Саясат • 15 Шілде, 2019

Әлеуметтік саясат түсіндірілуде

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент депутаттарының аймақтарда сайлаушылармен кездесулерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік сала бойынша тапсырмалары кеңінен түсіндірілуде, деп хабарлады Парламент Сенаты және Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік саясат түсіндірілуде

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Сәтбаев қаласында болып, әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады. Сенатор қаланың өнеркәсіп аймағында орналасқан құс фабрикасының жұмысын көріп,  кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.

Сондай-ақ жергілікті полиция басқармасында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда мемлекет саясатының маңызды бағыттарын түсіндіре келіп өңірдегі елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтудің маңыздылығына назар аударды.

* * *

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нөкетаева Алматы қаласындағы жұмыс сапары аясында балаларды сауықтыру саласындағы бірқатар орталықтарда болды.

Д.Нөкетаева «Сәлем» сауықтыру лагері болған кезде еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалармен әңгімелесіп, әр баланың жағдайына назар аударды және олардың лагерьдегі жағдайды жақсарту жөніндегі тілек-ниеттерін сұрады. Депутат сауықтыру орталықтарындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде бірнеше ескертулер айтып, оларды қысқа мерзімде түзету қажеттігін жеткізді.

* * *

Сенат депутаттары Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Бектұрғанов Қостанай облыстық мәслихатының депутаттарымен кездесті және мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты.

Сессия барысындағы кездесулерде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму келешегі, тұрғындардың әл-ауқаты, жергілікті депутаттардың жұмысына қарқын беру мәселелері талқыланды. Депутаттар, сондай-ақ тұрғындарды 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке кейінгі өзгерістер туралы хабардар етті.

* * *

Мəжіліс депутаттары Глеб Щегельский, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ольга Шишигина, Абай Тасболатов, Құралай Қаракен және Дания Еспаева Ақтөбе облысында екі жыл бұрын іске қосылған Қазақстан мұнай жабдықтары зауытының жұмысымен танысты.

Бұл – үлкен көлемдегі инвестиция тартылған жоғары технологиялық өндіріс. Зауыт Қытай Халық Республикасымен арадағы өндірістік қарым-қатынастың жақсаруына, сондай-ақ мұнай өндіруге өзіндік игі ықпалын тигізеді деп күтілуде. Өйткені бұрын шегендеу құбырлары мен мұнай жабдықтары негізінен Жапониядан, Қытайдан, Ресейден алынып келген.

* * *

Мәжіліс депутаттары Мұхтар Ерман, Павел Казанцев және Снежанна Имашева Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс материалдарын шығаратын зауыт «Экотон+» АҚ-на барды.

Бұл нысан 2004 жылы іске қосылған. Қазіргі уақытта компания жобалық қуаты 200 мың текше метр болатын Астана және Ақтөбе қалаларындағы екі зауытта газдалған бетон өндірумен айналысады. Өндірістің жалпы қуаты жылына шамамен 400 мың текше метрді құрайды.             

Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесуі барысында депутаттарға жұмысшылар өздерін толғандырған бірқатар сұрақ қойды. Атап айтқанда, жол құрылысы, электр энергиясын тұтыну үшін түнгі тарифті қайтару және ипотекалық қарыздарды қайта құрылымдау сияқты мәселелер қозғалды.

Депутаттар аталған мәселелердің мұқият зерттеліп, назарларына алатынын жеткізді.

* * *

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесулер өткізуде.

Депутат Жарма ауданының Көшек, Қалбатау, Қапай батыр, Бестерек, Аршалы ауылдарына және Шар қаласына, Аягөз ауданының Малтүгел, Тарбағатай, Ақтүбек, Ақши, Қарағаш, Қаражал, Ақшатау, Мамырсу ауылдарына және Аягөз қаласына барды.

Онда депутат тұрғындарға Мемлекет басшысының әділ әлеуметтік саясатты белсенді жалғастыру туралы тапсырмасының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы, Парламент Мәжілісінің VI шақырылымның төртінші сессиясындағы Парламент депутаттарының заң шығару қызметінің нәтижесі жөнінде айтты.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары өз кезегінде ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау, автожолдарды жөндеу қажеттілігі, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, зейнеткерлік жасты төмендету, шағын жинақты мектептер, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауылдық елді мекендерге интернет, ұялы байланыс өткізу және басқа да мәселелерді көтерді.

* * *

Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобы және Халық Коммунистер фракциясының мүшелері аймақтардағы сайлаушылармен кездесуде.

Қостанай облысында Мәжіліс депутаттары Магеррам Магеррамов пен Наринэ Микаелян Қостанай облыстық сотының және полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, облыс орталығындағы ҚХА-ның Достық үйінде болды.

Депутаттар азаматтарды қабылдау кезінде Қостанай қаласының тұрғындары қойған көптеген сұраққа жауап беріп, бірқатар мәселені мемлекеттік органдарға жолдады.