Қоғам • 11 Шілде, 2019

Баланың ойыны – баланың болашағы

4436 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында бір педагог балалардың үйренсем, білсем деген құлшынысы жоғалып бара жатқанын айтып қалды. Балалар таңертең мектепке көбіне ұйқылы-ояу күйде келеді. Бірдеңе үйретейін десе, қалғып отырады. Ата-анасынан сұраса, түнімен телефонға телміретін көрінеді.

Баланың ойыны –  баланың болашағы

«Заманына қарай адамы» деген, бүгінгі балалардың ойыны да – виртуалды. Компьютер заманында бұл баланың болашағына керек болар. Бірақ кейбір ойынның ішіне үңілсең, түңілесің. Ертеңі қандай болады?» деді Ұлбике Өмір­бекқызы. Құрбымның осы сұрағы ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған кез келгеннің көкейінде жүрген шығар.

Әңгімені әріден бастайық, ойын ең алдымен баланы ойландырады, дамытады, жетілдіреді. Ал қазіргі балалар қалай ойлап, қай жолмен жетіліп барады? Осы сауалдың жетегінде біз де олардың ойынына араласып көрдік.

 

Кекештендіретін кейіпкер

Елордадағы ірі сауда ор­та­лық­тарының біріне балалар ағы­лып жатады. Жаз мезгілі болғандықтан, әр өңірден кел­гендері де, астаналықтар да, оқу­шылар мен мектеп жасына жетпе­гендер де жүр. Педагог құрбым­ның сөзі айқындала түскендей, балалар көбіне динозаврлардың аралын тамашалап, пойызға мінгеннен гөрі компьютерде машина жарыстырғанды немесе қарсылас кейіпкерлер арасындағы атыс-шабысты жақсы көреді екен. Бір топ балақай оң жағымда орналасқан роботқа қарай жүгірді. Жанына жете салысымен әлдебір шетелдік сөзбен әлгі қаһарманның атын атап, сүйсіне қызықтады. Сүйікті кейіпкерінің тілінде сөйледі. Сөй­леді дегенім артық шы­ғар, түр­лі жағымсыз дыбыс шыға­рып, түсініксіз сөздердің басын қоса­тын қаһарманын қайталады.

 

Балалар неге қазақша ойнамайды?

Ағылшыннан аударғанда «даңқ қаласы» деген мағына бере­тін «Fame city» ойын алаң­ын­да бейне ойындар бар екен. Бей­не ойындардың бала дамуы мен психологиясына қалай әсер ететіні әйгілі инженер һәм дол­ларлық миллиардер Илон Маск­тың өмірінен белгілі болып тұр. Ол осындай ойыннан кейінгі же­ңісі арқылы өзінің алғашқы өнертабысын жасапты. Бейне ойынды ауылдан келген 8 жасар сіңлімнің ойнағысы келетінін алға тартып, кассир маманнан қыр-сырын сұрадым. Ол балалар ойнап жатқан жерге жетектей сөйлеп, жарнамалай жөнелді.

Екі ойын аппаратта екі бала орысша ойнап отыр. Мен оған сіңлімнің қазақша ғана білетінін, кейіп­керлердің тапсырмасын, қимыл-әрекетін түсінбей қалаты­нын айттым. Сөйтсек, ол ойынның қазақшасы жоқ екен, есесіне ағылшыншасы бар. «Қазақ балалар келеді, үндемей ойнап кетеді. Біз 2011 жылдан бері жұмыс істейміз. Бірақ ешкім қазақшасын керек еткен емес», деп жауап берді ойын алаңының өкілі.

Логопед Алуаш Молдабек қазіргі балалар тілінің таза емес­ті­гіне алаңдайды. «Тәжі­ри­бе­де ең жиі кезіктіретін мә­селе – шұбар тіл. Бала­лар­­дың тілі ғана емес, ойы да шұ­бар­ланып кеткен. Сөй­лем­нің жартысын қазақша, жар­ты­сын орысша, қалғанын ағыл­шынша айтады. Өзге тіл­дегі ойындар әлі ана тілі толық бойға сіңірілмеген бала­ның пси­хологиясына әсер етеді. Мә­селен, ойынның негізгі мақ­сатын түсінбей, жай уақыт өткізу үшін ойнап кететін­дер кезігеді. Қатты қынжыл­та­тыны – кей балаларда өзге тілді ана тілі деп қабылдау бар», дейді. Оның айтуынша, «Спайдермэн», «Тобот», «Пони», «Маша мен аюды» көріп, соған сүйсініп өскен бала былай шыққанда достарымен аталған кейіпкерлерді сомдайды. Ал біз «Балалар неге қазақша ойнамайды?» деп ойды сан-саққа жүгіртіп жүрміз. Жауап қарапайым екен: олардың ойыны – орысша, қаһарманы – өзге тілді. Бірақ осыдан туатын мәселе күрделі: қазақша ойнамайтын бала қазақша ойламайды да...

Шетелдік тәжірибе

Балалардың ойыны туралы сөз қозғағанда уақыт өткізу, тым тереңдедік дегеннің өзін­де дамыту туралы айтамыз. Ал Батыс елдерінің мамандары ойын баланың денсаулығын жақсартуға ықпал етуі керек деп есеп­тейді. Сондықтан болар бала­лар­мен жұмыс істейтін ма­ман­дары оқырмандардан сұ­­раныс болатын, көп оқы­ла­­тын «Балаларды аулада ой­­­на­тудың сегіз себебі» т­а­қы­­­­ры­бы төңірегінде жиі жаза­­­­ды. www.health.harvard.edu сай­тында жарияланған Клэр Маккартидің (Claire McCarthy) мақаласында аула­дағы ойын: 1.Баланың түнгі ұй­­­­қы­­сына ты­ныштық, ағза­сы­на А, Д дәру­менін, бойы­на күш-қуат сыйлайтын күн көзі; 2.На­ғыз жаттығу; 3.Дос­та­ры­­мен сөй­лесуге, жол табу­ға, өз уақытын реттеуге үй­ре­­­­те­­тін атқарушы фактор; 4.Тә­уе­­­келге бел бууды үй­ре­­­теді; 5.Әлеу­меттендіреді, яғ­­­ни ор­та­­да өмір сүруге, дос табу­­­­­ға, әріптестік құруға дағ­ды­­­­­ла­­­­­нады; 6.Табиғатта болу және оның байлығын, берерін бағалау.

Ал «Play England» сайты жария­лаған «Неліктен ойнау маңызды?» атты мақала­сын­да «Балалар ойынындағы құ­қық, ол – адам құқығы» де­ген тұжырым айтылады. Бри­тандықтар балалар ойы­нындағы ережелер мен өз құ­қығын қорғауды үйретуге мән берсе, Германияда туып, адамзатқа ортақ тұлғаға ай­нал­ған әйгілі Альберт Эйнш­тейн: «Ойын – зерттеудің ең күшті (жоғары) формасы», дейді.

Бір тіл – бір педагог

Президенттің Іс басқар­ма­сы Медициналық орта­лы­ғы­ның «Қарлығаш» балабақ­шасы жақында жаңа жобаны қолға алыпты. Балабақша басшысы Гүлнәр Хайруллақызы «Бір тіл – бір педагог» деп ата­­латын тілдік әдісті Эс­то­ниядағы сапардан соң бағдар­ламаға енгізгенін айтады. Бұл әдіс бойынша бір топтағы екі тәрбиеші белгілі бір тілде ғана сөйлейді. Мәселен, түске дейін келетін маман – қазақ­тілді, екіншісі – тек орыс­тілді. Осындай топқа, «Қар­лығаш» балабақшасы дирек­торының айтуынша, ата-анасы орыстілді балалар келіп, әжептәуір қазақша үйреніп кеткен көрінеді. Өйткені тек қазақша сөйлейтін тәрбие­шісімен тілдесуге талпынған бала мемлекеттік тілді үйре­нуге өзін дайындайды екен.

Эстондық тәжірибенің бастапқы мақсаты, оны білім беру жүйесіне енгізген елдердің түпкі ниеті – екі тіл­ді еркін меңгерген балаларды қалыптастыру болатын. Өйткені ғалымдар екі тілді білетін баланың ой-өрі­сі, есте сақтауы, пайымы бір тілді балаға қарағанда әлде­қайда жоғары болаты­нын, математикалық қабі­леті ерекше келетінін дәлел­деген. Осының әсері шығар, шетелде, әсіресе Батыс қоға­мында балаларының билингуал болғанын қалайтындар көп. Аталған әдісті «қарлы­ғаш­­­тықт­ар» бізге бейімдеген. «Ма­ман­­дарымыз Италия, Фин­­лян­­дия, Ресей, Сингапур, Эс­то­­ния ел­дерінің оқыту тә­жі­­ри­­­бе­­лерін зерделеп, өз бағ­­дар­­ла­­­ма­мызға кірік­тір­ді. Ха­лық­ара­лық тәжіри­бе­ден түйген ой­лар мен үйрен­ген түрлі тех­но­логияларды өзі­міздің ұлт­тық ерек­ше­лігі­мізге қарай ың­ғай­лап, енгіз­дік», дейді «Қар­лығаш» балабақ­шасының ди­рек­торы. Ал «Бір педагог – бір тіл» әдісін шала орысша ара­лас­тырып сөйлейтін ба­ла­лар­дың тілін тазалауға, мем­ле­кет­­тік тілді үйретуге бейім­деген көрінеді.

Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Ойын де­ген, менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуан­тып, шаттандыру ғана емес, оның өзінше бір ерекше ма­ғы­­на­лары болған», деп жаза­ды. Қазақтың фолькло­ры­на те­рең­десек, әрбір шы­ғарма ба­ланың тілін байы­туға бағыт­тал­­­ғанын бай­қау­ға бола­ды. Ал ұлт­тық ойын­дар­дың дені, тіп­­ті спорт­тық ойындардың өзі ба­­ланы ептілікке, дәл­дікке, ой­­лауға, қарсыласты ойсы­ра­туға, амал-айламен, ақыл­мен алу­­ға үйретеді. Алайда осы құн­­­­ды­­лық­тардың ойын бала­лары­­­ның тәрбиесі – мектеп­те­гі бі­лім беру жүйесіне енгізіл­ге­нін көзіміз шалмапты. Шет­ел­­­­­дік тә­­жірибені зерттеп, өзі­міз­­­ге алып келу де – орынды іс, әри­­­не. Бірақ бүйте берсек, бала тәр­би­есі мен білім бе­ру­де отан­­дық өнім қашан қа­лып­та­сады? Ба­ла­лар қашан қазақ­ша ойнайды?

БҰҰ жанындағы Unicef балалар қоры өзінің әлеумет­тік желідегі парақшасында: «Егер біз ересектер бала­лар­­дың бір жетістікке жет­ке­нін қаласақ, оны солармен бірге жасауымыз керек», деп жазыпты. Көңіл қойып оқымаса, қара­пайым мораль секілді қабыл­дануы мүмкін. Шындығында, жаны бар сөз. Салмағын сезін­бе­сеңіз, тағы бір қайталап алуға болады. Демек, біздегі «бала­ның ойыны» деген сөз – салғырт көзқарас. Өйт­­кені ойын – бала үшін нағыз өмір. Ойында жеңген, өс­кен, дамыған бала өмірде де биік­т­ерді бағындырады. Ен­деше, оның өміріне жауапты адам (мейлі ата-ана, мейлі мұға­лім не­месе кез келген ере­сек) ба­ла­мен бірге ойнауы қажет қой? Ал бізде «баланың ойынына араласпаған абзал» деген көзқарас бар.