Руханият • 11 Шілде, 2019

Тектілерге тұғыр болған Тайсойған

1536 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Заманымыздың заңғар жазушысы, ұлты­мыздың ұлы ойшылы Әбіш Кекілбай­ұлы абыз ақсақал Сафи Өтебаев дүниеден өт­кен­де өзінің жоқтау сөзін «Егемен Қазақ­стан» газетінде 13 сәуір 2007 жыл «Пат­риарх» деген тақырыппен жариялаған еді.

Тектілерге тұғыр болған Тайсойған


Сол бір азалы толғаныста мынадай жолдар бар:

«Үзіліс кезінде менің жазу үстеліме сүйеніп тұрып: «Жеңешем өзі туған Қызылқоға, Тайсойған мен Кең Жылыойды сағынған шығар деп қойып:

Әуелден айтпап па едім май тура деп,

Қолыңды кесіп алмай жай тура деп.

Шештім де етігімді кеттім кешіп,

Ауылы қалқатайдың қай тура деп;

Қонатын біздің ауыл Тайсойғанға,

Бұйырар біздің қалқа қай сойқанға.

Кім шіркін тілін жұтып қоймаушы еді,

Сыбанып ақ білегін қой сауғанда; –

деп шырқата жөнелгенде құлағы­мыз кесіліп, жүрегіміз үзіліп түскендей болған...». Айтарын осылай ешкімге ұқ­сатпай айтып жеткізбесе ол Әбіш Кекіл­байұлы болар ма?! Оқығанда көзімізден жас парлап, бірталайға дейін өзіме өзім келе алмай, естен тана тебірендім. Біз Тай­сойғанның қақ ортасында жүріп оның қадірін дұрыс білмей  жүрген қазақтармыз. Ал алыста жүрген естілер мен ерендердің, жақсылар мен жайсаңдардың ата­жұртын, туған жерін осылай еске алып, осылай үздіге сағына алатыны бесенеден белгілі. Бұл жерде Сафи ақсақал  Әбіш Кекіл­байұлының анасы Айсәулені сөз бен лебізге қоса отырып, өзі де туған жері Тайсойғанына, Қарабауына деген мөлдір махаббатын, сартап сағынышын көмейінен ән әуенімен ақтарып, ойға оралтып тұрғаны кәміл еді.

Неге олай деймін-ау? Себебі біртуар Сафи Өтебайұлының  біздің Қызылқоғаның төл перзенті екенін, Қарабау ауылын­да кіндігі кесілгенін біліп, мақтан тұтып келе жатқан орта толқын өкілдерінің бірімін. Өткен жиырмасыншы ғасырдың  алғаш­қы он жылдығы аяқталар тұста, дәлірек айтқанда, 1909 жылғы мамырдың 25-де Тайсойған құмының күнгей етегіндегі Қарабау елді мекенінде болашақ ірі тұл­ға Сафи өмірге келіпті. Біз осы бірегей жерлесіміздің туған жеріне келген са­йын көлігінен түсе сала еш қымсынбастан сары құмына жата қалып аунайтынын, Тайсойғанның бұйра шағылдарын жалаңаяқ жүріп, тобығына дейін батырып кешетінін, моншақ-моншақ таң­ғы шығын табанымен басып рахаттана­тынын, дастарқан басында халық әндерін нақышына келтіре шырқайтынын ес­тіп таңғалатынбыз. Еліне, жеріне, ата­қоны­сына деген ықылас-ниетіне шексіз риза болатынбыз. Қызығатынбыз. Шіркін-ай десеңізші! Ойша арман аулап, осындай дана­лық дарыған дара тұлғадай болмаққа талпынатынымызды қайтерсің?!


Өз басым сәнді думанмен астасқан бір салиқалы жиында жасы тоқсаннан асқан шағында Сафи Өтебайұлының әңгімені боратып, орамал тартқандармен шырқ үйіріле билеп жүргенін көріп сыртынан «Не деген сүйегі мықты адам еді» деп көзімнің баһары тойғаны бар. Құдай қуат берген адам. Шын мәнінде, ол тегі мықты, дүниеге келген қасиетті де киелі топырағына тартып туған  асыл арыс.

Сафи ақсақалдың туған өңірі тарихи орындарға бай, талай марқасқалардың атақонысы. Тайсойған құмы аймағындағы  басты елді мекен   Қарабау болып табылады. Ойыл өзенінен бөлініп шығатын Жарыпшыққан өзенінің төменгі сағасында орналасқан. Кеңестік кезеңде село атын иеленді. 1959 жылға дейін Қызылқоға ауданының  орталығы болды. Қазан төңкерісіне дейінгі Көкжармен жағаласа аты шыққан ең ірі жәрмеңкенің бірі осы ауылдың дәл іргесінде болыпты, қазір төбешік болып орны жатыр. Ірге тасы ХІХ ғасырдың аяғында, яғни 1899 жылы  қызыл кірпіштен қаланып «Қызыл үй» атанған мектептердің бірі де Қарабауда бой көтерген.  Міне, сол айтулы Қарабау Сафи Өтебайұлының жерге іңгәлап түскен жері.

Ел ардақтаған, қазақтың мұнай атасы атанған бірегейі Сафи Өтебайұлы қай-қайсы марапаттан да кенде емес. Ол абызда бәрі бар. Енді келіп оның есі­мін айрықша ұлықтап,  мәңгіге есте қалдыру жалғаса түскенін көріп отырмыз. Солардың ең бастыларының бірі – Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің №64 қау­лысымен «Атырау мұнай және газ уни­верситеті» коммерциялық емес акцио­нер­лік қоғамына Сафи Өтебаевтың есі­мі­нің берілуі. Бұл аса ірі мәртебе, айтулы абырой-атақ. Атыраудағы екі универ­си­тет­тің бірі енді Сафи Өтебаевтың есімі­мен аталады. Мақтанарлық жайт.

Мұнай атаның кіндік қаны тамған өңір Қарабау мен Тайсойғанды бірінен бірін бөле қарауға болмайды. Жалпы ұзындығы 83 шақырымнан, ені 40 шақырымнан астам, көлемі 2400 шаршы километрді алып жатқан, қыран қалықтар биіктіктен қарасаң бұйра-бұйра  байтақ құм Тайсойғанда бір кезде жел маялы Асан қайғы бабамыздың өзі Қорғанша деген атаумен қала салдырып 10 жыл қыстап «Тайсойған – қақпақты қара қазан екен» деп баға беруі де тегін емес. Бұл аймақта атақты батыр, би, шешен Сырым Датұлының табан ізі, қолтаңбасы қалған. Өзі бас болып өзен суын құмға босқа жібермеу үшін бөгет салдырған. Сол «Сырым бөгеті» әлі күнге дейін құламай тұр. Алты қырдың астынан қоңыр үні асқақ естілетін әйгілі әнші Мұхит Мералыұлы да Тайсойғанның төскейінде ән оздырған. Ұлт азаттық көтерілісінің басшысы, батыр Исатай Тайманұлы осы құмның етегінде жарық дүниеге келген. Дауылпаз ақын Махамбеттің ата-бабасының атакүлдігі бұл. Өзі де осы құм ішінде туыпты деген дерек жиі айтылып, жиі бой көтеріп жүр. Оның ақиқатын, сірә, тарихшылар айта жатар. Кеңес заманында биліктің жөнсіз озбырлық саясатының шынжырын үзіп, «банды» атанған, қуғыншыларды нар шағылдар мен құм қойнауларында, өзен-сай қоқтыларында адастырып, ит әуреге түсірген халық батыры Құныскерей Қожахметұлы да осы өңірдің бір жүректісі. Әрі би, әрі ақын Есет Қараұлы, ақындар Нұрым Шыршығұлұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Ығылман Шөрекұлы, Зімбіл Тегенбайұлы, Айтмағамбет Ұлықпанов, Таубай Шаңкөтов, Сұраубай Үттібайұлы, Сұлтанқұби Жұрынбайұлы, күйші Есбай Балұстаұлы, композитор Мәкәлім Қойшыбаев, әмбебап ғалым, Алашорданың Батыс бөлімшесінің басшыларының бірі Халел Досмұхамедұлы, жазушы Ғабдол Сланов, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, академик-заңгер Салық Зиманов, геолог-ғалым Таумұш Жұмағалиев, геолог Ерғожа Тауманов, Берлиндегі Ратушаның төбесіне жеңіс туын қадаған батыр командир Кенжебай Мәденов, әулиелер Сұлтануәйіс, Мәтенқожа, айта берсе Тайсойғаннан түлеп ұшқан атақтылардың тізімі созыла береді. Кеңес Одағының Батыры Мұса Бай­мұқанов пен бүгінгі таны­мал жазушы Мереке Құл­кенов те қарабау­лықтардың төл тумалары, мақтаныштары.

«Біздің Қарабау, Тайсойғанда осындай бар, осындай бар, осылар туған, осылар мекен еткен» деп Жамбылдың жасына жетуіне бірер жылы қалып өмірден өткен, ғасыр жасаған ел ардақтысы, қазақтың мұ­най­ атасы, ірі қайраткер Сафи Өтебайұлы да талай желпіне мақтанған болар-ау. Әбіш Кекілбайұлының үйінде туған жерін еске алып нақышына келтіріп, үзілдірте ән шыр­қаған қайран Сафи абыздың шалқып тасуы­на қарағанда, олай мақтанбауы тіпті де  мүм­кін емес  деп ойлауым ерсі болмас, сірә?!


Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы

 Атырау облысы


Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20