Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Үкімет басшысы Арысты қалпына келтіру жұмыстарын апта сайын тексеріп тұрады

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркістан облысына сапары барысында Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. 17 секторды аралап, жөнделіп жатқан үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді. Арысқа осымен екінші мәрте келген Премьер-Министр шаһардағы «Көктем-1», «Көктем-2» ықшам аудандарындағы тұрғын үйлердің, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен темір жол вокзалы ғимараттарының құрылыс қарқынын көрді. Айта кетерлігі, бүгінге дейін Арыста 551 нысан қалпына келтірілген.

Үкімет басшысы Арысты қалпына келтіру жұмыстарын апта сайын тексеріп тұрады

Әуелі Арыс қалалық орталық ауруханасындағы құрылыс алаңына барған Асқар Ұзақбайұлына денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов емдеу мекемесінің бүгінгі жағдайы туралы айтып берді.

Сала министрі «Арыстағы ауруханада жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан науқастар уақытша емханаға емделуде, бір ай ішінде мұндағы жағдай толықтай ретке келтіріледі», деп сендірді. Қазіргі уақытта ауруханаға «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазойлсервис» ЖШС қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Арыс қалалық орталық ауруханасындағы медициналық қондырғыларды жаңарту 1 тамызға дейін жүзеге асатын болады. Бұл мәселеге қажетті қаражат бөлінді. Жарылыс кезінде зақым келген медициналық құрал-жабдықтар толықтай жаңартылып, оларды сатып алу жағы шешіледі», деді Елжан Біртанов.

Сапар барысында Үкімет басшысы Жамбыл облысының штабына берілген тұрғын секторында болып, халықпен кездесті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев халыққа қаланың әскери снаряд қалдықтарынан түгел тазартылатынын айтты. Сектор тұрғындары жамбылдықтардың жөндеу жұмыстарын жақсы ұйымдастырып жатқанын тілге тиек етіп, мемлекет қамқорлығына алғыс білдірді.

Арыстық тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған Асқар Мамин: «Көріп отырсыздар, бір айдың ішінде барлық жұмыс бітеді деген сенім бар. Апта сайын келіп, жөндеу жұмыстарын тексеріп тұрамыз», деді.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығына болып, тұрғындарға 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.  

Апаттан зақым келген нысандарды аралау қорытындысы бойынша Премьер-Министр облыстық штабта Арыс қаласын қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету аясында 650 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлем жүргізілгенін айтып өтті.

Қорғаныс, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкі істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің басшылары әлеуметтік қолдау шаралары, медициналық қызметтер көрсету, тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Арыстағы өздеріне тиесілі секторлар бойынша Алматы облысының әкімі А. Баталов, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі  О.Оразалин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы қысқаша есеп берді.

Бүгінде 676 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі кезде барлық секторлар жұмыстармен қамтылған, 3 040 жеке тұрғын үй құрылысы мен көпқабатты тұрғын үйлер нысандарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, 190 құрылыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшылар мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыстар 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарында жүргізіліп жатыр.

Кеңесті қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаланы қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.

«Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс», деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы сала жауаптыларына Арыстағы айтып келмеген апат салдарынан қираған бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды уақытылы қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әрі, медициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдап, білім беру мекемелерін жаңа оқу жылының басталуына сақадай-сай етуді міндеттеді.

Арыс