Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Ұлттық аспап ұлықталды

518 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра-дастан» атты мере­­келік шара өтіп, онда көрмеге 40-қа жуық домбыра қойылды. Шараның мақсаты – хал­қы­мыздың ұлттық аспабын жан-жақты насихаттап, өзіне тән ерекшелігін көпшілікке жеткізу.

Ұлттық аспап ұлықталды

Музей директоры, ақын Қайрат Сабырбайдың айтуынша, домбыра көшпенді халықтың рухани жағдайын, тұрмысы мен тарихи шындығын сипаттауға мүмкіндік беретін қарым-қатынастың өзіндік тілі болып табылады.

– Даналарымыз бен даралары­мыз­ға серік болған, халқымыздың үнін ғасырлар бойы асқақтатып келе жатқан аспабымызды ұрпаққа үлгі ету біздің асыл парызымыз, – деді Қайрат Сабырбай. – Дом­быра көрмесіне өлкемізден шық­қан елімізге танымал Жәнібек Кәр­менов, Келденбай Өлмесеков, Болат Сыбанов сынды тұлғалар мен өнер саласының майталмандарының және бүгінде айтыс сахнасында өнер көрсетіп жүрген белгілі айтыскер ақындардың домбыралары қойылды. Ұлттық аспаптың «Ән домбырасы», «Күй домбырасы» секілді бір­неше түрге бөлінетінін және оның құ­ры­лысы туралы деректерді осы көр­меден білуге болады. Сонымен бірге қандай ағаш түрлерінен жасалатыны жайында да ақпараттар берілген.

Тарихи-өлкетану музейінде өткен көрменің ашылу салтанатында қаламыздың белгілі өнер қайрат­керлері, әншілері мен күйшілері өнер көрсетіп, естеліктерін айтты. Домбырамен сүйемелдеп, ән-күй орындаушылар Берік Омаров, Батыр Фархатов және №1 музыкалық мектеп оқушылары да шараға белсене қатысып өз өнерлерін ортаға салды. Кеш барысында ақындар арнау айтып, халықпен біте қайнасып кеткен домбыра тарихын жырға қосты.

 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ