Руханият • 11 Шілде, 2019

Сопрано-сыңғыр

862 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ән салса, аспан астын толты­ра сорғалата шырқаған, қайталан­бас орындаушылық мақамымен там­сандырып, бірегей құбы­лыс ретінде опера отаны Ита­лия мамандарының өзін сүйсін­дір­ген, оларға ықыласпен қол соқтырғаны аздай, күміс кө­мейі­нің көшірме бейнесін жасатуға ын­тық етіп, бүгінде көзі жоқ бол­­са да, көмекейінің құрылысы Генуя мұражайында сақталып қалған дүлдүл Ғарифолла Құр­манғалиевтің мерейтойлық ке­шіне барып отырып, керемет кө­ріністің үстінен түстік.

Сопрано-сыңғыр

 Ән көлеңкесінде қалған алтын медаль

Абай атындағы Опера және балет театрының «менмін» деген маңдайалды әншілері архивте жатқан ұлттық репертуардағы ес­кі арияларды бірінен соң бірі шығып аңыратып, жамыратып орындап жатыр. Сахна айна секілді, опера әншілерінің қалың шо­ғыры бір мезетте дәл осылай бірге шығуы сирек болатын жағ­дай, «Қазақ операсының анто­логиясы» атты концерт бас-аяғы бір сағаттың айнала­сында «кімнің кім» екенін ала­қанға салғандай айқындады да тастады. Дауыс диапазоны жо­ғары, шеберлік шыңына қадам басқандары ең биік нотаның өзін еш қиналмай алып, шырқап тұрған әніне өзі де еркелеп, елді де елітіп, еркін құйқылжытады. Енді бірі қабағын тарс түйіп, екі көзін шарт жұмып, бір бүйірін таянып тұрып, ал бір қолымен ішіндегі уысына ілікпей жатқан әлсіз дауысты әрең дегенде ұстап алып, көмекейден бері күшпенен суырып алып жатқандай жанын сала ышқынады. Кейіпкерінің қайғысын бойынан өткізіп жат­қандай қиналған түр таныт­қанымен, шыңдалмаған шикі дауыс­тың шырқын одан әрі бұзып, қара терге түсіп тұрға­нын көрермен де «шырамытып», дардай аты бар дарынға іштей аяушылық білдіріп, шыдам­дылық танытып отырды. Осы кеште опера өнеріндегі шеберлерден оңды бағасын баяғыда-ақ алып, өзіндік бояуы бар дауысын бабына келтіріп, жылдармен бірге биіктете білген Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері Гүлзат Дәуірбаева во­калдық техникасының даралы­ғымен, сыңғырлаған сопрано үнінің қуатымен табиғаты бөлек әнші екенін кезекті рет дәлелдеді.

Маңдайында «болашақта опера әншісі болады» деген жа­зуы бар кішкентай шақалақ Шым­кент қаласында дүние есі­гін ашып жатқан кезде, Испа­нияда Монсеррат Кабалье, Мәс­кеуде Елена Оброзцова мен Ири­на Архиповалар, өзіміздің Ал­матыда Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаевтардың ата­ғы жер жарып, опера өнерінің ас­пандап тұрған шағы болатын. Көп құрсақ көтергенінен не пайда, жөргегінен шықпай жатып шетінеп кете берген балаларынан бұйырған жалғыз жұрнақ, бес қыздан кейін зарығып жүріп қолы жеткен жалғыз ұлын әкесі мен шешесі бес кемпірдің борбайынан өткізіп, ырымдап атын Бескемпір деп қойып, әлдекімнің назары түсіп, тағы да зар жылап қаламыз ба деген қорқынышпен құлағын тесіп, сырға салып, «бұл ұл емес – қыз» деп өсірген әке­сінің тұла бойы тұңғышы Гүлзатқа деген пейілдің қандай болатынын іштей шамалай беруге болатын шығар. Ертелі-кеш айналып-толғанғаннан басқа еш­нәрсеге алаңдамайтын атасы мен әжесінің, олардың көзін ала бере еміреніп есі шығатын әкесі мен анасының мейіріміне шомылып, бақыты мен берекесі ортаймаған толыққанды отбасында мейлінше еркелеп өскен ол ес білгелі ән айтып келеді. Әдемі қоңыр баритон дауысы бола тұра, жанын шүберекке түйіп, жолында құрбан болуға даяр ата-анасына әншіліктің жолын қуып, алысқа ұзап оқимын деген арманын да айта алмай, ауыл төңірегіне жіпсіз байланып қалған Бейсен әкесінің асқақ мұратын мектеп бітірген қызы орындаймын дегенде, өмір бойы мәдениет басқармасында қызмет еткен әкесі қуанып, бір­ден келісімін беріпті. Физика мен математиканың есептерін жаң­ғақша шағып, мектепті үз­дік бітіріп алған алтын медалі де, өзі секілді дәрігер болады деген анасының үміті де әнге деген құмарлықтың жанында жіп есе алмайтыны бәріне аян болған­дықтан, жолына ешкім тосқауыл болып тұрмады да.

 

Бақ болып келген – Баттерфляй

Бойында жасырынып жатқан қасиет-қабілетін тани алмай, өзін өзі өмірде таба алмай, адасып әрненің басын бір шалған адам жер бетінде мың-миллион. Отырса да, ойланса да, ағаш басына өрмелеп, есігінің алдындағы ала күшігімен ойнаса да, ән айтып жүретін Гүлзат өзінің ән үшін жаралғанын бала кезінен біліп өсті. Гүлзаттың дауысындағы ерек­ше реңкті бірінші болып бай­қаған атақты профессор Бе­кен Жылысбаевтың өзі болды. Да­уысын үнемі бақылауда ұстап, еркін басқара алатындай етіп тәрбиелеген ұстазы Рахи­ма Жұбатырованың еңбегі де еш кетпеді. Екінші мүшеліне дейін театр студиясында оқып, хор­да жұмыс істеп, консервато­рия бітіріп, мұның сыртында тұрмыс құрып, екі баланың анасы болып үлгерген Гүлзат Абай атындағы Опера және балет театрының есігін жүрексіне аш­қанда, күрделі жөндеуден өткен еңселі театр өзгеше кейіпке еніп, жанға жайлы керемет ахуал орнап тұрған кез болатын.

Құдай оңдағанда, кейбір ән­шілер секілді «жұлдызды сә­тін» сарыла күтіп, шымылдық сыр­тында көп отырып қалған жоқ. «Біреудің өзі жақсы, бі­реу­дің көзі жақсы» деген пы­сы­қайлардың қағидасына пыс­қырып та қарамайтын, тек кәсіби әншілермен жұмыс істеуді дағ­дысына айналдырған әйгілі музыкант Ренат Салаватов сол жылы Қазан театрынан Қазақ­станға бас дирижерлікке арнайы шақырылып, тыңдауға келген 49 әншінің ішінен ол Гүлзатты ғана таңдап, театрға жұмысқа қабылдайды. Гүлзаттың тау суын­дай сыңғыр қаққан мөлдір дауысының мүмкіндігіне сенген Р.Салаватов тәй-тәй басқан алғашқы қадамына дем беріп, қолдан келген көмегін аяған жоқ. Содан бергі уақыт жиырма жылды артқа тастаса да, «Салаватов – менің өнердегі әкем» дегеннен жаңылмайтыны да сондықтан. Көптеген операларды жаттап, күн сайын бірнеше сағат бірге дайындалып, дауысының шарықтап, шыңдалуы жолында анасындай қамқор болған концертмейстер Гүлнар Жидилова да одан кем еңбек сіңірген жоқ. Мысалы, 2 сағат 40 минут жүретін «Чио-Чио-Сан» операсындағы басты рөл­ді ойнайтын Гүлзаттың айтатын партияларының үлесі 1 сағат 40 минут. Кедейліктен амалсыз гейша болуға көнген, он бес жасында аяғы ауыр болып, баласымен тастап кеткен америкалық офицерді жан-тәнімен сүйіп, жолын тосқан Баттерфляйдің оқиғасына Гүлзат бар болмысымен құлай берілетін. Өзі де жас босанып, жұмысқа енді шыққан Гүлзат сахнада ойнап тұрып гей­ша­ның қасіретін жүрегінен өткі­зетіні сондай, көзінен парлап аққан жасын көрерменнен жасыра алмай, егіліп тұратын.

«Есіңде ұста: жүрегің ыстық, ақы­лың салқын болсын. Бұл – өнер. Кейіпкермен бірге өмір сүрудің керегі жоқ, актердің мін­деті – оның өмірін сол қалпында көрер­менге жеткізу» деген Са­ла­ва­товтың кеңесі әлі күнге құла­ғынан кетпейді. Рас, беделді тұл­ғаның біліп айтқан кеңесінің әсерінен бе, әлде талай жылдардан бері өзі де тарамыстай қатып, техникасын шыңдап, тәжірибе толықтырды ма, бұрынғыдай кейіпкердің қайғысына көңілі босап, ағыл-тегіл жылайтын әде­­тін қойған. Сол кезеңдегі та­лант­тар шоғыры қатарында бол­ған КСРО халық әртісі Роза Жама­нованың сүйіп орындайтын «меншікті» операсы «Чио-Чио-Санды» өмір бойы өзі ғана орындап шеберліктің шыңына жеткенін біле тұра, нағыз орындаушысынан кейін бұл образды кім де болса ойланып барып ойнайтын еді. Дауысы мен жастық жалынына сенгені болар, махаббат пен құмарлықтың отына өртенген кейіпкер жанының тереңдігі мен күшін ұстазынан кем орындаса, ұятқа қалатынын біліп, сол биіктікті төмендетпеу үшін жас әнші жанын салды. Қатпар-қатпар қайғы мен сордан жаралған Баттерфляй басына бақ болып келді. Ата-анаға перзент қадірін білгізер тұңғыш бала қандай ыстық болса, Гүл­зат үшін театрда ойнаған бірін­ші рөлі Баттерфляй де дәл сон­дай қымбат һәм қастерлі. Ескі операның жаңа бояумен шыр­қалғанын бәрі естіді. Мұның Бат­терфляйін бәрі де бір адамдай мойындады. «Чио-чио-сан­сыз» бұрын қалай өмір сүріп кел­генімді білмеймін», дейді Гүлзат. Әлемдік музыканың қол­қа-жүрегі іспетті Пуччини – әнші­нің екінші жартысы сияқты, Мими мен Баттерфляйден басқа, Тоска мен Турандотты да Гүлзат үлкен махаббатпен сүйіп орындайды.

 

Қазақ қызына құшағын ашқан  – Аспендос

Сахна жаратылғалы бері та­лап­тыдан гөрі таланттыны көбі­рек сүйеді. Бекзат өнердің қиын­дығы мен қия-жықпылын бір әншідей меңгерген Гүлзат талан­тының арқасында дүниенің төрт бұрышын аралап, алуан түр­лі ұлт пен ұлыстарды биік өне­­рімен тәнті етіп келеді. Қа­зан мемлекеттік опера театры­мен бірге Голландияға гас­троль­­дік сапарда болса, Гер­мания, Венгрия, Аустрия, Ита­лия, Жапония, Корея, Кипр, Израи­ль секілді мемлекеттерге концерттік бағдарламамен барды. Ал Түркиядағы алты опера театры қай кезде келсе де құ­шағын айқара ашатын төл театрына айналғаны қашан. 13 000 көрермен отыратын ашық аспан астындағы амфитеатр Аспен­доста Аида, Медея, Тоска, Ту­рандот болып бес рет ән шыр­қа­ған жалғыз қазақ қызы әзірге Гүлзат қана. Көбелек қанатының қағысы естілетін акустикасы айырықша музыка алаңын Гүлзат ала-бөтен жақсы көреді. Іңір түсіп, жұлдыздары жамырап, қою қараңғылықпен қымталған мақпал түнде жым-жырт даланың жеңіл ғана желпіп өтетін желіне жүзін төсеп тұрып, аспанға, айға наздана қарап салған әнінің әрбір әуезі, кеудені жарып, көмекейді керней шыққан күшті дауысы көне тастарға барып соғылып, шағылысып, құлағына қайта келгенде, қабілетінің қай жерге дейін жететінін өзі де айна қатесіз сезінеді.

Ұмытпаса, жиырма жыл бұрын Мәскеудегі Үлкен театр­дың сахнасындағы Борис Покровскийдің сахналауын­дағы бір спектакль толықтай қазақстандық опера әртістерінің қатысуымен қойылды. Әлем­дегі ең үлкен опера сахна­лары­ның бірінен саналатын Ресей астанасындағы театр қойы­лымдарын кірпік қақпай тамашалап, әр жаңалығын қалт жібермей бағалап отыратын кәсіби сыншылар сондағы Гүл­заттың Татьянасын көріп «Чай­ковскийдің өзі көрсе, сөзсіз риза болар еді» деп жазғаны бар екен. «Евгений Онегинде» Оне­гинді КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев ағасы ойнаса, Татьянаны құлаққа жағымды, күміс қоңыраулы үнімен Гүлзат орындайтын еді. Сұңғақ бойлы Гүлзатқа қалжыңбас Ермек ағасы қарап жүрмей «Большая» деп ат қойған көрінеді. Сол күндерде ренжіген кейіп көр­сетіп «қойыңызшы» деп бұр­тиғанмен, қазір «Как ты не понимаешь? Ты же большой человек, большая певица» деп арқасынан қағатын аға алақанының табына жылынып жүргендей сағынышпен еске алады.

Опера өнері өткен ғасыр­дағыдай тамағын жібіту үшін шикі жұмыртқа ішетін немесе екі езуі екі құлағында, қолына шымырлаған аққайнар толы бокалды ұстап алып «Травиатаны» ойнақтата орындап шығатын ескі шекпенін үстінен әлдеқашан сыпырған. Оның орнын ең мық­ты ұстаздардан сабақ алып, ең үлкен әлемдік сахналарда ән салу­ға асыққан, ән айтқан сайын ащы тері алынып, өрге қарай өр­шелене шабатын жүйріктер басып, операның жаңа дәуірін баяғыда бастап жіберген.

Гүлзаттың айтуынша, опера дегеннің өзі аударғанда «қиын жұмыс»деген мағына береді. Қиын жұмыс екенін біле тұра, айлар бойы басқа тілде жазылған құлаш-құлаш мәтіндерді жаттап, күн сайын бірнеше сағаттық репетиция жасап, кешкісін сахналас серіктесімен бірге, образға еніп, осының бәрін ауқымды оркестрге ілесіп, үй­лесім тауып айту үшін жан­кештілік керек. Биік өнерді ба­ғындырғысы келетіндердің барлығының есіл-дерті Еуропа, бүкіл шығармашылығына қойы­латын майлы нүкте – Еуроп­дағы атақты театрлармен мың­­да­ған долларлық келісім шарт­қа қалайда қол жеткізіп, ме­гажұлдыздардың сапында тұ­рып бір сахнада ән салу әріп­тес­те­рінің басты арманына ай­нал­ған. Қай театрда жақсы әнші болса, сол театрды иіскеп тауып, иіліп-бүгіліп ұсыныс білдіретін опера импресариоларының бір­нешеуі Гүлзатты да өз театрларына жұмысқа шақырған болатын. Бірақ Гүлзат үшін құстың ұясындай жып-жылы отбасын қиып, сонау Өнер студиясында жүріп танысып, тұрмысқа шыққаннан өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келе жатқан жан жары Қойшыбек Кәрібаев пен ұл-қызын Қазақстанға қалдырып, алысқа кету ақылға сыймайтындай көрініп, бәрінен сыпайы бас тартты. Бұған және ешқашан ілкі сәт өкініп көрген емес. Қиын өнер болғанымен, әнші бақытының рецептісі өте қара­пайым – шырқаған арияларына көрермен ризашылықпен қол соғып, «Браво!» деп баға берген сайын, сопрано саулаған кө­мейіне күш біткендей келесі спек­такльдің дайындығын қа­нат­тана қолға алады.

АЛМАТЫ