Жәдігерді әншінің туған апайы Рымғайша Құрышева 2012 жылы музейге тапсырыпты. Ал шапанның сын-сипатына тоқталар болсақ, тысы күрең пүліш түстес паңбарқыт. Астары қарапайым – қызыл мата. Жалпы пошымы шолақ жеңді жігіттер желең киетін камзол пішіндес. Қос өңірі мен жеңжиегі сусыма сары матамен қаусырылып, аң стиліндегі бейне-мүсінмен қосамжарлана жиектелген екен.
Ал Жәкеңнің Бай-өлкеге сапары жайлы сол тұста жергілікті баспасөз беттерінде көптеген естеліктер жазылыпты. Сол жазбалар авторының бірі қазір елордада тұрып жатқан қаламгер Бодаухан Тоқан ағамыз: «Қазақтың дүлдүл әншісі, ұлттық ән өнерінің антологиясы, тіпті тұтас энциклопедиясы іспетті телегей талант иесі Жәнібек Кәрменов 1990 жылы Бай-өлкеге келді. Басында тақия, үстінде кестелі күрең-қызыл шапан, шанағы шөміштің басындай, тұрқы қолдың қарынан аспайтын кіп-кішкентай қара домбырасын күмбірлетіп, күллі көрермен алдында ән шырқады. Тіпті аймақ орталығынан шалғай Делуін ауылына барғанымызда, ән тыңдауға жиналған халық шағын клубқа сыймады. «Енді не істейміз, Жәке?» дегенімде Жәнібек: – Шегінерге жол жоқ. Қайран, қазағым-ай! Сендерден әнім де, жаным да садаға! Елді сыртқа шығарыңдар, кең далада шырқайын, – деп жұртты өзі бастап сыртқа шықты» депті.
Жәкең Қобданың қоңыр даласын әнге бөлеп жатқанда, сонау Алматыдан алып-ұшып сүйінші хабар жетіпті. «Қатының ұл тапты». Сондағы туған бала қазіргі талапты жас, отандық телеэфирлерде бағдарлама жүргізіп жүрген Шах-Керім Жәнібекұлы екен.