Тарих • 14 Шілде, 2019

«Жас ұлан» ұйымына қатысты тың құжаттар табылды

1539 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1969 жылы негізін Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернаттың (қазіргі гимназия-интернат) ұлтшыл оқушылары қалаған «Жас ұлан» ұйымы жөнінде біршама зерттеу мақалалары жазылды. Түрлі БАҚ-та жарық көрген жарияланымдарда 1964 жылы Мәскеуде қазақ студенттері арасында Әуезов Мұрат Мұхтарұлы құрған «Жас тұлпар» ұйымын өнеге тұтқан оқушы жасөспірімдердің Кеңес үкіметінің, коммунистік партияның ұлттық саясатына қарсы бағытталған астыртын саяси іс-әрекеттері баяндалған. Сондай-ақ ұйымды МҚК (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) басқармасы әшкерлегеннен кейінгі олардың қиын тағдыр-талайлары және іс-әрекеттерінің нәтижелері де айтылған.

«Жас ұлан» ұйымына қатысты тың құжаттар табылды

Жуырда Павлодар облыстық Мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қорынан «Жас ұлан» ұйымына қатысты тың материалдар табылды. Бұдан 2 жылдай бұрын «құпия» белгісі алынып тасталған екен. Жарты ғасыр бойы бойы жұртшылықтың назарына ілікпеген істі іздестіріп тапқан адам – бір кездегі «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшесі, қазіргі кездегі еңбек ардагері, шежіреші, өлкетанушы Қайролла Кәженов.

Іс 56 беттен тұрады. Кейбір құжаттар 2 данадан жинақталған, оларды санамағанда іс 41 бетті құрайды. Материалдармен танысқанымызда біздің өзімізге белгісіз біршама жайттың анық-қанығына көз жеткіздік. Бұрынырақ «ҚК Павлодар обкомының І хатшысы Буров Иван Михайлович (1965-1975 ) жас ұландардың белсенділерін бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде ҚК ОК І хатшысы Д.А. Қонаевқа ұсыныспен шығыпты, бірақ ол кісі қолдамапты» деген сыбысты естігенбіз. Шындығында, біздің ісімізге Дінмұхамед Ахметұлының өзі араласып, тағдырымызға араша түскенін енді ғана аңғарып отырмыз. Егер қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде Қазақстан Компартиясының І хатшысы нар тәуекелге бел бумаса өзіміз соншалық көксеген осынау егемендік кезеңіне тірі жетер ме едік, жетпес пе едік, кім білсін?.. Дегенмен, облыс прокуратурасы МҚК басқармасының тергеу материалдарына сүйеніп жасаған арнайы баяндамасында ұйым мүшелерінің, әсіресе, жетекші құрамының іс-әрекеттері, тіпті мінез-құлықтары да коммунистік идеологиялық тұрғысынан қарастырылып, мейлінше қара бояумен берілген. Осының өзі «Жас ұлан» ұйымының белсенділерін комсомол қатарынан, мектептен шығарып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген белгі соғылуына және ұзақ жылдар бойы қудалауға ұшырауына жеткілікті болды. 
Аталған құжаттарды тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралинаға жолдадық. СССР кезеңінде коммунистік ұлттық саясатқа қарсы күрескен ұйымдар мен жеке азаматтар туралы ондаған ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған Жанна Үркінбайқызы бұл күндері «Жас ұлан» ұйымына қатысты өзге де мұрағаттық құжаттарды іздестіруде. Алдағы уақытта ұйым мүшелерінің МҚК облыстық басқармасындағы тергеу барысында берген түсініктемелері де табылуы мүмкін деген үміттеміз. Әйтеуір, қалай болған күнде де, келешекте «Жас ұлан» ұйымы туралы жаңа зерттеу еңбегі жарық көретініне сенімдіміз. 
Сонымен, Кеңес үкіметі кезеңінде «Құпия» белгісімен тек тиісті лауазымды адамдарға ғана жолданған құжаттардың фотокөшірмелерін алғашқы рет жұртшылыққа жария етіп отырмыз.

1.1970 жылдың сәуірінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Павлодар облыстық басқармасының облыс прокуратурасына жолдаған материалдарының тізімі.

2. 1970 жылдың 5 мамырында Павлодар облысының прокуроры Л. Ивановтың Қазақ ССР прокуроры У. С. Сейітовке жолдаған хабары. Онда Павлодар қаласында заңсыз құрылған «Жас ұлан» ұйымының әшкерленгені және осы факты бойынша қылмыстық іс ашылғаны хабарланған.

3. 1970 жылдың 5 мамырында Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі Р. Абдуллиннің Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасының басшысы, полковник А.Д. Досымбековке жолдаған хабары. Онда Павлодар қаласында заңсыз ұйым құру фактысы бойынша облыс прокуратурасының қылмыстық іс ашу жөнінде қаулысының басқармаға жолданғаны айтылған.

4. 1970 жылдың 7 мамырында СССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі орынбасары Васильевтің Павлодар облысының прокуроры Л.Н. Ивановқа жолдаған сұрау хаты. Онда «Жас ұлан» ұйымы бойынша Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің қандай бабы бойынша кімдердің үстінен қылмыстық іс көтерілгені жөнінде сұрау салынған. Сонымен қатар, көтерілген қылмыстық істің көшірмесін СССР Прокуратурасына дереу жолдауын өтінген.

5. 1970 жылдың 25 мамырында Қазақ ССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі көмекшісі А. Чурбановтың Павлодар облысының прокуроры Л.Н. Ивановқа жолдаған хабары. Онда Павлодар облысы прокурорының 1970 жылдың 4 мамырында Қылмыстық кодекстің 58, 56 баптарының белгілері бойынша қылмыстық іс ашу жөніндегі қаулысының күші жойылғаны айтылған.

6. 1970 жылдың 4 маусымында Павлодар облысының прокуроры Л.Н. Ивановтың СССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі орынбасары Г.А. Васильевке жолдаған хабары. Онда Павлодар облысының прокуроры сол жылдың 4 мамырында қылмыстық іс ашу жөнінде қаулы қабылдағанын, әйтсе де 22 мамырда Қазақ ССР Прокуратурасы бұл қаулының күшін жойғаны жөнінде баяндалған.


Арман ҚАНИ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
1969-1970 жылдардағы «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі,
Павлодар қаласы



«Жас ұлан» ұйымы туралы немесе ұйымға қатысты жарияланымдар

1.Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қоры материалдары
2.Арман Қаниев. «Тұтанбай жатып сөнген еді «Жас ұлан» // «Сарыарқа самалы» газеті, 15 маусым, 1992 жыл.
3.Ғалымбек Жұматов. «1969 жыл. Сол желтоқсан да ызғарлы еді» // «Халық кеңесі» газеті, 18 қыркүйек, 1992 жыл. 
4.Жанболат Әлиханұлы Аупбаев. «SOS» белгісі» // «Егемен Қазақстан» газеті, 30 қазан, 2002 жыл; «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» - 2002 (таңдамалы мақалалар жинағы), Астана, «Егемен Қазақстан» АҚ - 2003; «Өмірге таңдана қара» (автордың таңдамалы мақалалар жинағы) Астана, «Елорда» - 2004.
5.Ғалым Жайлыбай. «Біздің қоғамға Махамбет пен Мәди керек…» Керекулік ақын Арман Қанимен сұхбат //«Қазақ әдебиеті» газеті. 24 ақпан, 2006 жыл. 
6.Жанна Қыдыралина. «КГБ жастар рухын сындыра алған жоқ» // «Нұр Астана» газеті, 4 маусым, 2009 жыл.
7.Алдан Смайылов. «Тасада қалған тағдырлар» // «Қазақ әдебиеті» газеті, 12-18 маусым, 2009 жыл.
8.Сайлау Байбосын. «Жетпiсiншi жылдың жеткiншектерi жалауын тiккен «Жас ұлан» // «Жас Алаш» газеті, 16 желтоқсан, 2010 жыл.
9.Ержұман Смайыл. «Алаш идеясы және «ЕСЕП» партиясы» // «Егемен Қазақстан» газеті, 23 ақпан, 2011 жыл.
10. Қайролла Кәженов. «Бұдан 45 жыл бұрынғы "Жас ұлан" оқиғасы жайлы не білеміз?» «Алаш үні» 12 желтоқсан, .2014 жыл. 
11. Жанар Толендинова. «Арман Кани: Когда приходит время...», «Регион», 10 октября, 2004 г.
12. Жасулан Садыков. «Арман Каниев – павлодарский Данко?» - «Новое время», 28 февраля, 2001 года.

Интернет материалдары
Тәуелсіздікті көксеген 5 партия
https://e-history.kz/…/tauelsizdikti_koksegen_5_partiya__48…
-------------------------------------------------------------
Бұдан 45 жыл бұрынғы «Жас ұлан» оқиғасы
http://old.baq.kz/…/news/aimaktik_bak_muragat/regmedia-70563
-------------------------------------------------------------

Кеңес кезеңінде тәуелсіздік көксегендер
http://jeltoksanruhy.kz/?p=47
-------------------------------------------------------------
"Жас Ұлан" - 40 жыл бұрын құрылған ұйым
https://abai.kz/post/1182
-------------------------------------------------------------
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ «ЖАС ҰЛАН» ҰЙЫМЫ
http://ult.kz/post/tauelsizdik-zhane-zhas-ulan-uyymy
-------------------------------------------------------------
Жасымаған жігер
https://egemen.kz/article/111046-zhasymaghan-dgiger
-------------------------------------------------------------
«SOS» БЕЛГІСІ
http://anatili.kazgazeta.kz/?p=51103
-----------------------------------------
«Дорога людей: жажда свободы» // Документальный фильм, Казахстанский филиал МТРК «Мир», 2016 г.