Руханият • 12 Шілде, 2019

Сөз сойыл №84

7660 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №84

БІРДЕ...

Атаның – Бауыржан Момышұлының жүз жылдық тойы Таразда өтетін кезде бір жігіт үйге хабарласып, Бәкеңмен сөйлесті. Қашан жолға шығатынымызды сұрап, өзінің бізді күтіп алып, орналастыруға жауапты адам екенін айтады да:

– Аға, апай екеуіңізге қонақүйден бір нөмер алайын ба, әлде жеке-жеке нөмерге жатасыздар ма? – деп сұрайды. Ерекше құрмет көрсеткісі келді білем.
Бақытжан болса:

– Айналайын, аталарыңның 100 жыл­дығына маған сыйлық ретінде тоқал айт­тырған болсаңдар, онда, әрине, апа­ларың­нан бөлек бөлме, әйтпесе кемпірімнің қасына жата берем, – деп жауап берді.


* * *
Телефон сылдырлағанда Бәкең барып алды да, амандық-саулық сұрасып жатты.
– Асқардың жағдайы қалай, сабағы жақсы ма? – дегенде звондап тұрған адам осы үйге етене жақын болып кеткен Айгүл Болатханқызы екенін ұқтым. Асқар – оның ұлы.

Ар жақтан менің халымды сұрады білем, Бәкең:

– Қазір тойға шақырулар көп, апаң сайраңдап жүр, тамақ жасау­ды қойды. Бір күн тойға барамыз, ертесінде тойдан әкелген сарқытты жейміз, – деді.

* * *
Ержан мен Анар әкелеріне шетелдің әдемі аяқ киімін әкелді.


– Мыналарыңның тұмсығы үшкір екен, менің аяғым жалпақ қой, – деді Бәкең. 

– Папа, жалпақ тұмсық туфлилер сәннен қалды, ал бұл соңғы шыққан керемет мода, – деген Анарға:

– Балам, мода өзгерген шығар, бірақ менің аяғым бұрынғы қалпында қалған, – деді атасы.

* * *
Бір қонақта шарап зауыттың директоры:


– Біздің өнімнің арқасында сан мыңдаған адам айлық алып күнін көріп отыр, – деп мақтанды.

– Сауықтыру орындарына пациент­терді де сіздер беріп жатырсыздар, – деді Бәкең.

* * *
Марқұм жазушы Заманбек аға Жәкеновтің ұлы Елмұрат пен келіні Несібелі – біздің туған балаларымыздай тіршіліктің әрбір сәтінде жанымыздан табылып, сүйеу болып жүрген қамқор да ардақты жақындарымыз. Ал олардың балалары немерелеріміз секілді, Бәкеңді «ата» деп еркелейтін. Сол балалардың үлкені Нұржан үйленер кезде құдалыққа қоржын көтеріп топ бастап бардық.

Келін түсіру тойының алдында Елмұрат:

– Аға, тойда біздің наймандардан жасы үлкен адамдар бар, бірақ біз үшін сіздің орныңыз бөлек. Тойды бас­тап, бата беріп, той атасы болыңыз, – деп тілек айтты. Ағасы, әрине, бұл ұсынысты қуана қабыл алды.

Тойға жұрт жиналып жатқанда асаба жігіт Бәкеңе сәлем беріп:

– Аға, мен де дулатпын, оның ішін­де… – дей бергенде Бәкең оның сөзін бөліп:

– Шырағым, оны кейін асықпай айтарсың, бүгін мен найманмын! – деді кеудесін керіп.

Зейнеп АХМЕТОВА

АЛМАТЫ


«Албасты» қатын
Күндіз қара жамылып,
Әкесі өлгендей жабығып,
Көйлегінің етегі,
Тобығына жетеді,
Екі көзі жылтыңдап,
Тұла бойы бұлтыңдап,
Келе жатқан көшеде,
Қыз-қатындар нешеме.
Ал кешкісін осылар
Түнгі клуб ішінде,
Айғыр топқа қосылар...

«Кадрлық бизнес»
Шіркін-ай, бастық орнын сатып алсам,
Бір оқпен қос қоянды атып алсам.
«Көсемсөз» көкелердің суын тауып,
Аялы алақанда жатып алсам.
Шіркін-ай, бір депутат болып алсам,
Жуанды жіңішкертпей жонып алсам.
Сессия, мәжілісте қол көтеріп,
Тым жайлы креслоға қонып алсам.
Бизнесті ақ тоқалдың атыменен,
Білдірмей өрмелесем сатыменен,
Арманым денсаулықты сатып алу,
Жүз жасты жасап өтсем ақыры мен.

«Крышасы» барлар...


Құдайдың құдіретті бұйрығымен,
Сірке де өсе келе бит болады,
Күшік те бұлаң қағып құйрығымен,
Әжептәуір әулекі ит болады.
Ал «крышасы» бар майшабақтар,
Мұхитта малтып жүрген «кит» болады.


Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ,
Маңғыстау облысы


Сұрақ-жауап

– Мырза, мен – жазушымын. «Баюдың жүз тәсілі» деген кітабым бар.

Саудагер:

– Сонша тәсілін білсең, неге қайыр сұрап жүрсің?

Қайыршы:

– Мен жазған тәсілдің жүзіншісі – осы..


– Өңің бозарып кетіпті ғой?

– Ауырып қалдым

– Дәрігерге қаралмайсың ба?

– Өмір сүргім келеді...


*  *  *
– Арманың не?


– Әр қытай маған бір доллардан сыйласа ғой!..


Қарауыл:

– Бұл жерде балық аулаға тыйым салынған! Айыппұл төлей­сіз!

– Қайдағы балық аулаған, әшейін қармақ ұшындағы құртты шомылдырып жатырмын! – депті балықшы түк білмегендей.


– Қашан үйленесің?

– Жүріп жүрген қызым несие­сінен құтылып болсын...


*  *  *
– Арақты неғып түтікпен ішіп қал­ғансың?


– Дәрігер қолыңмен үремке ұстаушы болма деп ескерткен...


Алдайды



Жұрт есіне түсірмек болып Шәмшіні,
«Конгресс-холға» жинады бар әншіні.
Сахнада әннің сөзін ұмытып
Бір белгілі әнші тұрды,
«салсаң да жүрмес қамшыны».
Фонограмма деген бәлеге алған көп сеніп,
Дайындық жасап, көрмей ме бәрін тексеріп!


Қойшыбай ШӘНИЕВ

Солтүстік Қазақстан облысы


«Осы мен не айтайын деп едім?!»

Басекеңді күтіп қабылдау бөлмесінде тұрғанбыз.

Көп күттірмей келе қалды. 

Ізетпен сәлемімізді алды. Көпті көрген көреген емес пе:

– Кезектің соңы кім екен, жігіттер! – деп, әзіл тастаған басе­кеңе біздер «тауып кеткен қал­жыңына» таңданып-тамсанып, пендеге тән сыпайылықпен бет-әлпетімізге шағын ғана маска кигізіп, қозғалақтап-қопаңдап, әркім өзінің бар екенін білдіріп жатырмыз. 

– Бірде, осы өздерің сияқты бір топ кісі тұра қалыппыз, – деп айнала анталап тұрған біздерді барлай шолып, бар оң қанат, сол қанат, ем беруші, дем берушісі түп-түгел осында болғанына көңілдене күпсініп, сөйлеп кетті: 

– Менің жанымда Ілдебай Құлықов тұрған. Ол кісі көп жылдар жауапты қызметте істеді. Бір-екі жылдай республикалық газеттің редакторы болған. Онда да көп тұрмай, бірер жылдан соң осы қазіргі қызметіне көтерілген. Бір кезде бірге істегендікі ме, әйтеуір, қазір де аралас-құралас­пыз, – деп, сәл тыныстаған сәтін­де алдымдағы неше алуан бас­тардың арасынан сығалап ұрлана басекеңе көз тастап едім, аузы сөйлеп «іс» тындырса, отты жанары алдыңғыларды аралап сараптай бастаған екен...

Не деген қабілет десеңізші. Өзекті әңгіме айтып елді аузы­на қаратқаны былай тұрсын, әркімнің өзіне деген пиғыл-ниетін сол сөзін тыңдаған болмысынан ажы­ратып-анықтап алмақшы. 

– Ал қазір министр боп ке­кірейіп отырған мына Өздебай Қаржаубаев бәріміз құрдас болатынбыз. Ол жасынан жиналыстарда қолын сілтей сөйлеп тұратын. Ол да... – деп, ол кісінің жүріп өткен жолын тілге тиек ете бастаған...

– Ол кісі жақсы кісі еді... (марқұм болған біреуді нысанаға алғанын біле қойдым). Кімге жақсылық жасамады дейсің. Мені қазіргі академиктердің атасы Кемел Жасановпен сол кісі таныстырған. Ана вице-президент Төре Есқараевқа да ертіп апарып: «Мынау сенің жақын інілеріңнің бірі, оң қанатыңа ал», – деп те қамқорлық жасап еді... Жақсы кісілер көп тұрмайды екен ғой... Сол кісі бастап тобымызбен Үмбет Шілібаевтің үйіне бара қалдық. Үмбет Шілібаев онда осы жақын маңда тұратын. Ол кісі де біраз жауапты қызметтің белін басты-ау-ей!

...Жап-жас, мына сендерден де уыз шағында білдей бір газеттің жауапты хатшысы, одан балалар журналын басқарғаны бар, көп кідірмей өрлеп, жоғарыдан бір-ақ шықты. Енді, міне, біраз жылдан бері табан тіреп баспа басқарып келе жатқаны... – деп, сәл ойлана кідіріп тұрып: 

– Осы мен не айтайын деп едім? – деп қойып қалғаны. Үнсіз тұрған біздер қатты састық...

–  Ойпыр-ай-ә! Не айтайын деп едім-ей! 

...Сол сәт іштегі жұп-жұмыр қара телефон шырылдап қоя беріп, басекең лып етіп ішке кіріп кеткені...
Жанарыма жанарын қадауға мұрша бермеген қара телефонға риза болғаныммен, көптің көз алдындағы «Осы мен не айтайын деп едім?» деген сөйлем көкейіме кептеліп тұрып алды.
 
Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы


«Вахтовый әдіс»

– Топ құрап өлең айтқыштар көбейіп кетті.
– Таңданатын несі бар, біреуі ән айтса, екіншісі демалып тұрады. Вахтовый әдіс деген осы.
 
Күмән
– Балам, атың кім?
– Зейнеткер.
– Бәлкім, Ардагер шығар.
– Жо, жоқ. Зейнеткер-Пенсионер.
– Зейнет жасы одан да ұзарып кетер, тез жетсін деп ырымдап әкең мен шешең тым ерте қамданған екен.

Қайтып келемін

– Ақылымды аласың ба, – деді Дәлу әйелі Бәлуге.
– Сатулы ма, тегін бе?
– Үйде отырып ақша табасың. Оңай олжа, сотпен ажырасамыз. Үкіметтен 5 балаға жәрдемақы аласың.
– Одан әрі қараң батып, құрып кетпейсің бе ?
– Өллә, біллә, ақша алған күні қарашаңырағыма қайтып келемін.

Жоғалған қалашық

– Қыстағы мұз қалашықтың орны бар да, өзі жоқ?..
– Аталарымыз айтқан жоқ па: «Атын ата да, итке таста» деп...

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ

Қызылорда облысы