Экология • 12 Шілде, 2019

Экология – ел ертеңі үшін маңызды

3166 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті қыз­ме­тіне кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қоршаған ортаның қа­зіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елі­мізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Эко­логиялық кодекс қабылдау керек», – деген еді. Көп кешікпей елімізде жаңа министрлік құрылды. Ол – Қазақстан Республикасы Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі.

Экология – ел ертеңі  үшін маңызды

Канадалық режиссер, сценарист Аланис Обомсавин деген азамат бар. Сол азаматтың «Соңғы ағаш кесілген кезде, соңғы балық ауланған кезде, соңғы өзен уланған кезде ғана сіз – банктегі шоттың байлық болмайтынын, ақшаның тамақ болмайтынын түсі­не­сіз, бірақ ол кезде бәрі кеш болады» деген сөзі бар. Расында да өзендер тар­тылып, құзарлардағы мұздар еріп біт­се, дала шөлейтке айналса, жан-жануар мен адам баласына азық болар өзге тіршілік иелері құрып бітсе, ал­тын-күміс пен банктегі есепшоттың да құ­ны қалмаған болар еді. Сондықтан да болар, әлем елдерінде қоршаған орта­ны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөле­тін­дердің қарасы артып келеді. Өйт­кені олар мәселенің өте күрделі еке­нін түсінді. Елімізде қоршаған ортаны қорғауға, жер қойнауы мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға жауапты министрліктің құрылуын да осынау үл­кен жауапкершілікті сезінудің үлгісі деп білеміз.

Әрине «балапанды күзде санайды», дегенмен жаңа құрылымның алдында аса күрделі бірнеше мәселе тұрған тәрізді. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиевті қабылдаған кезде берген тапсырмалары куә. Қазақстан Президенті жаңа министрлікке қоршаған орта мен табиғи ресурстарға қатысты соны сипат­тағы міндеттер жүктеді. 


 Біреуінде – 101, тағы бірінде 25-орындамыз

Әлемде қоршаған ортаның тазалығы мен ластануына қатысты түрлі индекстер жа­салады. Бірі ластану деңгейіне қатысты болса, келесі бірі тазалыққа байланысты. Йель университетінің экологиялық саясат және құқық орталығының екі жылда бір жасайтын The Environmental Performance Index рейтингінде Қазақстан 2018 жылы 101-орында тұрақтапты. Бұл рейтингке әлемнің 180 мемлекеті қатысқан. Бұл зерттеу 10 категория мен 22 көрсеткіш негізінде жасалады. Сөйтіп әлемдегі ең таза һәм экологиялық саясатты жүйелі жүргізетін елдердің тізімін жасайды. Бұл рейтингтің көш басында Швейцария тұр. Ондықты Финляндия түйіндейді. 

Экологиялық таза елдердің ондығына Азия, Африка, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Аустралия құрлықтарынан бірде-бір мемлекет кірмеген. Әйгілі Жапонияның өзі 20-орында тұр. Біз сөз басында айтқанымыздай, 101-орындамыз. Ал антирекордтық, яғни қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты рейтингте 25-орындамыз. Pollution Index for Country деп аталатын рейтингке 102 мемлекет қатысқан. Соңғы орында Финляндия тұр. Бірақ бұл индексте соңғы орындарда қалу мәртебе саналады. Өйткені бұл дегеніңіз ластану көрсеткіші төмен елдер дегенді білдіреді. 

Жалпы, рейтингтер мен түрлі индекс­тер мәселенің мән-жайын толық ашып көрсете алмайды. Дегенмен, қоршаған ортаны қорғау ісінде олқылықтарымыз бар. Біз әлі күнге тұрмыстық қал­дық­тарды толық өңдеуден өткізудің жүйе­сін қалыптастыра алған жоқпыз. Кәсіп­орындардың қоршаған ортаны қор­ғауға қатысты көзқарасы түзелмеді. Мә­селен, биылғы көктемде Жайық өзе­нінде балық қырылған еді. Тергеп-тек­серу жұмыстары кезінде балықтың қырылуына «Атырау су арнасы» кәсіп­орны кінәлі екені анықталды. Ал бір ғана Павлодар облысында 2019 жылдың алғашқы үш айында 344,8 мың тонна зиянды зат ауаға шығарылыпты. Егер өзге өңірлерді де қосар болсақ, ауа­ға зиянды қалдықтар шығаратын кәсіп­орындар, тұрмыстық қалдықтар көлемі миллиондаған тоннаға жетер еді. Демек, антирекордтық рейтингтердегі деректер ауадан алынбағаны анық. 


Экологиялық мәдениетімізбен мақтана алсақ жақсы еді...
Президент Қ.Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрін қабылдаған кезде халықтың экологиялық мәдениетін арттыруды тапсырыпты. Ал экологиялық мәдениет мәселесінде біз тағы да мақтана алмаймыз. Жыл басында табиғат қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлер қолынан қаза тапқаны елдің есінде. Көктемде заңсыз балық аулағандардың көп ұсталып жатқанын да естігенбіз. Шөп шүйгін шықсын деп даланы өртеп, оның соңы орман өртіне ұласатын кездерді де көріп жүрміз. Кәуап үшін сексеуіл шауып, отын қылатындар да арамызда кездесіп қалады. Күре жолдардың бойында шашылып жататын пластикалық құтылар мен алюминий қалбырларды пойызбен немесе көлікпен жүретіндердің талайы көрген. Оған ірі зауыттардың өзен-көлдерге төге салатын лас сулары мен ауаға шығаратын улы түтіндерін қосыңыз. Ал айналаны тазалау ісіне тек сенбіліктерде ғана шығатынымыз да жасырын емес. Сөйте тұра, таза жерге барып демалғымыз келетіні бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейік. Жа­қында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауда­нының бір тұрғыны 304 қайың­ды кесіп тастағаны белгілі бол­ды. СҚО полицейлері бес күн ішінде қоршаған ортаны қор­ғау заңнамасын бұзғандарға қатыс­ты 117 оқиға тіркеген. Ал Қоста­най облысының Тимирязев ауда­нының бір тұрғыны уылдырық шашатын кезде 300 кг шортан, алабұға мен мөңке балығын аулапты. 

Қоғам өзгеріп келеді
Бәрін жоққа шығарудан аулақпыз. Қазақ қоғамы өзгеріп келеді. Қыста табиғат қорғау инспекторларына браконьерлер шабуыл жасағанда бұқара өре түрегелді. Әлеуметтік же­лі­лер қарақшылардың әділ жаза­лануын талап етіп, Ішкі істер министрлігіне талап қойға­ны бар. Экологиялық ақпарат­тар­ды тарататын санаулы белсен­ді­лердің жаңалықтарына да на­зар аударатындар саны кө­бейіп келеді. Бір ғана Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің әлеуметтік желі­лерде тарататын фотолары мен ақпараттары талай масс-медиаға «азық» болып жүр. Қазақстанда АЭС салу мәселесі көтерілгенде де бұқара әжептәуір наразылық танытты. Халық бірінші кезекте атом электр стансасының экономикалық тиімділігін емес, одан төнетін қауіп-қатер мәселесіне, экологияға тигізуі мүмкін зардабына назар аударып кетті. Елімізде бірыңғай экологиялық ақпарат тарататын интернет ресурстар да жұмыс істей бастады. Еріктілер де түрлі шаралар өткізіп жатыр. Мәселен, мамырдың соңында Талас өзенін тазалау бойынша акция өтсе, Ақтөбеде еріктілер Сазды өзені­нің арнасын тазалауға кірісті. Со­нымен қатар аталған облыс­та «Жас эколог-2019» акциясы өткені бар. Сәуір айында елор­далық блогерлер жол бойына ша­шылған пластикалық құты­лар мен алюминий қалбыр­ларды жинау челленджін өткіз­ген болатын. Блогерлер бірне­ше сағат ішінде 95 қап пласти­калық бөтелке жинағаны белгілі болған. Демек, біздің халық бүгінгі күніне емес, келер ұрпақтың саламатты өміріне алаңдауды бастаған тәрізді. Тек бұқараның табиғат қорғау ісіне белсене араласуына мемлекеттің қолдауы керек. Сонда ғана билік пен бұқараның табиғат қорғау дейтін ұлы миссияда бірігетіні айқын. Жаңа министрлік осы миссияны жүзеге асыруда мықты үйлестіруші болар деп үміттенеміз.