Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Қызылорда облысының студенттері кәсіби тәжірибе алмасты

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысындағы оқу орындарында қаржы-экономика мамандықтарын алу үшін оқып жатқан жастар көп. Өмір иірімдері болашақта олардың алған білімдерін әртүрлі салада сынаққа алуы мүмкін. Бірқатары мемлекеттік қызметте қалса, бірқатары өз мүмкіндігін бизнесте сынап көреді.

Қызылорда облысының студенттері кәсіби тәжірибе алмасты

Олардың арасында маман­дығын салық және кеден органдарымен байланыс­тырғысы келетіндер де болады.

Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов аймақтағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшыларымен кездесуінде осы мамандықты таң­даған жастардың қазірден бас­тап салық заңдылықтарының, салық төлеу жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқандығын біл­генін жөн санайтындығын айтты.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ын­ты­мақтастық туралы меморандум жасасты.

Кездесуде департамент бас­шысы болжам­далған кіріс көз­дері бойынша салықтық және басқа да міндетті төлем­дер­дің бюджетке түсуін қамтамасыз ету басты міндет екенін жет­кізді. Облыста соңғы 5 айда мем­лекеттік бюджетке бар­лы­ғы 70 млрд 310 млн теңге өндірілген. Меже­ленген жоспар 59 млрд 209 млн теңге болса, жоғары­дағы көрсеткіш жоспар­дың 118,7%-ға немесе 11 млрд 101 млн теңге­ге ар­тық орындалғанын байқатады.

– Салық төлемдерінің толық жиналуы – мемле­кеттің өз міндеттерін то­лық орындау­ға мүмкіндік береді. Жи­нал­­ған қаржы бірінші кезекте ұстаздар­дың, дәрігерлердің жалақысына және зейнет­ақыға жұмсалатыны белгілі. Сондық­тан мемлекеттік кірістер органы үшін салық­ты уақытылы төлеу­ге үгіт-насихат жұмыс­тарын жүр­гізу – басты міндеттердің бірі. Ал осы іске сіздер де атсалы­­сып жат­са­ңыздар, ол нұр үстіне нұр болар еді, – деген Ғалымжан Қал­­дыкөзұлы ынты­мақтастық ме­м­орандумы аясында студент жастар үшін көптеген шаралар белгіленіп отырғандығын айтты.

Департамент басшысы сту­денттерді кіріс органдарында тә­жі­рибеден өтуге шақы­рып, жақсы жағынан көрінген сту­­дент­­тердің болашақта мем­лекет­т­ік кіріс­тер органдары мен осы салаға қатысты жұ­мыс­­тарға орналасуы үшін қол­дау бола­тын­дығын жеткізді. Кез­десу соңында мемо­­рандумға Ғалым­жан Орынов және Қор­­қыт ата атындағы ҚМУ рек­торы­ның мін­детін атқарушы Бақыт­хан Әбдікәрімов, «Бола­шақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков, Қазақ гу­манитарлық заң және техни­калық жоғары колледж дирек­торының міндетін атқарушы Қанат Ақпанов, Қызылорда ин­же­нерлік-техни­калық колледж директоры Иса Жетербаев қол қойды.