Экономика • 12 Шілде, 2019

Орталық Азияның «нан кәрзеңкесіне» айнала аламыз ба?

881 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сарапшылар «әлемдік астық нарығы әлдеқашан бөліске түсіп қойған» дегенді биылғы жылдың басынан батыл айтып жүр. Демек, біз үшін Орталық Азияның «нан кәрзеңкесіне» айналудың жалғыз жолы астық экспортын шектеу деуге болады.

Орталық Азияның «нан  кәрзеңкесіне» айнала аламыз ба?

Астық экспорттаушылардың ішінде ЕО елдерінің үлесі – 40 пайыз. Мұндағы ең ірі на­рық Голландия, Франция және Ир­ландияға тиесілі. Таяу Шығыс ел­дерінің ең ірі экспортері – Ирак. Одан кейінгі орында Си­рия мен Сауд Арабиясы тұр. 

БҰҰ Азық-түлік және ауыл ша­руашылығы ұйымының эко­номисі Дмитрий Приходько ке­йінгі 10 жылда дүние жүзі бойын­ша бидай өндіру көлемі 17 пайызға өскенін айтады. Азық-түліктік мақсатта бидай тұтыну мөлшері 509 млн тоннадан 600 млн тоннаға дейін артқан. Үндістанда бидай тұ­тыну 79 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өскен. Осы қар­қын сақталса, бұл мемлекет таяудағы 10 жылда тұтыну кө­ле­мі бойынша Қытайды басып озуы мүмкін. Пәкістан, Мысыр, Эфиопия, Алжир, АҚШ, Иран, Бангладеш, Нигерия, сондай-ақ Сахарадан оңтүстікке қа­рай орналасқан Судан мен Мо­зам­бикте де тұтыну мөлшері өседі деп күтілуде. 

Экономистің мәліметінше, соңғы 7 жылда астықтың бағасы арзандауына байланысты экс­порт­талған өнімдердің құны да 31 млрд доллардан 30 млрд дол­ларға дейін төмендепті.

– Дүние жүзінде бидай ұны­ның экспорты 10 жылда 10 млн тоннадан 14 млн тоннаға дейін өсті, демек әлемдік бидай ұнының саудасы 38 пайызға өс­кен. Ал басқа да ұн түрлерінің экспорты – 1,1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін, жарма өнім­дерін экспорттау – 2 млн тоннадан 2,4 млн тоннаға дейін өсті, – деді Д.Приходько. 

Еуропалық одақта ұнның бір тоннасына 172 доллар мөл­шеріндегі баж салығы енгі­зілген. Бұл одаққа еркін сауда-саттық туралы келісім-шартқа отырған елдер ғана өнім кіргізе алады.

Сарапшы Андрей Куп­чен­ко бізбен әңгімесінде Орта­лық Азия Қазақстан үшін сенім­ді нарық көзі екенін тілге тиек етіп өтті. Мұндағы біз­дің басты сатып алушымыз – Ау­ғанстан. Біздің елдің Ауған­стан на­ры­ғындағы үлесі – 80 па­йыз. Жалпы алғанда Қазақ­стан мен Пәкістан Ауғанстан на­ры­ғын­дағы 75 пайыздық үлеске ие. 


«Бидайды қайта өңдеу» ода­ғы­ның президенті Евгений Ган мұндай болжамға сенбейтінін айтады. Бұл уақытша құбылыс екен. Егер, астықтың бағасы өссе, бізді ол елден ығыстырып жіберетіндер сол сәтте-ақ табылады. 

Әлемде өндірілген ұнның аз бөлігін тұтынып, көбін экспортқа шығаратын бізден басқа мемлекет жоқ. Мысалы, 2017 жылы 3,7 млн тонна ұн өндірсек, оның 2,3 млн тоннасы экспортқа шығарылып, 1,3 млн тоннасы ішкі нарықта қа­лыпты. Бір кездері еліміз ұн нары­ғындағы көшбасшылығынан айырылып барады деп уайымдаған едік. Бірақ қазіргі жағдайда алаң­дауға себеп жоқ. 

Мамандар 2017-2018 жылдары ұн экспорты 2010 жылдардағы жо­ғары деңгейге қайта көтерілгенін айтады. Евгений Ганның пайымдауынша, бізге алысқа көз салудың керегі жоқ. Орталық Азияда бидай өңдеу мен нан өнімдерін өндіру нарығы әлдеқашан қалыптасты. 

Енді тәтті күлше өндіруден жарысамыз

...Бұл «Бидайды қайта өңдеу» одағының президенті Евгений Ганның тұжырымы. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы астық өнімдері бойын­ша біз Еуразияның «нан кәрзең­кесі» болуымыз керектігін, сонда ғана біз халықаралық нарықта бә­секеге қабілетті бола алатыны­мызды айтқаны белгілі. Қазақстан үшін «нан кәрзеңкесіне» айна­лудың екі жолы бар. Бірі – бидай экспорты, екіншісі – ұн экспорттау. Мамандар бізге соңғысының тиімді екенін өткен жылдан бас­тап жиірек айтып жүр. Өңдеу өнеркәсібі арқылы жұмыс орнын көбейтуге, одан асса көбірек пайда табуға болады. Бір ғана Өз­бекстанның мысалында айтар болсақ, ұзақ жылдар бойы экспортталатын ұнның 75 пайызы Өзбекстанға тиесілі еді. 2011 жылы экспортқа шыққан төрт вагон ұнның үшеуі Өзбекстан жеріне жеткізілген. Бірақ кейін бидай экспорты жоғарылап, ұнды сатып алу деңгейі төмендей берді. Мысалы, 2007 жылы Қазақстан Өзбекстанға 157 мың тонна бидай мен 732 мың тонна ұн экспорттаса, 2015 жылы, керісінше, 1 млн 405 мың тонна би-дай мен 818 мың тонна ұн сатқан. 

Астық экспортымен бюджеттің бір бүйірін қампайтып келген елі­міз биыл сыртқа әдеттегіден 10 пайыз төмен бидай экспорттап­ты. Оның үстіне, баға да 0,4 па­йыз­ға арзандаған. Әсіресе Иран мен Ресейге тасымалданатын бидай­дың көлемі қысқарған. Осылайша, бидай экспортынан түсетін табыс соңғы бес жыл бойы төмен сыр­ғып, 2017 жылы олжамыз 382 мил­лион долларға жетті. 2018 жылдың көр­сеткіштері әлі мемлекеттік дең­гейде сараланған жоқ. 

– Бұл тұрғыда Ауғанстан бізге та­бысты нарық болды. Бұл елге 2016 жылы шамамен өз ұны­мыз­дың 67 пайызын экспорттаған бол­сақ, 2019 жылы бұл көрсеткіш 

80 пайызға жетеді деп болжап отырмыз, – дейді Е.Ган.

Ал бұл нарықтық тәуекел тұр­ғысынан айтарлықтай жақсы көр­сеткіш емес. Ауған нарығында Пә­кістан бізге мықты бәсе­келес. Пәкістанда нарықты реттеу саясаты кенеттен өзгерсе, елімізде ұн экспортының нарығы үшін жағдай күрт нашарлайды.

Сол себепті, Евгений Ган­ның ай­туынша бізге экспорт мәсе­ле­сімен айналысатын бөлек құры­лым керек. Тиісті ведомстволар проб­леманы терең зерттемейді, ат­үсті қарайды. 
– Осыдан 10 жыл бұрын ұн экс­порты бойынша әлемде бірінші орында едік. Бірақ кейін кенжелеп қалдық. Қазір жан-жағымыз өз бидайымызды өзімізге қуырып беруді үйренді. Бізден бидай экспорттап келген елдер енді бидайдан дайындалған дайын өнімдерді өзімізге импорттауға көшті. Қазақ­стандық өнімді тұрақты тұтынып келген көптеген мемлекет қазір өздері өндіретін болған, – дейді Евгений Ган. 

Мемлекеттің қолдауы керек

Кейінгі жылдары сыртқы нарық көлемі тарылып барады. Ор­талық Азия елдері сауда-саттықты тарифтік емес шектеу шараларын қолдана бастады. 

– 2017 жылғы өнімді сату мә­се­лесі дұрыс ұйымдасты­рыл­­ма­ғандықтан, 2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде бас­тай алмау қаупі төнді. Абырой бол­ғанда Үкімет өткен жылдың жел­тоқсанында «Азық-түлік корпорациясынан» 2 млн тонна бидай сатып алу туралы келісімді мақұлдады. Біз үшінші сорт­ты бидайдың тоннасын 42 мың тең­геден саттық. Бұл жақсы баға емес, себебі жиын-терім кезін­де оның бағасы 50 мың теңге­ге жетті. Түскен табысқа диқан­дар несиелерін жапты, көктемгі жұ­мысқа қаржы бөлді. 2017 жыл­дың қаңтар-мамыр айларында Қа­зақ­стан 1,6 млн тонна бидай мен арпа экспорттады, – деді Евгений Ган.

Алдағы уақытта астыққа деген сұраныс тағы да төмендеуі мүмкін екенінін астық нарығын жіті ба­қылап отырған сарапшылар да айта бастады. Еліміз 2007-2010 жылдары ұн экспорттаудан әлемдегі көш­басшы болды. Ұн өндіріп, оны шетел нарығына шығарудан асы­ғымыз алшы тұрған 2007 жы­лы әлемдік нарыққа 1 миллион 454 мың тонна ұн шығарып, Түр­кия мен Еуроодақты басып озған­быз. Осы қарқыннан танбай, 2010 жылы 2 миллион 296,7 мың тонна ұн экспорттадық. Деген­мен содан кейін бірден көш­басшылықты қолдан беріп, тіпті бұл салада құлдырау белең алды. 2010 жылдарға дейін отан­дық агрохолдингтердің бидайды Қара теңіз порттарына дейін жет­кізуге әлеуеті жетті. Бірақ тасымал құнының қымбаттығы экспорттың Қара теңізге шығуына тосқауыл қойды. Сондықтан экспорттық бағыт Орталық Азияға ауысты. 

Ұн тартушылар бұл мәселені өздігінен шеше алмайды, мемлекеттің қол­дау­ынсыз алдағы уақытта да өз ұс­танымын жоғалтқаны жоғалтқан. Сол үшін бидай егетін алқапты тағы 2 млн гектарға азайтып, баға­сы қымбат майлы дақыл егуге көшу керек. 

Қазір экспорттық өсім тек Ау­ғанстан бағыты бойынша ға­на әжептәуір пайда әкеліп жатыр. Бірақ Ауғанстан да сенімді на­рық емес, себебі оның көршісі Пәкіс­тан да жоғары сұрыпты бидай өсіреді. Ауғанстанның ауыл ша­руа­шылығы министрлігі елдің экпорттық әлеуетін арттыру және жүк айналымын ұлғайту үшін өз аумағында арнайы терминал салуды жоспарлап отыр. Соңғы жылдары Пәкістанның да бидай нарығындағы ұстанымы өзгерді. Бұған қоса Өзбекстан ұн өндірісіне ерекше назар аудара бастады. Осы арқылы олар астық тұтынушы елдердің нарығын жаулайды. Мұның барлығы бізді бейқам отырудан сақтандыруы тиіс. 

Қазақстан тағамтану акаде­мия­сының вице-президенті Юрий Синявскийдің айтуынша, Өз­бекстан бидайды қайта өң­деу ісін жолға қойғаннан бері нан өнім­дері өндірісіне көңіл бөле бастады. Өнімді неғұрлым терең өңдеу ел экономикасына да, кәсіпкерлік саланың дамуына да тиімдірек. Бұған дейін қазақстандық агрохолдингтердің артықшылығы астықты Қара теңіз портына дейін жеткізу болған, тарифтің көтерілуіне байланысты бұл жол енді тиімсіз. Шаруалар өз өнімін өткізудің басқа жолын іздей бастады. Осылайша, Орталық Азия нарығына ауыз салды. Бұл осыдан сәл бұрын қазақстандық ұн экспортталып жүрген нарық болатын. Міне, осы сәттен бастап қазақстандық ұн мен астық өзара бір-біріне бәскелеске айналып шыға келді. Бұл елдерде таңдау пайда болды. 


Астық пен ұнның қайсысын сатқан тиімді?

Көршілес елдер ішкі өңдеу саласына қолдау көрсетуді қолға алды. Өзбекстан импорт ұнға 15 пайызға дейін акция енгізді. 2014 жылы бажды 11 пайызға дейін төмендетті. Есесіне макарон өнімдеріне салынған бажды 15-тен 30 пайызға арттырды. Осындай жағдай Тәжікстанда да орын алды. Онда шетелдің ұнына 18 пайыз көлемінде, ал астыққа 10 пайыз ҚҚС төленуі тиіс. Бұл жағдай да қазақстандық ұннан гөрі, астық экспортына тиімді болды. Біздің елде бидай лоббиі басым, одан жасалатын тағам түрлеріне дұрыс көңіл бөлінбейді. Сол себепті алыс-жақын көршілерімізге өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп, импорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік ұсынып отырмыз. 

Юрий Синявскийдің айтуынша, мемлекеттің бақылауынсыз, қол­дауынсыз экспортқа бағыт­тал­ған өнім түрлерін шығару мүм­кін емес. Ұн шығаратын кәсіп­орындар көрші елдердің экспорттық өнімдерге қатысты ұстанымына ықпал ете алмайды. 

Бұл ойды Евгений Ган да қол­дайды. 

– Біз араб елдеріне немесе Қы­тайға бидай экспортын көбейт­­кенімізге мәзбіз. Бидай экс­пор­тының көлемі ұлғайған сайын ұн және ұннан жасалған өнімдердің экспорты зардап шегеді. Бидайға қатысты экспорттық саясатты әрта­раптандыру керек. Бұл үшін мем­лекетке бидай экспортын әрта­раптандыру мен дамытуға қатыс­ты жүйелі саясат қажет, – дейді Евгений Ган. 

Ол ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспорттық әлеуеті деген мәселе құзырлы орындарды толғандырмайды деген ойға басымдық беретінін жасырмай айтты. «Агробизнес-2020» бағдарламасында өнімдерді қайта өңдеп, экспортқа шығару туралы бір ауыз сөз жоқ. Бізге бидай лоббилерінің экспорттық тәбетін шектеп, қайта өңдеу кәсіпорындарының санын көбейту керек. Ұн экспорты мәселесі бірінші орынға қойылуы тиіс. Бидайға және оны өңдеуге қатысты көп мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзіретіне кірмейді. Сондықтан министрліктің құзіретін кеңейту керек. Бұл көршілеріміздің тарапынан байқала бастаған азық-түлік экспансиясының алдын алатын фактор, – деді Евгений Ган. 

Оның пікірінше, Қазақстан әлемдік астық нарығында үздік елдердің қатарында болғанымен, ішкі пайда түсімі жағынан олай мақтана алмайды. Себебі әлемдік бидай нарығындағы Қазақстанның ұны мен бидайының бағасы егіннің бітік болуына байланыс­ты емес. Біз әлемдік деңгейдегі ойыншы емеспіз. Сондықтан бидай экспортын ұн экспортымен қатар жүргізу керек.