазақстанның зергерлік бизнесі үшін өте қауіпті құбылыс. Түркиялық алтын өнімдерін сатушылар «көлеңкелі» әдістерді қолданып, көбіне ашықтан-ашық демпингпен айналысады. Ал сапалы алтын бұйымның нақты бағасы кем дегенде әр грамына 12-15 мың теңге болуы керек. Осылайша түптеп келгенде мемлекетке салық төлеп, жұмыс орнын ашып, жұмысшыларына жалақы төлейтін қазақстандық зергерлер Түркиямен бәсекелесе алмайды, – дейді Қазақстан Зергерлері лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиев.
Сынамасыз бұйымның сапасы да төмен
2016 жылы қабылданған «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заң теория жүзінде нарықтағы жасанды бұйымдарды әшкере етуі тиіс еді. Оның 13-бабында сынамалық таңбасы жоқ зергерлік және басқа да бұйымдарды сатуға тікелей тыйым салу туралы жазылған. Бірақ іс жүзінде қазақстандық бөлшек саудамен айналысушылар аз ғана бөлігі сырттан жеткізілетін бұйымдарына сынамалық таңба салады, 99 пайызы әлі де өнімдерді таңбасыз сатып келеді.
– Сынамалық таңбалары жоқ болғандықтан, олардың сапасы да 583 сынамасынан әлдеқайда төмен. Тіпті бұйымның құрамында алтын болмауы да мүмкін, тек сыртына алтын жалатылғандары көп. Бірақ грамын 8 мың теңгеге алтын сатып алатын біздің тұтынушыларымыз оны тексеріп жатпайды. Әйтеуір арзанға алғанына мәз. Ал жаңағы «алтынның» кейін бұзылып кететініне, аллергияны қоздыратынына бас қатырып жатпайды. Сондықтан осы мәселелер шешілмесе, отандық зергерлік бұйымдар саласы таяу жылдары сала ретінде жойылып кеткелі тұр, – дейді Қайсар Жұмағалиев.
Қазақстан нарығында Ресей, Италия алтынының грамы кем дегенде 8 мың теңгеге бағаланған. Одан төмен бағада Түркиядан, Қырғызстаннан әкелінетіндері бар. Шетелден әкелінетін болғасын тауар құнына кедендік баж салығы, табыс салығы, сату қызметі құны қосылып, тауар қымбаттай түседі. Сондықтан зергерлік өндірісті дамытуға Қазақстан да мүдделі болуға тиіс.
– Егер бағалы әшекей бұйымдарды өзіміз шығарсақ, онда олардың құны әлдеқайда төменірек болар еді. Біздің елде әшекей бұйымдарды безендіретін асыл тастар мен минералды түсті тастар бағаланбайды. Шетелдерде пәленше мың АҚШ долларына бағаланатын жақұттың, ақықтың, меруерттің, гауһардың бағасы белгіленбеген. Оны әшекей бұйымдар сатушылар да мойындайды, – дейді Қ.Жұмағалиев.
«Алмазный НТЦ» ЖШҚ Alrosa-Technology аймақтық директоры Андрей Ворошиловтың айтуынша, cоңғы жылдары әлемде зергерлік сападағы синтетикалық алмаз өндірісінің жылдық өсімі 30 пайызға жетіпті. Осыған байланысты зергерлік нарыққа қатысушылар «арзан синтетикалық гауһарларды табиғи ретінде алмастыруы ықтимал» деп дабыл қаға бастады. Талдаушылардың мәліметтері бойынша, 2035 жылға қарай зергерлік сападағы синтетикалық алмаз өндірісінің көлемі өндірілетін табиғи алмаз көлеміне сай келетін болады. Табиғи гауһар нарығын қорғау жөніндегі шұғыл шаралар қажет, оның ішінде салаға қатысушыларды тастың шынайылығын айқындайтын аспаптармен техникалық жарақтандыру қажеттілігі туындап отыр, – деп сөзін түйіндеді Андрей Ворошилов.
Сөрелерде сапасыз бұйым толып тұр
Ішкі нарықтың сөресі сынамасына сәйкес келмейтін «жалған ресейлік» зергерлік алтын бұйымдарының көптігінен белі қайыса бастады. Қайсар Жұмағалиев Қазақстанның қара базарлары ғана емес, қымбат дүкендердің сөрелері бұрынғы Кеңес Одағының кедендік ресімдеу бекеттерінен өтпей қалған алтынға ұқсас бұйымдар немесе гауһарға ұқсас жасанды тастарға толып кеткенін айтты. Бұған алтын бұйымдар мен асыл тастарды заңсыз тасымалдағандарды жазалайтын заңдарымыздың кез келген жағдайға икемділігі себеп болып отыр екен.
Мәселен, ЕАЭО көлемінде заңсыз алтын тасымалдағандарды мүлкін кәмпескелемей, тек әкімшілік жаза қолданып қоя беретін тек біздің ел ғана екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Ресей, Беларусь, Армения мен Қырғызстанда әкімшілік жаза ғана емес, қылмыстық іс те қозғалады.
Қайсар Жұмағалиев бізбен әңгімесінде қара базарларда сатылып жатқан алтыннан жасалған әшекей бұйымдардың 90 пайызы елге контрабандалық жолмен әкелген түрік алтыны екенін айтты.
– Ең алдымен олардың сапасы талапқа сай емес. 585 сынама белгісі тұрғанымен, шындығында 300-діктің деңгейіндегі металл. Тіпті кейбірінің алтын екеніне күмәнім бар. Сатушылар тиісті салықты төлемейді. Бар болғаны сауда орнын жалдағаны үшін ғана ақша шығарады, – дейді ол.
«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Сынама палатасы филиалы сынақ зертханасының бастығы Наталья Кузьминаның пайымдауынша, Біртұтас сынама палатасы Қазақстаннан басқа посткеңестік елдердің бәрінде бар.
– Тиісті білімі мен тәжірибесі жоқ ұйымдардың пайда болуы нәтижесінде сынаманың шындыққа сәйкес келмейтіндігіне байланысты тәуекелдіктер орын алуда. Қазақстанға сынама палатасы мен сынама қызметтерін көрсететін барлық компанияларға қатысты бірыңғай талаптар мен ережелерді қамтитын мемлекеттік қадағалау қажет. Бірыңғай сынамалы қадағалау болмағандықтан, алтын бұйымдардың, асыл тастардың сапасына елеулі түрде залал келтіріліп отыр, – дейді Наталья Кузьмина.
Қазақстандық зергерлік нарықтың көлемін бағалау үшін келесі мысалды келтіруге болады. 2017 жылы 105 396 неке тіркелді, яғни 210 792 неке сақина сатып алынды. Ең арзан бағасы 9 мың теңге. Нәтижесінде біз 2 млрд теңгеге жуық соманы аламыз. Бұл тек некелік сақиналар. Қазақстан зергерлері лигасының мәліметтері бойынша, шамамен 90%-ын зергерлік бұйымдардың көлеңкелі нарығы құрайды. Бұл жағдай жылдан-жылға өзгермей отыр. Қазақстан Зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиев бұл салада ашық бизнес құрғаннан гөрі, көлеңкелі жүйемен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді екеніне бірнеше дәлел келтірді. Соңғы ауыр соққының бірі – зергерлерді мемлекеттен алтын сатып алу мүмкіндігінен айырған Салық кодексіне өткен жылы енгізілген өзгерістер. «Отандық асыл тас-металдар саудасы саласында «көлеңкелі» бизнестің кең етек жайғаны бұрыннан белгілі еді.
Зергерлер лигасы бәсекеден қашпайды – нарықтың заңды өкілдері бұрын Түркия, Үндістан және өзге де елдерден контрабандалық жолмен зергерлік бұйымдар тасыған зергерлерге рақымшылық жасауды (амнистия) ұсынады.
«Алтын өнімдерін контрабандалық жолмен әкеліп, оны сатып келген зергерлерге рақымшылық жасауды сұрап, өткенде ғана Президент Әкімшілігіне ұсыныс жолдадық. Бізге олардың өз бұйымдарын көрсетіп, сынама жасап, мемлекеттен тығылмай, салық төлеуші ретінде есепке тұрғаны керек. Біз көлеңкелі нарық көлемін 20-30 пайызға болса да азайтқымыз келеді», дейді Қ.Жұмағалиев.
Оның есебінше, қазір елімізде шамамен 10 мыңдай жеке және заңды тұлға зергерлік бұйымдар сатумен айналысады. Олардың бәрі «Қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру мен заңсыз кірістердің ізін жасыру туралы» заңға сәйкес Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің арнайы есебінде тұруы тиіс. Ал іс жүзінде ол тізімде небәрі 300-ден сәл асатын компания мен жеке тұлға есепте тұр – заңды жұмыс істейтіндері солар ғана. Қалғандары заңның бұл талабын орындамайды, ол үшін ешқандай жазаға да тартылмайды. Олар тіпті бағасы қымбат жеке тапсырыстар үшін күресте де басымдыққа ие болып отыр.
«Біздегі заң бойынша, бағасы 10 млн теңгеден басталатын қымбат бұйым сатып алғысы келетін адамды мен тексеруім керек: жеке куәлігінің көшірмесін алып, сауда-саттық дерегі туралы қаржылық мониторинг комитетіне хабарлауға тиіспін. Күдік туғызса, ондай сатып алушыға бұйым сатудан бас тартуға міндеттімін – сатып алушыға мұның бәрі керек пе? Ол базарға барады: заңды орындамайтын, арнайы есепте тұрмайтын сол жердегі сатушылардан ала салады. Қаржылық мониторинг комитетіне осы мәселені айтып талай хат жаздық, бәрін есепке қойып, бір өркениетті нарық болсын дедік, бірақ комитеттегілер бізде бақылаушылық функция жоқ, бұл мәселені шеше алмаймыз деп шарасыздық танытуда», дейді Қайсар Жұмағалиев.
2018 жылдың басынан бері мемлекет өз қолымен бұларды да «көлеңкеге» кетуге мәжбүрлеп тастады.
Салық кодексіне енгізілген жаңа өзгеріс тазартылған алтынның 300 килограмына берілетін квотаны жойды: бұрын «Тау-Кен Алтын» компаниясы 300 кило алтынды заңды жұмыс істейтін зергерлерге қосымша құн салығынсыз (ҚҚС) сатып келген болатын.
«Неге біз өз жерімізде өзге өндірушілермен бәсекелесе алмаймыз? Өйткені біз үшін шикізат, жаңағы тазартылған алтын қолжетімсіз болып қалды. Ұлттық банк жергілікті зергерлердің тазартылған алтынды биржа бағасымен қосымша құн салығынсыз сатып алуына квота бөлген, сол бізге тиімді еді. «Тау-Кен Алтын» квотаны бізге қуана беретін, бірақ 2018 жылы Салық кодексіне енген өзгертулерге сай, енді тазартылған шикізат – алтынға ҚҚС қосылды. Қазір зергерлер «Тау-Кен Алтыннан» бір грамм алтын да алмайтын болды. Олар бұйым жасайтын алтынды ломбардтан алуға көшті. Заңды жұмыс істейтіндер шикізатты сондай-ақ биржалық бағадан 1-2 пайызға дейінгі төмен бағамен сататын «қара саудагерлерден» де ала алады. Зергерлер үшін бұл да жаман емес, тек елдегі нарықтың бәрінде көлеңкелі сектормен күресуді ту етіп отырған мемлекет бұған қалай қарайды?», дейді Қ.Жұмағалиев.
Сонымен қатар сарапшылар айтқандай, «Тау-Кен Алтынның» зергерлермен арадағы жұмыс тәртібі бұрынғы қалпына келтірілмесе, бұл компанияның өз болашағы да бұлыңғыр болмақ. Өйткені енді іс жүзінде оның алтынын биржадан басқа ешкім де алмайды. Алтын нарығының қазақстандық «ойыншылары» енді бұл мәселені үкіметтік деңгейде көтереміз деген үмітпен Қазақстан Үкіметіне ашық хат жолдады.
Ал әзірге... мемлекет зергерлерді «көлеңкеге» өзі итеріп отыр ма деген екіұдай ой қалыптасып отыр.
АЛМАТЫ