Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Студенттерді кәсіпорындарға шақырады

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ERG Еуразиялық топтың еліміздегі кәсіпорындарында Ашық есік күні өтті, оған 300-ден астам студент келді. Кәсіп­орын­дар­дың өкілдері студенттерге өндірістік жұмыстың ерекше­ліктерін, Еуразиялық Топтың жетістіктері мен жоспарларын таныстырды.

Студенттерді кәсіпорындарға шақырады

Облыс  орталығындағы  «Қазақ­стан Алюминийі» АҚ-та  ме­тал­лургия, құю өндірісі, электр энер­гетикасы, машина жасау, тех­­но­логиялық машиналар мен жа­б­дық­тар, тепловоз машинисі, құ­­ры­лыс саласы, экология, ав­то­мат­тандыру және басқару, икемді ав­томатты желілер және ақпарат­тық жүйелер секілді техни­калық мамандықтарда оқып жат­қан студенттерге осындай  жақсы мүм­кіндік берілді. Ашық есік күні ар­қылы студенттер кәсіп­орын­­дарда сұранысқа ие бос орын­­дарды біліп, өндіріс барысын көріп, маман­дарға түрлі сұрақтар қойды.

– Ашық есік күні студенттерге өндірістің барлық ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі, таңдаған мамандығын тереңірек тануға мүм­кіндік береді, – деді Еура­зиялық топтың басқарма төр­аға­сының  әлеуметтік мәсе­лелер жөніндегі орынбасары Инна Губарева.

Соңғы жылдары  С.Торай­ғыров атындағы мемлекеттік ун­и­­вер­ситет өңірдегі кәсіп­орын­­дармен бірлесіп жұмыс іс­теу­де. Университет жергілікті 278 өндіріс орнымен екіжақты келісімшарт жасаған. Студент­тер 1-курстан бастап кәсіби тәжіри­беден өтеді, 2-курста болашақ ма­ман­дығын кәсіпорында жүріп игереді. Оқу үдерісіне өндіріс­тік жетекші мамандар мен серік­тес шетелдік жоғары оқу орын­дары­ның ғалымдары қатысады.

Университеттің «Электр­техни­ка және автоматтандыру» кафед­расының аға оқытушысы Юлия Поповецтың айтуынша, кәсіпорындарға экскурсия ұйым­­дастыру жоғары оқу орын­дары­ның түлектерін жұ­мыс­қа тарту­дың тиімді жолы.

– Бізге кәсіпорындардың өкіл­дері жиі келіп, өндіріс­тік та­қы­рыптарға сай таныстырылымдар жасайды. Студенттерге өндірісті та­ныстыру – әрі қызықты, әрі қа­жет, бұл өте пайдалы, – дейді ол.

Университет 2014 жылдан бері «Серпін» бағдарламасы бо­йынша «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты техникалық және аграрлық мамандықтар бо­йынша маман дайындайды. Биыл­ғы оқу жылында  16 білім беру бағдарламасы бойынша тұң­ғыш түлектер буыны – 267 студент біті­ріп шығады.  Қазіргі таңда универ­ситетте барлығы 20 мамандық бойынша 550 студент білім алуда.

– Мен «Серпін» бағдарлама­сымен Тараз қаласынан келдім. Ашық есік  күні шарасы барысында мамандығымды дұрыс таң­дағаныма көз жеткіздім. Мек­тепте оқып жүргенде Павлодар алюминий зауыты жайлы естіп-білген едім. Енді, міне сол зауыт­ты көрдім. Алған әсерім шек­сіз. Алдағы уақытта тәжірибе жи­нақ­тап білімімді шыңдағым келеді, – дейді  түсті металлургия кол­леджінің студенті Арман Тасул.

Қазір компания кәсіп­орын­дары орналасқан өңірлердегі уни­верситет пен колледждерде ERG күндері өтуде.

 

ПАВЛОДАР