Аймақтар • 10 Шілде, 2019

Мал ұрлаған қылмыстық топ сотталды

896 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы­ның Қаратөбе ауданы тұрғын­дарын бірнеше жыл бойы қан қақсатып, мал ұрлығымен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. 2015-2018 жылдар аралығында баукеспелер 40 үйден 26 жылқы, 118 сиыр ұрлаған екен.

Мал ұрлаған қылмыстық топ сотталды

БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ерлан Жақсыбаев Қаратөбе ауданы аумағында әрекет етіп, ұрлаған малдың етін Ақтөбе мен Атырау облысына асырып отырған ұйымдасқан қылмыстық топты әш­керелеу оңай болмағанын айтты.

– Сотталғандардың үшеуі де Қара­төбе ауданынан, жұмыссыз, бұрын сотталмаған. Бұл – үлкен қылмыстық іс, 24 эпизодтан тұрады. Мал иелері­не келтірілген залал мөлшері 27 мил­лион 295 мың теңге. Малдың дені жай­ы­лымнан ұрланған. Сот шешімі­мен ұйымдасқан қылмыстық топ же­те­к­шісі Ескендір Төлегенұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Топ мүшесі Сабыржан Бисембаев­тың 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостан­дығы шек­телсе, топтың тағы бір мү­шесі Оралбек Дәулетияров 7 жыл­ға бас бос­тандығынан айырылды. Осы жерде айта кететін нәрсе – Бисем­баев­тың жазасы тергеу орындарымен про­це­суалдық келісімге келуі себебінен же­ңілдетілді, – дейді Ерлан Жақсыбаев.

Сырым аудандық соты маусымның 28-і күні өткен сот отырысында ұйым­дас­қан қылмыстық топ жетекшісі 1976 жылы туған Е.Төлегенұлына Қыл­мыс­тық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) 4-бөлігі 1, 3-тармақтары (Қылмыстық топ құру және аса ірі мөлшерде ұрлық жасау) және 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) 1-бөлігі (Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) бойынша айып тағылса, О.Дәулетияров пен С.Бисембаевқа да осындай айып тағылып, ұйымдасқан топтың мүшелері ретінде сотталды.

Айта кетейік, малын алдырған қаратөбеліктер бірнеше жыл бойы Қара­төбе аудандық ішкі істер бөлімі­нің, прокуратураның, тіпті БАҚ редак­цияларының табалдырығын тоздырып, жүгенсіз кеткен ұрылардың жаза­лануын талап еткен еді. Қылмыскерлер­дің тұтылмауы, мал ұрлығының тыйыл­мауы «ұрыларды полиция қыз­мет­­кер­лері қорғайды екен» деген алып­­қаш­па әңгіме де туғызған. Жер­гі­лікті ақпарат құралдарында жария­ла­н­ған, әсіресе ардагер журналист Есен­жол Қыстаубаевтың сериялы мақа­ла­ларын­да көтерілген мәселеге орай БҚО ІІД-нің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әбіләзімов 2017 жылы облыс аумағындағы мал ұрлығы бойынша қалыптасқан күр­делі жағдай туралы арнайы жиын өткі­зіп, БАҚ өкілдерімен кездескен бола­тын. Сол жолы облыстық газет бетін­де жа­рияланған сын материалдардың ізімен жүргізілген қызметтік тексеру­лер­дің қорытындысын ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Жасталап Сағадетов баяндап, «сын мақалаларда сөз болған кемшіліктер толық дәлелін тапқанын, сол бойынша Сырым аудандық ішкі істер басқар­масының ішінде басшысы-қосшысы бар 17 қызметкері, Қаратөбе аудандық ішкі істер басқармасы бойынша ішінде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы бар 6 полиция қызметкері (барлығы 23) әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын» мәлімдеген болатын.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Е.Төлегенұлы бастаған қылмыстық топ бүкіл іс-әрекетін әбден ойласты­рып жасаған. Топ басшысы ұрлан­ған малдың құжатын «реттеу» үшін Қара­көл ауылдық мал дәрігері Қ.Қуановтан өзінің 54 бас сиырынан бөлек тағы да 40 сиырдың құжаты мен сырғасын алып, ұрлаған малына әлгі сырғаларды тағып, жалған құжатпен қалаға емін-еркін апарып сатып отырған. 2015 жылы мамыр айында Тоқсейіт қыстағы маңы­нан ұрлаған сиырдың етін аудан орталы­ғы Қаратөбедегі «Мерей» дүкенінде ашықтан ашық саудаға салған. 2015 жылы маусымда Ғабит Байниязов­тың 12 бас ірі қарасын бір күнде жоқ қылған. Әбден дәніккен ұры­лар сол жылы 28-30 қараша күн­дері Құрсай қыстағы маңынан 17 бас ірі қараны айдап кеткен. Ұрлықы малдың бәрі Е.Төлегенұлының Кіші Қоскөл деген жердегі жеке қорасына қамалып, сол жерде сойылатын болған. 2016 жылы қаратөбелік тағы бір шаруа Нұрбол Сақыпәденов те 6 бас ірі қарасынан айы­рылып, 1 млн 200 мың теңгеге шығынға батқан. 2016 жылы «Аялани» ЖҚ жетекшісі Ерболат Ситалиев 18, Аман­гелді Баймашев 4, Жанболат Ба­тыров 7, 2017 жылы Би­сен­ғали Сағындықов 13, Айман Әндирова 4-5 сиырынан айырылған.

Сырым аудандық сотында қаралған істің тергеу материалдарына көз сал­саңыз, қылмыстық топ жетекшісі деп айыпталған Ескендір Төлегенұлының Кіші Қоскөл ауылындағы жеке қора­сы нағыз қасапханаға айналға­ны бай­қалады. Жалпы, малын жоғалт­қан қа­ратөбеліктер дәл осы Е.Төле­ген­ұлы­­нан күдіктенетінін поли­ция қыз­меткер­леріне де, журналистерге де талай айтқан. Тіпті тергеу жұмыстарының созылып кеткеніне алаңдап, «ұрылар тағы да жазадан құтылып кете ме?» деген қаупін білдірген қаратөбелік оқыр­мандарымыз «Egemen Qazaqstan» газетінің Оралдағы тілшісінің қосыны­на да келген болатын.

Сонымен сот шешімі шықты. Әлі күшіне енбесе де, бұл шешімге жәбір­лену­шілер тарапы разы болғанын олар­дың кейбірімен телефон арқылы тілдескенде байқадық.

– Сот отырыстарына бастан-аяқ қатыс­тым. Ұрылардың әділ жаза­сын алуын көппен бірге талап еттім. Сот шешіміне көңілім толады. Бірақ ақ адал малынан айырылып, ұрыға жем болған біз сияқты ауыл тұр­ғын­­дары­ның тартқан залал-зар­да­бы­­ның орны қалай толар екен? Осы мәсе­л­еге алаңдаймыз, – дейді қара­төбе­лік Амангелді Баймашев. Ол 2016 жылы бұзаулағалы тұрған 4 малы­нан айырылған. Дәл осы ойды Қоскөл ауы­лының тұрғыны, 6 сиырын алдырған Нұрбол Сақыпәденов те айтып отыр.

– Мен әуелі алты бас сиырымнан айырылдым. Кейін Ескендірдің малы­ның арасынан өзімнің бір сиырымды танып, полицияны алып барсам да қайтара алмадым. Ол әлі сол жерде жүрсе керек. Тағы бір қашарымды Қаратөбеге әкелген жерінен танып, қорама қамап алдым. Ал төрт бас із-түзсіз кетті. Сот отырыстарына бастан-аяқ қатыстым, ұрылар лайықты жазасын алды деп есептеймін. Осы шешім өз күшінде қалуы керек. Ендігі талабымыз – қолды болған малымыздың өтеуі қайтса екен, – дейді Жусандыой ауылының тұрғыны Манас Қайырлиев.

Қалай болғанда да Қаратөбедегі ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере­леніп, кінәлілер ісі сотқа жеткені, оңды ше­шім шыққаны – үлкен нәтиже деп бі­ле­міз. Өйткені мұндай істердің көбі сиыр­құйымшақтанып, жәбірленуші тарап малының құны қайтса, ұрыны «кешіріп», өзара мәмілеге келіп, аяқ­сыз қала беретін. Сөйтіп ұрлық қай­та басталатын. Жоғарыдағы Аман­гелді Баймашевтің айтуынша, былтыр күзде ұрылар әшкереленіп, жетек­­шісі қамауға алынғалы бері Қара­төбе өңірінде мал ұрлығы сап тыйылған. Бұған бар тірлігі төрт түлік малына сүйенген қарапайым ауыл тұр­ғындары риза. Тергеуді сәтті жүргізіп, ұйымдасқан қылмысты әш­ке­релеген тәртіп сақшыларына, Батыс Қазақстан облыстық Полиция депар­таментінің тергеу басқармасы қыз­мет­керлеріне мың алғыс.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Әлия Науырызғалиеваның айтуынша, биыл жыл басынан бері облыс аумағында 141 мал ұрлығы оқиғасы тіркелген. Олардың бірде-бірі әзірге ашылмаған.

– Ауылда мал ұрлығының тыйылмауына не себеп деп ойлайсыз? – деген журналистің сұрағына Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ерлан Жақсыбаев:

– Ең алдымен – жұмыссыздық, екіншіден – ауыл малының далада бақташысыз, бақылаусыз жайылуы себеп деп ойлаймын, – деп жауап берді.

Шынымен, ауылда мал ұрлығы тыйылуы мүмкін бе? Біздіңше, бұл үшін кешенді іс-қимыл керек. Яғни, дәл осы мақалада келтірілген мысалдай, ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеуде полиция орындарының жедел қызметі, одан кейін соттың әділ жазасы болуы тиіс. Сонда ғана кісі малын адал асындай қылғытқан ұрылар айылын жиып, аяғын тартары анық.

 

Батыс Қазақстан облысы