Экономика • 15 Шілде, 2019

Отандық лоукостердің атына заты сай ма?

684 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандық алғашқы арзан әуе тасымалы ретінде таныстырылған FlyArystan қызметінің бағасы мен сапасына жолаушылардың көңілдері толмай жүр. Соңғы кезде отандық алғашқы лоукостерге қатысты жолаушылар тарапынан сыни пікірлер жиі айтылып жатқаны осыны аңғартады.

Отандық лоукостердің  атына заты сай ма?

Ұшақ толы жолаушы

Мамырдың 1-і күні ашыл­ған қазақстандық лоукостер FlyArystan содан кейінгі 2 айда 729 рейс жасап, 127 000 жолаушы тасымалдаған екен. Компанияның мәліметінше, лоукостердің қызметіне сұраныс жоғары. Қазірге дейін 220 мың билет сатылған, рейстердің 94 пайызында ұшақ толы болған.

Компания мамыр-маусым айларындағы қызметі туралы есеп бергенде лоукостер қызметін пайдаланушылардың үштен бірі Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында қатынаған жолаушылар екенін айтты. Алматыдан Қарағанды, Тараз және Орал қаласына екі айда 60 000 адам қатынаса, үшінші мегаполис Шымкент пен Павлодардың ортасында 10 000 адам ұшыпты. Жалпы, FlyArystan компаниясы ашылғалы бері әуе тасымалы арқылы қатынаған жолаушылар саны мамыр айында 7 пайызға ұлғайса, маусымда көрсеткіш 31 пайызға көбейіпті.

Әуе тасымалы билетінің тым қымбаттығына қатысты пікірлердің айтылып жүргеніне талай жылдың жүзі болған-ды. Сол сыни пікірлер ақыры биылғы көктемде осындай арзан әуе тасымалы компаниясының ашылуына түрткі болған. Дегенмен, компания ашылмай жатып жолаушылардың лоукостер қызметі мен құнын сынауы көбейді. Қазақстандағы алғашқы лоукостер деп таныс­тыратын FlyArystan-ның билет құны Scat пен Bek Air, Qazaq Air секілді құжат бойынша лоукос­тер емес, бірақ іс жүзінде лоу­костер әуе компанияларының билетінен қымбат болып шығып жатыр. Мәселен, Алматыдан Нұр-Сұлтанға бір апта бұрын бір билет FlyArystan-да: 5 килоға дейінгі қол жүгімен – 23 999 теңге; 10 килоға дейінгі қол жүгімен – 26 249 теңге; 5 килоға дейінгі қол жүгімен және 20 килоға дейінгі жүк­пен – 27 599 теңге; 10 килоға де­йінгі қол жүгімен және 20 ки­ло­ға дейінгі жүкпен – 31 249 теңге.


Енді жоғарыда аталған лоу­костер емес, бірақ арзан әуе тасы­­малдаушыларының бағасын са­лыстырып көрейік. Тура осы күнге Bek Air бағасы – 22 947 тең­ге, Scat компаниясынікі – 22 391 теңге. Qazaq Air билетінің құны – 26 771 теңге. Мұнда тағы бір ескеретіні ұшатын уақыт. Бұл үш компанияның ұшу уақыты FlyArystan-дікінен ыңғайсыз болды дегеннің өзінде, лоукостердің стандарт билеттерінде жүкке қосымша 
1500 теңгеден бастап төлейтініңізді ескерсек және тамақ бағасы бас­қа компаниялардағыдай билет құнына кірмейтінін есепке ал­саңыз, Fly Arystan іс жүзінде лоу­костер емес, Air Astana-ның «арзандау» түрі ғана екені байқалады.


Лоукострді қымбаттатып тұрғаны да бұл компанияның Air Astana жанынан құрылғаны болуы әбден мүмкін. Екінші жағынан бұл лоукостер тікелей мемлекеттің тапсырысымен, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрылғаны есімізде. Мемлекеттің нашар менеджер екенін осыдан жағдайдан кезекті рет көріп отырмыз. 


Аймақтарға ұшу арзанға түседі

Дегенмен, Алматыдан басқа қалаларға рейстердің билеттері Scat, Qazaq Air немесе Bek Air билеттерінен арзанырақ. Алматы-Нұр Сұлтан бағытында жолаушылар ағыны көп болғандықтан, лоукостер сұранысқа орай бағаны әдейі қымбаттатып қойғанға ұқсайды. Оған дәлел жоғарыда аталғандай, компания ұшақтары тасымалдаған барлық жолаушыларының үштен бірі осы екі мегаполис арасында қатынағаны. Ал Алматы-Шымкент бағытында бір аптадан кейінгі билеттерді FlyArystan - 11 999 теңгеге, Qazaq Air - 16 431 теңгеге, Scat - 22 391 теңгеге сатады. Алматы-Орал бағытындағы ұшудан бір ай бұрынғы билеттер FlyArystan-да - 26 999 теңге, Scat-та - 40 841 теңге, Bek Air-да - 35 547 теңге.

FlyArystan маркетинг бөлімінің басшысы Жанар Жайлауованың айтуынша, қазірге дейін сатылған билеттердің жартысынан көбі 10 мың теңгеден арзан билеттер екен. Соның ішінде Таразға ұшқандардың 90 пайызы, Шымкентке ұшқандардың 60 пайызы, Қарағанды мен Нұр-Сұлтанға ұшқандардың тиісінше 55 және 40 пайызы жүксіз орын сатып алған жолаушылар. Жалпы, баға бойынша отандық лоукостердің Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы билеттерінің басқа әуе тасымалдаушыларынікінен қымбат, ал Алматыдан өзге өңірлерге арзан екені байқалады. 


Қарғайын десем жалғызым...

Халық лоукостерден анау айтқандай ерекше комфорт күтпегенімен, кейбір базалық жағдайлардың сақталмауы туралы да пікірлердің бар екені жасырын емес. Мәселен, сырқаттанып қалған жағдайда билетті қайта өткізу үшін қосымша ақша төлегенімен, компания жеме-жемге келгенде билетті қайтармай, орнына ваучер ұсынған. Ваучер арқылы жолаушы кейін компанияның басқа қызметін пайдалана алады екен. Бұл туралы жолаушылардың бірі аноним түрде компанияның ресми сайтына шағым түсірген. Алайда компания мәселені жауапсыз қалдырыпты.

Тағы бір жолаушы 12 мың теңгелік билетті ауыстыру кезінде 10 мың теңге айыппұл төлегенін айтады. Жалпы, жолаушылардың көпшілігі сұраныс көп кезінде компанияның билетті әдейі қымбаттатып жіберетінін айтады. Ал 10 мың теңгеге дейінгі деген бағыттағы билеттер базалық баға болып, орын тапшылығы болғанда құны да көтеріліп отыратын көрінеді.

Қалай дегенде де, халық арасында лоукостерге сұраныс жоғары, ұшақ әуе арқылы қатынайтындардың қатары көбейіп келеді. Бірақ бұл компания қызметінің арзандығына байланысты деген сөз емес.  Бұл, біріншіден, халықтың әуе жолымен қатынау жиілігінің өсуіне байланысты. Екіншіден, теміржолмен қатынау да қымбаттапа бара жатқанына да байланысты болуы мүмкін.

Сарапшылар 2020 жылға дейін Қазақстанда әуе тасымалына халықтың сұранысы айтарлықтай жоғары қарқынмен өсетінін айтады. Осы орайда, FlyArystan биыл жыл соңына дейін жолаушылар ағынын 700 мыңға жеткіземіз деп жоспарлап отыр. Ол үшін компания тағы екі Airbus A320-200 ұшағын сатып алып, ұшатын бағыттар санын 12-ге жеткізбек. Сонымен қатар, алдағы уақытта компания Грузия, Өзбекстан мен Украина нарығын да көздеп отырған көрінеді. Бәлкім, компанияның қызмет сапасы мен баға саясатын тағы бір саралағаны да дұрыс шығар.


Бауыржан МҰҚАН,

«Egemen Qazaqstan»