«Заманына қарай адамы» деген, бүгінгі балалардың ойыны да – виртуалды. Компьютер заманында бұл баланың болашағына керек болар. Бірақ кейбір ойынның ішіне үңілсең, түңілесің. Ертеңі қандай болады?» деді Ұлбике Өмірбекқызы. Құрбымның осы сұрағы ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған кез келгеннің көкейінде жүрген шығар.
Әңгімені әріден бастайық, ойын ең алдымен баланы ойландырады, дамытады, жетілдіреді. Ал қазіргі балалар қалай ойлап, қай жолмен жетіліп барады? Осы сауалдың жетегінде біз де олардың ойынына араласып көрдік.
Кекештендіретін кейіпкер
Елордадағы ірі сауда орталықтарының біріне балалар ағылып жатады. Жаз мезгілі болғандықтан, әр өңірден келгендері де, астаналықтар да, оқушылар мен мектеп жасына жетпегендер де жүр. Педагог құрбымның сөзі айқындала түскендей, балалар көбіне динозаврлардың аралын тамашалап, пойызға мінгеннен гөрі компьютерде машина жарыстырғанды немесе қарсылас кейіпкерлер арасындағы атыс-шабысты жақсы көреді екен. Бір топ балақай оң жағымда орналасқан роботқа қарай жүгірді. Жанына жете салысымен әлдебір шетелдік сөзбен әлгі қаһарманның атын атап, сүйсіне қызықтады. Сүйікті кейіпкерінің тілінде сөйледі. Сөйледі дегенім артық шығар, түрлі жағымсыз дыбыс шығарып, түсініксіз сөздердің басын қосатын қаһарманын қайталады.
Балалар неге қазақша ойнамайды?
Ағылшыннан аударғанда «даңқ қаласы» деген мағына беретін «Fame city» ойын алаңында бейне ойындар бар екен. Бейне ойындардың бала дамуы мен психологиясына қалай әсер ететіні әйгілі инженер һәм долларлық миллиардер Илон Масктың өмірінен белгілі болып тұр. Ол осындай ойыннан кейінгі жеңісі арқылы өзінің алғашқы өнертабысын жасапты. Бейне ойынды ауылдан келген 8 жасар сіңлімнің ойнағысы келетінін алға тартып, кассир маманнан қыр-сырын сұрадым. Ол балалар ойнап жатқан жерге жетектей сөйлеп, жарнамалай жөнелді.
Екі ойын аппаратта екі бала орысша ойнап отыр. Мен оған сіңлімнің қазақша ғана білетінін, кейіпкерлердің тапсырмасын, қимыл-әрекетін түсінбей қалатынын айттым. Сөйтсек, ол ойынның қазақшасы жоқ екен, есесіне ағылшыншасы бар. «Қазақ балалар келеді, үндемей ойнап кетеді. Біз 2011 жылдан бері жұмыс істейміз. Бірақ ешкім қазақшасын керек еткен емес», деп жауап берді ойын алаңының өкілі.
Логопед Алуаш Молдабек қазіргі балалар тілінің таза еместігіне алаңдайды. «Тәжірибеде ең жиі кезіктіретін мәселе – шұбар тіл. Балалардың тілі ғана емес, ойы да шұбарланып кеткен. Сөйлемнің жартысын қазақша, жартысын орысша, қалғанын ағылшынша айтады. Өзге тілдегі ойындар әлі ана тілі толық бойға сіңірілмеген баланың психологиясына әсер етеді. Мәселен, ойынның негізгі мақсатын түсінбей, жай уақыт өткізу үшін ойнап кететіндер кезігеді. Қатты қынжылтатыны – кей балаларда өзге тілді ана тілі деп қабылдау бар», дейді. Оның айтуынша, «Спайдермэн», «Тобот», «Пони», «Маша мен аюды» көріп, соған сүйсініп өскен бала былай шыққанда достарымен аталған кейіпкерлерді сомдайды. Ал біз «Балалар неге қазақша ойнамайды?» деп ойды сан-саққа жүгіртіп жүрміз. Жауап қарапайым екен: олардың ойыны – орысша, қаһарманы – өзге тілді. Бірақ осыдан туатын мәселе күрделі: қазақша ойнамайтын бала қазақша ойламайды да...
Шетелдік тәжірибе
Балалардың ойыны туралы сөз қозғағанда уақыт өткізу, тым тереңдедік дегеннің өзінде дамыту туралы айтамыз. Ал Батыс елдерінің мамандары ойын баланың денсаулығын жақсартуға ықпал етуі керек деп есептейді. Сондықтан болар балалармен жұмыс істейтін мамандары оқырмандардан сұраныс болатын, көп оқылатын «Балаларды аулада ойнатудың сегіз себебі» тақырыбы төңірегінде жиі жазады. www.health.harvard.edu сайтында жарияланған Клэр Маккартидің (Claire McCarthy) мақаласында ауладағы ойын: 1.Баланың түнгі ұйқысына тыныштық, ағзасына А, Д дәруменін, бойына күш-қуат сыйлайтын күн көзі; 2.Нағыз жаттығу; 3.Достарымен сөйлесуге, жол табуға, өз уақытын реттеуге үйрететін атқарушы фактор; 4.Тәуекелге бел бууды үйретеді; 5.Әлеуметтендіреді, яғни ортада өмір сүруге, дос табуға, әріптестік құруға дағдыланады; 6.Табиғатта болу және оның байлығын, берерін бағалау.
Ал «Play England» сайты жариялаған «Неліктен ойнау маңызды?» атты мақаласында «Балалар ойынындағы құқық, ол – адам құқығы» деген тұжырым айтылады. Британдықтар балалар ойынындағы ережелер мен өз құқығын қорғауды үйретуге мән берсе, Германияда туып, адамзатқа ортақ тұлғаға айналған әйгілі Альберт Эйнштейн: «Ойын – зерттеудің ең күшті (жоғары) формасы», дейді.
Бір тіл – бір педагог
Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы жақында жаңа жобаны қолға алыпты. Балабақша басшысы Гүлнәр Хайруллақызы «Бір тіл – бір педагог» деп аталатын тілдік әдісті Эстониядағы сапардан соң бағдарламаға енгізгенін айтады. Бұл әдіс бойынша бір топтағы екі тәрбиеші белгілі бір тілде ғана сөйлейді. Мәселен, түске дейін келетін маман – қазақтілді, екіншісі – тек орыстілді. Осындай топқа, «Қарлығаш» балабақшасы директорының айтуынша, ата-анасы орыстілді балалар келіп, әжептәуір қазақша үйреніп кеткен көрінеді. Өйткені тек қазақша сөйлейтін тәрбиешісімен тілдесуге талпынған бала мемлекеттік тілді үйренуге өзін дайындайды екен.
Эстондық тәжірибенің бастапқы мақсаты, оны білім беру жүйесіне енгізген елдердің түпкі ниеті – екі тілді еркін меңгерген балаларды қалыптастыру болатын. Өйткені ғалымдар екі тілді білетін баланың ой-өрісі, есте сақтауы, пайымы бір тілді балаға қарағанда әлдеқайда жоғары болатынын, математикалық қабілеті ерекше келетінін дәлелдеген. Осының әсері шығар, шетелде, әсіресе Батыс қоғамында балаларының билингуал болғанын қалайтындар көп. Аталған әдісті «қарлығаштықтар» бізге бейімдеген. «Мамандарымыз Италия, Финляндия, Ресей, Сингапур, Эстония елдерінің оқыту тәжірибелерін зерделеп, өз бағдарламамызға кіріктірді. Халықаралық тәжірибеден түйген ойлар мен үйренген түрлі технологияларды өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге қарай ыңғайлап, енгіздік», дейді «Қарлығаш» балабақшасының директоры. Ал «Бір педагог – бір тіл» әдісін шала орысша араластырып сөйлейтін балалардың тілін тазалауға, мемлекеттік тілді үйретуге бейімдеген көрінеді.
Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Ойын деген, менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, шаттандыру ғана емес, оның өзінше бір ерекше мағыналары болған», деп жазады. Қазақтың фольклорына тереңдесек, әрбір шығарма баланың тілін байытуға бағытталғанын байқауға болады. Ал ұлттық ойындардың дені, тіпті спорттық ойындардың өзі баланы ептілікке, дәлдікке, ойлауға, қарсыласты ойсыратуға, амал-айламен, ақылмен алуға үйретеді. Алайда осы құндылықтардың ойын балаларының тәрбиесі – мектептегі білім беру жүйесіне енгізілгенін көзіміз шалмапты. Шетелдік тәжірибені зерттеп, өзімізге алып келу де – орынды іс, әрине. Бірақ бүйте берсек, бала тәрбиесі мен білім беруде отандық өнім қашан қалыптасады? Балалар қашан қазақша ойнайды?
БҰҰ жанындағы Unicef балалар қоры өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Егер біз ересектер балалардың бір жетістікке жеткенін қаласақ, оны солармен бірге жасауымыз керек», деп жазыпты. Көңіл қойып оқымаса, қарапайым мораль секілді қабылдануы мүмкін. Шындығында, жаны бар сөз. Салмағын сезінбесеңіз, тағы бір қайталап алуға болады. Демек, біздегі «баланың ойыны» деген сөз – салғырт көзқарас. Өйткені ойын – бала үшін нағыз өмір. Ойында жеңген, өскен, дамыған бала өмірде де биіктерді бағындырады. Ендеше, оның өміріне жауапты адам (мейлі ата-ана, мейлі мұғалім немесе кез келген ересек) баламен бірге ойнауы қажет қой? Ал бізде «баланың ойынына араласпаған абзал» деген көзқарас бар.