Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Барлық жобалар партия бақылауында

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол аймақтық партия активімен кездесті. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясының жұмысын жандандырып, партия мен фракция арасындағы өзара қарым-қатынасты күшейту керектігін айтты. Одан бөлек, партия жергілікті жерлерде депутаттармен бірге Елбасының әлеуметтік бастамаларын, мемлекеттік бағдарламаларды және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қатаң бақылауға алуы тиіс екеніне назар аударды.

Барлық жобалар партия бақылауында

Партия облыстық филиалының конференциясында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы қоғам үшін біріктіруші рөл атқарып, мемлекеттік аппаратты сапалы әрі тиімді жұмысқа жұмылдыру керектігін сөз етті.

– Қазір партия үшін ең маңызды мәселе – халықтың сенімін арттыру. Сондықтан күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау ісінде депутаттармен қарым-қатынасты қайта қарап, күшейту керек. Депутаттық сауалдар халықты алаң­датқан аса өзекті мәселелермен үнде­сіп жатуы тиіс. Өкінішке қарай, қазір фрак­циялардың жергілікті жердегі жұмысы кейбір талаптарға сай емес, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек партия Төрағасының тапсырмасына сәй­кес Қоғамдық қабылдау жұмысын жетіл­діруге, кері байланысты күшейтуге және халықтың мұң-мұқтажына байланысты жедел әрекет етуге ерекше көңіл бөлу керек­тігін айтты. Ол үшін партиялық бақы­лауды күшейтіп, сол арқылы атқа­рушы органдардың жауапкершілігін көтеру міндеттеледі.

Бұдан басқа партия халықтан келіп-түскен әрбір өтінішті жіті бақылауға алып, тікелей жұмыс істейді. Сондықтан партия мемлекеттік органдардың халықтың өті­ніштеріне жауап беріп, мәселелерді оң шешу жолындағы жұмыстарды мұқият бақылауға алуы тиіс.

Осыған байланысты Nur Otan партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары алғашқы жартыжылдықта партияның Орал қалалық филиалында қала әкімінің орынбасарлары бірде-бір қабылдау өткіз­бегенін қатаң сынға алды.

– Егер қалалар мен елді мекен­дер­дің әкімдері, олардың орынбасар­лары қо­ғам­дық қабылдау арқылы ха­лықпен кездес­песе, партиялық тәр­тіп мәселесін көтеріп, лауазымына қатысты партиялықтың кодексіне сәйкес шара қолданылады, – деді ол.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек партияның облыстық филиалына келіп түскен өтініштер бойынша әлеуметтік нысандарды аралады. Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау­алды тұғырнамасында 2023 жылға дейін апатты жағдайдағы және үш ауы­сымда оқытатын мектеп мәселесін толығымен шешуге уәде берген еді. Соған байланысты партия бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайды.

Соның аясында Бауыржан Байбек Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен бірге 58 жыл бұрын салынып, бүгінде апатты жағдайда тұрған №31 мектептің жай-күйімен танысты. Бүгінде аталған мектепті сүріп тастап, орнына жаңа білім ордасын салу туралы шешім қабылданған. Соған орай балалар мен мұғалімдерді уақытша жақын жердегі мектептерге орналастырмақ.

Сонымен бірге партия Төрағасының бірінші орынбасары баспаналары тозығы жеткен апатты жағдайдағы үйлерді сүру бағдарламасына қатысатын тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Аталған бағ­дар­ламаны жүзеге асыру тек тұрғын үй талап­тарын жақсартып қана қоймай, жүз­деген отбасының әлеуметтік ахуалын жақсартуға, қала экономикасына қосым­ша инвестиция тартуға және жаңа жұ­мыс орындарын ашу арқылы салықтың түсі­мін қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXV конференциясында аймақ басшысы Ғали Есқалиев партияның жергілікті активінің қолдауымен об­лыс­тық филиалдың төрағасы болып сайланды.