Алысты жақындататын жоба
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:20
Ақтөбе өңірінде ел экономикасына елеулі үлес қосатындай ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі де бірегейі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы. «Ғасыр жобасы» атанып отырған осы халықаралық магистральдің 628 шақырымы облыс аумағымен өтеді. Соның 356 шақырымы осы жоба бойынша салынуда. Облыстық автокөлік жолдары департаментінің директоры Бағлан Баймағамбетовпен әңгімеміз әлемдік деңгейдегі ірі жобаның қалай бастау алғанына, күре жолдың бойында атқарылып жатқан жұмыстардың бүгінгі жай-күйіне ойысты.
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:20
Ақтөбе өңірінде ел экономикасына елеулі үлес қосатындай ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі де бірегейі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы. «Ғасыр жобасы» атанып отырған осы халықаралық магистральдің 628 шақырымы облыс аумағымен өтеді. Соның 356 шақырымы осы жоба бойынша салынуда. Облыстық автокөлік жолдары департаментінің директоры Бағлан Баймағамбетовпен әңгімеміз әлемдік деңгейдегі ірі жобаның қалай бастау алғанына, күре жолдың бойында атқарылып жатқан жұмыстардың бүгінгі жай-күйіне ойысты.
– Бағлан Әуелбекұлы, осы жобаға тереңірек тоқталып өтсеңіз.
– Шынында, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ғасыр жобасы» екені сөзсіз. Мұның өзі «Жаңа Жібек жолы» ретінде де маңызы бар. Бастапқыда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Татарстанның сол кездегі Президенті Минтемир Шаймиев арасында Қазақстан мен Қазанның арасындағы жол қатынасын жақсарту туралы әңгіме болып, Нұрсұлтан Әбішұлы «Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды» жалғастырудың тиімділігін алға тартса керек. Міне, бұл жоба осылай дүниеге келіп, қолдау тауып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген бастама ретінде де баянды болды.
Елбасы осы жобаны жүзеге асыру үшін Еуропа мен Азияның беделді банктерінен қаражат алуға қол жеткізді және қалған 30 пайызы бюджеттен бөлінді. Бұл жоба құрылысы ең бірінші біздің облыстың аумағында басталды. «Самара-Шымкент» тас жолының 1025 шақырымынан 1240 шақырымға дейінгі аралықта қарқынды жұмыс жүргізілді. Ұлғайсын елді мекенінен Ырғыздың үстімен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі 215 шақырым жолға асфальт төсеудің өзіндік ерекшеліктері болды. Бұл жерлерде сорлар, барқан құмдар көп кездеседі. Сондай-ақ, қиыршық тас, басқа да материалдар жеткізуге шалғайлау еді. Қиыршық тас Қарабұтақ өңірінен жеткізілді. 2010 жылғы аптап ыстық та қиындық келтірді. Осыншама жолдың 107 шақырымының құрылысын «Иврус» компаниясы, ал 108 шақырымының құрылысын «Дэнарахсас Қазақстан» компаниясы салды. Жоғарыдағыдай қиындықтарға қарамастан жұмыс белгілінген мерзімде атқарылды.
Миялыда екі және Қияқтыда екі – небәрі төрт қиыршақ тас шығаратын зауыт жұмыс істеді, төрт асфальт зауыты орнатылды. Ырғыздың құмы пайдаланылды. 2011 жылы күрежолдың 215 шақырымы пайдалануға берілді. Оған Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандарының 700-ге жуық тұрғындары тартылды. Олар асфалть төсейтін, жүк тасымалдайтын, нығыздайтын осы заманғы техникаларда жұмыс істеді. Шетелдік мамандар 10 пайызды құрады. Жолдың осы бөлігінің құрылысына 21 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Екі мердігер де өздеріне бекітілген учаскелерді мерзімінде сапалы аяқтады.
– Мұның өзі жолдың осы бөлігі өтететін өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін бергені белгілі. Пайдалануға берілген жолдың сапасына көңіліңіз тола ма?
– Күре жолдың осы бөлігінің пайдалануға берілуі ырғыздықтардың облыс орталығымен қатынасын жақсартты, ауданның экономикалық даму қарқынын үдетті. Болашақта жол бойында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың көкжиектері көрінді. Туризмді дамытуға басымдылық берілуде. Олар бұрынғыдай жол азабын тартпайтын болды. Бұрын Шалқарға барып пойызға отырып, әуреге түсетін-ді. Ал, тіке жолмен жүре қалса, жеті-сегіз сағат жүріп, жол азабын тартып жететін. Енді үш-төрт сағатта Ырғызға жетіп барады. Облыс басшылығы халықтың қамын ойлап жолаушылар ұшағын да ұшыруды да ойластырып қойып еді, енді оның қажеті болмай қалды. Тақтайдай тегіс жол, экономиканың дамуына да ықпал етіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына алғышарт жасап отыр. 215 шақырым жол учаскесі екінші дәрежелі жол санатында. Ені 9 метр, екі жолақты. Автомобильдің белағашына түсетін салмақ жүктемесі 13 тоннаға дейін. Жолға жердің ыңғайына қарай қалыңдығы 60-80 сантиметр қатты жамылғы төселген. Бұл жобаны жүзеге асыруда халықаралық тәжірибе пайдаланылды. Сондықтан сапасына сын жоқ. Жол салынып жатқанда 6-7 түрлі бақылау болды. Яғни, қатты жамылғы төсеудің барлық технологиялық талаптары сақталды деуге негіз бар. Ал, бұрынырақ іске қосылған «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» учаскесіндегі жолдың ені 8 метр, автомобиль белағашына түсетін салмақ жүктемесі – 10 тонна. Бұл жолдарды жоғарыдағыдай стандарттарға жеткізу болашақтың еншісіндегі шаруа. Әзірге, бар күшті жұмылдырып, жаңадан салынып жатқан жолдарды пайдалануға беру көзделуде.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің қазақстандық бөлігін 2013 жылы бітіруге айрықша маңыз берді. Облыс аумағынан өтетін жолдың қалған учаскесіндегі жұмыс барысымен таныстыра кетсеңіз.
– Қазір облыс бойынша 356 шақырым жолды пайдалануға беру толықтай аяқталады. Оның 215 шақырымы 2011 жылы іске қосылғанын жоғарыда айттым. Қазір ұзындығы 102 километр «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» учаскесінде жұмыс қарқынды жүргізілуде. Осымен бір мезгілде 39 шақырымдық Ақтөбе қаласының солтүстік айналма жолы да салынуда. Жоба құрылысына қажетті материалдармен толық қамтамасыз етілген. «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» аралығындағы жол құрылысын тендерден ұтып алған Түркияның «Джингиз иншат» компаниясы қазірдің өзінде 90 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын жүргізуде. 50 шақырым жолға қатты жамылғы төселді. Осы бөліктегі жол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін үш қиыршақ тас шығаратын, екі асфальт өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр. Жолдың осы учаскесіне қаралған 14 миллиард теңгенің 12 миллиард теңгеге жуық қаржысы игерілді. Осы жолдың бойында 46 су құбырлары салынады, соның ішінде 14-і көпір бар. Мәртөкке кіреберістегі Елек өзенінен өтетін көпірді қайта жарақтандыру көзделген болатын. Жамап-жасқағаннан гөрі жаңадан салуды ойластырып, жаңа көпірдің техникалық-экономикалық негіздемелері тиісті орындарға тапсырылды. «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» бөлігінде 300-ге жуық техника, 700-ден астам жұмысшы еңбек етуде. «Иврус» компаниясы қосалқы мердігерлік қызмет атқаруда. Екі компанияда да жапондық, италияндық, шведтік, америкалық және қытайлық техникалар пайдаланылуда. Осыншама техниканы түгелдей қазақ жігіттері ұршықша иіріп, оларда жұмыс істеуге төселіп, игеріп алды. Олар қазір тәжірибелі автогрейдер жүргізушілері, асфальт төсеушілер, зауыттар мен қондырғылардың операторлары болып еселі еңбек етуде.
Жол бойында жұмыс істейтіндер вахталық поселкелерде тұрады. Оларда жұмысшылардың еңбек етуі, тынығуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Асхана, кір жуатын орын, монша жұмыс істейді, жұмысшылар үш мезгіл тамақтандырылады, жұмысшылар жұмыс киімімен қамтамасыз етілген. Жұмысшылар 15-20 күн сайын алмасып еңбек етеді. Жұмысшылардың еңбекақысы атқарған жұмыстарына қарай 60 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін жетеді.
– Қаланы айналма жолдар о баста жобада қарастырылып па еді? Әлде кейіннен қосылды ма?
– Қаланың айналма жолдары бірінші жобада қарастырылған жоқ. «Нұр Отан» партиясынан сайланған бір топ депутат келгенде облыстық филиалда кеңейтілген отырыс болды. Сонда Ақтөбенің бір миллиондық қала болу мүмкіндігі, қаланың үстімен тәулігіне 20 мың машина өтетіндігі, болашақта қалада автокөлік кептелегі болып, көше қозғалысында қиындық туындайтыны, соншама көп автокөліктің шаһардың ішімен өтуі экологияны ластайтыны туралы мәселе көтерілді. Бұл мәселені депуттаттар Үкіметке жеткізді. Сөйтіп, болашақта миллион тұрғыны болатын Ақтөбе қаласында солтүстік және оңтүстік айналма жолдарын салу мәселесі шешілді. Солтүстік айналма жолы құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жерлердің иелері көкөніс өсіруді, жол бойы сервистік қызметін жолға қоюды ойластырған-ды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айналма жол түсетін жерлердің қожайындарымен түсінік жұмыстарын жүргізуі арқылы өзара келісімге қол жеткізілді. Жобаның маңыздылығын түсінген айналма жол өтетін жерлердің қожайындарына басқа аумақтардан жер берілді. Сөйтіп, оларға өтемақы ретінде төлеуге бөлінген 75 миллион теңге қаржы бюджетке қайтарылды. Жер қожайындары да риза, осылай елдік мүдде де оң шешілді. Ақтөбе – Хлебодар бағытындағы 9,6 шақырым жол бірінші дәрежелі жол болады. Оған асфальт-бетон, шағал тасты қоспалар төселуде. Жолдың кеңдігі де көңілдегідей, сондай-ақ темір жолдан өтетін аспалы көпір құрылысы жүргізілуде. Бұл автокөліктердің жоғары өтімділігін қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қысқы кезеңде тоқтамайды. Қысқы кезеңде жасанды құрылыстар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Соның ішінде Елек өзенінен өтетін көпір де бар. Сонымен бірге, айырма жолдар да салынуда. Бір сөзбен айтқанда, күре жолдың бойы қайнаған еңбек, толассыз жұмыс. Қазір барлық қам-қарекет «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» учаскесіндегі жолды алдағы жылдың алғашқы жартысында пайдалануға беруге бағытталған. Бұл бағытта тәжірибеміз де, техника және адам күші, құрылысқа қажетті материалдар да жеткілікті. Қыс түскенімен жол бойында жұмыс толастамады. Жазда қатты жамылғы төсеуге материалдар қоры жасалуда. Басқа да ағымдағы жұмыстар жүргізілуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің облыс аумағынан өтетін бөлігінің толықтай іске қосылып, халықтың игілігіне айналар кезі де жақын. Мұның өзі жүк тасымалын арттырып, өңір экономикасына анағұрлым оң ықпал ететін болады. Алысты жақындататын күре жолдың бойындағы халықтың тыныс-тіршілігіне де оң өзгерістер әкелері сөзсіз. Мұндай үлкен жобаның тек біздің тәуелсіз мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Осы жолда тер төгіп жүрген барша қазақстандықтардың еселі еңбегі ел ертеңіне қызмет етудің үлгісі деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.