Спорт • 11 Шілде, 2019

Шымкентте «Ордабасы» және «Торпедо» командаларының баспасөз мәслихаты өтті

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінің аясында, бүгін (11 шілде) сағат 20:00-де Шымкент қаласы, Қажымұқан атындағы орталық стадионда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Торпедо» (Кутаиси, Грузия) күш сынасады. Осыған орай кеше «Rixos Khadisha» қонақүйінде матч алдындағы баспасөз мәслихаты өтті. Оған командалардың бас бапкерлері қатысты.

Шымкентте «Ордабасы» және «Торпедо» командаларының баспасөз мәслихаты өтті

Жиында сөз алған шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададзе команданың ертеңгі ойынға тас түйін дайын екенін жеткізді.

«Торпедо» Кутаиси - қарымды команда. Біз команданың соңғы үш жылда өз еліндегі мүмкін болған жүлделердің барлығын ұтқанын жақсы білеміз. Команда ел чемпионаты, кубок пен Супер кубокті жеңді, ал өткен жылы ішкі чемпионатта екінші орын иеленді. Қазір де командада ойыншылар ауысып жатыр екен. Дегенмен, ойында жеңуге «Ордабасының» тәжірибесі жетерлік. Біздің жігіттердің көңіл күйі жақсы. Жарақаттан аманбыз. Әр матч біз үшін маңызды. Сондықтан алдағы ойында жеңіске жетуге бар күшімізді саламыз»,  деді бас бапкер.

«Ордабасының» капитаны Мардан Төлебек: «Алғашқы матчта Шымкентте ойнағалы тұрмыз. Бұл, бір жағынан бізге де жігер береді деп ойлаймын. Себебі, жанкүйерлердің қолдауы әрқашанда маңызды. Баршаңызды ойынды тамашалауға шақырамын»,  деді.

Қарсылас команданың бас бапкері Кахабер Чхетиани болса: «Ойындарыңызды бұған дейін тамашаладық. «Ордабасы» - осал емес, мықты клуб. Командаларыңызда бір-бірін жақсы түсінетін шебер футболшылар бар. Бәрін жасыл алаң көрсетеді»,  деп қысқа қайырды.

Айта кетсек, шымкенттік «Ордабасыға» қарсылас атанған Грузияның «Торпедосы» қайбір жылдары КСРО Бірінші лигасында чемпион атанып, Жоғары лигада 13 маусым өнер көрсеткен. Грузия тәуелсіздігін алған соң «Торпедо» Умаглеси лигасында төрт мәрте чемпион болған. Еурододаға 1998 жылдан бері қатысып келеді. 2012/13 жылғы маусымда Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Ақтөбемен» кездескен. Қос матчтың қорытындысы бойынша 2:1 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған. Тарихындағы үздік көрсеткішке былтыр қол жеткізген. Еуропа лигасының топтық кезеңіне бір қадам жерде Болгарияның «Лудогорец» командасынан жеңіліп қалды.

Айта кетерлігі, «Ордабасы» мен «Торпедо» (Кутаиси) командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Қарымта кездесу 18 шілдеде өткізіледі. Бұл жұптың жеңімпазы екінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Млада Болеслав» командасымен 25 шілде және 1 тамыз күндері шеберлік байқасады.