Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Ата мұрамызды ардақтаудың үлгісі

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттегі «Түркістан» сарайы алдында Ұлттық домбыра күніне орай, төл өнеріміз төрге шығарылды. Бабамыздан мұра болып қалған домбыра аспабына арнап еңселі ескерткіш орнатылды.

Ата мұрамызды ардақтаудың үлгісі

Сәулеттік жобаның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, мәслихат депутаттары, сондай-ақ, шаһар тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, өнер мектебінің оқытушылары мен шәкірттері қатысты. Алқалы жиында ша­һар басшысы Домбыра күні­нің маңызына тоқталып, қала­лықтарды жаңа ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

«Осыдан 1 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен шілде айының бірінші жексенбісі – қазақтың киелі де қасиетті қазынасы – Ұлттық домбыра күні болып белгіленген болатын. Ұлттық дәстүр, мәдениет және бірегейлік идеяларының төңірегінде қоғамымызды одан әрі біріктіру үшін жасалған осынау мерекеге орай әкім­шілік-іскерлік орталығы аума­ғында домбыра ескерткіші бой көтеріп отыр. Бұл барша шым­кенттіктер үшін қуанышты күн. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын xалқы­мыздың жан серігі ұлттық аспабымыздың қоңыр үні мәң­гілік үзілмесін. Домбыра аспап қана емес, қазақтың жаны, фи­­ло­софия­сы деуге болады. Дом­быраның үнінен-ақ көп жайтты түсінеміз. Бұл құн­ды­­лық қала тұрғындарына, жас ұрпаққа серпін береді деп ойлаймын», деді Ғабидолла Рах­матоллаұлы.

Мерекеге орай ескерткіш алдында күмбірлеген домбыра үнімен үндесіп халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды. Мерекенің салтанатын асыра түскен айтыскер ақын Біржан Байтуов арнау айтып, Домбыра күні ұлттық рухымызды асқақ­тататын мереке болуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Биіктігі 7 метрді құрайтын тұғыр ұлттық нақыштармен безендірілген. Бұл халқымыздың музыкалық аспабын дәріптеуге арналған Шымкенттегі алғашқы ірі ескерткіш. 
Айта кетерлігі, ескерткішті орнатуға қала мәслихатының депутаттары, атымтай жомарт меценаттар қолдау көрсеткен.  

ШЫМКЕНТ