«Орталық» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар (ТжӘҚЖ) басқармасының жоспарына және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында өзге этнос өкілдері қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өткізілді.
Екі күнге созылған байқауға Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6 әскери бөлімінен 6 әскери қызметші қатысты. Байқау аясында қатысушылар мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқтала отырып, қазақ тілінде сөз саптап, ойларын көпшілікке жеткізе білді, қазақтың ғұламалары мен батырлары жайында сахналық қойылым көрсетті.
Қазылар алқасы қатысушылардың тілді мүмкіндігінше еркін меңгергендігіне, тіл байлығына, тіл мәдениетіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін өзі ұстау мәдениетіне, киім кию үлгілеріне баса мән берді. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету взводының аға маманы (топ бастығы), аға сержант Евгений Бердниковке берілді. Сайыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтар табысталды.
Оқу-әдістемелік жиынының жалғасы Қостанай облысы әкімдігінің «Тіл дарын» оқу орталығында жалғасты. Өңірден келген тіл мамандары «КазТест» жүйесі бойынша, «Латын әліпбиінің емлесі» тақырыбында және әдістемелік сабақтар өткізді. Әдістемелік сабақты өткізу барысында жақсы нәтиже көрсеткені үшін 6505 әскери бөлімінің ТжӘҚЖ бөлімше бастығының аға көмекшісі, майор Шынар Айткенова үздік деп танылып, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрығымен «Үздік маман» атағына ие болды әрі диплом және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Мұратбек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
майор, 6697 әскери бөлімі ТжӘҚЖ бөлімше бастығының аға көмекшісі