Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Елорданы маса мазалап тұр

934 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елорда тұрғындары мен қонақтарын осы аптаның ішінде сары маса әбден талады. Әлеуметтік желілерде масаның көптігі, одан қорғану жолдары мен әкімдікке қарата айтылған шағымдар басты тақырыпқа айналды. Әрбір хабарламаны оқыған сәтте маса-шіркейлердің елордамыздың барлық аудандарында әбден дандайсып, жұртшылықты аяусыз шағып жатқанына көз жеткізесіз. Бұл зиянкестер, әсіресе бала-шағаны күнделікті ойыннан қалдырғаны былай тұрсын, үйден шығармай тастағанын көріп отырмыз.

Елорданы маса мазалап тұр

Мереке күндері масадан запы болған тұрғындардың зары қала әкіміне де жетті. Твиттерде 1163 жазылушы оқырманы бар Алтай Көлгінов: «Тұрғындар тарапынан масаларды улауға қатысты көптеген шағымдар түсуде. Бұған қатысты аудан әкімдері мен тиісті басқармаға шұғыл түрде шара қабылдауды тапсырдым. Тиісті шараны уақытында қолға алмағандарға тәртіптік шара қолданылады» деген жазба қалдырды. Алайда, сол әлеуметтік желілердегі жазбалардан астаналықтар үшін әкімнің шүйлігуі мен әлдекімдердің тәртіптік жазаға тартылуынан бұрын масаның шабуылынан құтылу маңыздырақ болғаны аңғарылды.

Іле-шала Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтында елорда күнінде кешкі серуенге шыққан астаналықтар мен шаһар қонақтары маса-шіркейдің кесірінен әлекке түскені, халық әкімдік пен тиісті қызметтерге шағымданғаны туралы жазылды. Сонымен қатар сайтта қаладағы қансорғыш жәндіктерді жою жұмысы бір күнге де тоқтаған емес дей келе, қанатты қансорғыштардың шектен тыс көбейіп кетуіне ауа райының әсер еткені көрсетілген.

Қала әкімдігінің бір қарағанда ақталу әрекетіндей көрінетін жауабын Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қуаттады. Оның айтуынша, масамен күрес мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің құзырынан алынып, әкімдіктерге берілген. Демек, шыбын-шіркейге бөлінетін қаражаттың иелері, яғни әкімдіктер қаржының тиімді жұм­салуын, жұмыстың тиісті деңгейде атқарылуын толық міндеттеріне алған. Бір сөзбен айтқанда, бұл іске толық жауапты орган белгілі.

Ж.Бекшин: «Қала күнінің алдында ғана елордада нөсер жауындар жәндікке қарсы себілген препараттарды шайып кетті. Әрине, бұл шыбын-шіркейдің қаптап кетуіне әсер етеді. Жауыннан кейінгі ыстық күн де масалардың тезірек қанат жайып, көбейіп кетуіне себепші болды», дей отырып,  масамен күресте дәстүрлі дәрі шашумен шектелмей, жаңа тәсілдер іздеу қажеттігін де атап өтті.

Міне, масаға таланған жұртшы­лық­тың күткен сөзі мен ұсынысын Бас санитарлық дәрігер жеткізді.

«Иә, ауа райының әсері болды, бірақ сол ауа райына тәуелді болмау үшін басқа да тәсілдерді қарастыру керек қой...», деді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ж.Бекшин.

Бас санитарлық дәрігердің сөзінің жаны бар – елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына көшкелі, тіпті көшпей тұрып-ақ Арқаның шыңылтыр аязы мен сары масасы туралы небір аңыздар айтылды. Шаһардың астана мәртебесін алғанына да ширек ғасырға жуықтады. Қалаға жауын-шашын да таңсық емес, бұл – табиғаттың сыйы. Ал осы уақыт аралығында сол аңызға айналған масамен күрестің тың тәсілдері табылмады ма, әлде биыл ғана ұмытылып кетті ме? Мүмкін бөлінген қаражат орынсыз жұмсалған шығар, бәлкім орындаушылардан ағаттық кетті ме? Мұның жауабын қала әкімі А.Көлгінов алдағы күндері Твиттердегі «шара қолдану» туралы айтылған жазбасына жауап ретінде жариялауы да мүмкін. 

Жоғарыда аталған брифингте Ж.Бекшин шыбын-шіркейлерді улаушылардың жұмысын күнделікті бақылау керектігін айтты. Бірақ бақылаушы санитарлық органдар Кәсіпкерлік кодексінің талаптары бойынша ондай құзыреттен ада.

Сондықтан Бас санитарлық дәрі­гердің келесі сөзі, тек елорда ғана емес, барлық деңгейдегі әкімдіктердің қаперінде болуы тиіс мәселе.

«Егер әкімдік қаражат бөлсе, дезинфекциялық және дератизация­лық жұ­мыстарға бөлінген сол қаржы­ның қалай жұмсалғанын да қарау керек. Қаржының кешіктірілуіне, жауынның жау­ған-жаумағанына қарамастан тиіс­ті жұмыстар істелуі тиіс», деп Жан­дар­бек Бекшин кесімді сөзін айтты.  

Әйтеуір, бір қуанарлығы, абырой болғанда біздегі масалар қауіпті індеттер мен ауруларды таратпайды екен. Бас санитарлық дәрігердің айтуына қарағанда, масаның тісі батқан жер қызара бөртіп, аллергия тудырып, адамның мазасын қашырудан аспайды.

Ал сейсенбі күні елорданың Тауар­лар мен қызметтердің сапасы мен қауіп­с­іздігін бақылау департаментінің дирек­торы Сәдуақас Байғабылов жұрт­шы­лықтың мазасын алған маса аптаның соңында азаяды деген мәлімдеме жасады.

– Сәуір айында басталған масаны кезең-кезеңімен улау жұмыстары 6 турға бөлінген. Қазіргі уақытта үшінші туры өтіп жатыр және енді 20 күннен кейін ашық стансалар мен шағын су қоймаларындағы масаларды улауға бағытталған төртінші кезең басталады. Бейсенбі, жұмаға қарай маса азаяды. Қолданылатын дәрі-дәрмектердің барлығы мемлекеттік сараптамадан, сынамадан өткен, – деді С.Байғабылов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елордада масаны улау үшін қолданы­лып жатқан дәрілер аллергия тудырмайды. Аллергия маса шаққаннан кейін пайда болады. Себебі маса шаққан кезде қанның ұюына кедергі келтіретін заты бар сілекейін, басқаша айтқанда адам ағзасы үшін бөгде ақуызды тері астына енгізеді. Дәл осы сілекей маса шаққан жерді қышытып, ол ісінеді, қызарады, кейде ауыр аллергиялық реакция туғызады. Балалар бұл процесті жеңіл көтере алғанымен, ересектер сақтануы керек.

Департамент директорының айтуынша, биыл сәуір мен қыркүйек айларының аралығында масаны улау үшін жергілікті бюджеттен 170 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта оның 70 пайызы жұмсалған. Қажеттілік болған жағдайда қосым­ша бюджет қаражаты да көзделген. Қоймада сақтаулы тұрған масаға қарсы дәрі осы жылға және келесі жылға жетеді екен.

Бір қарағанда, шілде айы орта шеніне жетіп қалды. Ал тиісті қара­жат­тың басым бөлігі жаратылған. Бұл есеп сол 170 млн теңгені тура алты айға шақтағандай ма?

Енді ресми сайтта келтірілген деректерге көз жүгіртсек, елорданың әр ауданы бойынша 6-8 шілде аралығында дезинсекциялық іс-шаралар өткізілген. Есіл ауданы бойынша «Жетісу» және «Столичный» саябақтары, Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатр, Астаналық цирк, «Астана» концерт залы, «Хан-шатыр» СОО аумағы, «Үркер» тұрғын алабының №2 секторы учаскесі, «Барыс-Арена» спорт кешені, «Астана Опера», «Астана Балет», ЭКСПО кешенінің жазғы сахнасы, «Happylon MEGA Silk way» және «Happуlon Keruen» орындарында масадан тазарту шаралары жүргізілген. Оған 2 энтомолог, 26 дезинфектор, 3 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік,1 микроавтобус, 1 ДУ-1000 техникасы жұмылдырылған. Алматы ауданы бойынша Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының оң және сол жағы тазаланған. Оған 3 бригада, 3 авто­көлік, 3 биолог қатысқан. Олар тиіс­ті жұмысты термогенераторлар, жел генераторы және ро­торлық бүрік­кіштер арқылы жүр­гізетін бола­ды. Сарыарқа ауданы бойынша «Көктал-1» тұрғын ала­бы­ның аумағы өңделген. Маса-шіркейге қарсы жұмысқа 2 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік, 1 энтомолог және 1 ДУ-1000 техникасы жұ­мылдырылған.

Осы есептен кейін тағы бір заңды сауал туындайды. Сонда әлеуметтік же­лі­де зар илеп әкімнің назарын аудар­ған масаға таланушылар қала­ның қай ауданында, қай саябақта жүрген?