Оқыту курсын тәмамдаған бизнес бапкерлер мектеп оқушыларын экономика, қоғам, еңбек өмірі және кәсіпкерлік негіздеріне баулып, іскерлік қабілеттіліктерін шыңдайтын болады.
Айта кету керек, бұл жобаны «Жастар қызметкерлерінің қауымдастығы» «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» әріптестікте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып келеді.
Бүгінде аталған бағдарламаның алты және тоғызыншы сынып оқушыларын оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешені әзірленіп қойған екен.
Мұғалімдерді даярлауды Generation Unlimited (GenU) бағдарламасының сертификатын алған бапкерлердің ұлттық пулы әрі бизнес-жаттықтырушылар жүргізгенін атап өткен жөн.
«Тренингтен кейін жаттықтырушы-мұғалімдер жергілікті жерлерде жобаға сәйкес білім беру әдісі бойынша алтыншы және тоғызыншы сыныптардың 6800 оқушысын оқытатын болады. 6800 оқушы әр өңірден екі қанатқақты мектептен, төрт параллель сыныптағы 25 адамнан құралады», – дейді ұйымдастыру алқасының өкілі Айдар Хамит.
Тағы бір айтар жайт, осы жоба бойынша қанатқақты негізде Атырау облысында бизнес қалашық тұрғызылып жатыр. Бұл қалашық Финляндиядағы «Мен және менің қалам» («Me and My City») орталықтары желісінің негізінде салынуда және балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік һәм кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, жастардың әлеуметтік мәселелерін алдын алуға бағытталған.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»