Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 2017 жылы 1,478 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын кұрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 млрд долларға көп. Әрине, мұның барлығы Елбасымыздың АӨК дамуына деген қамқорлығының, мемлекет тарапынан жасалып отырған колдаудың және ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау негізінен Елбасының тікелей тапсырмасымен еліміздің АӨК дамытудың стратегиялық маңызды жоспарының қаржылық операторы есебінде ашылған «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ арқылы жүзеге асырылуда. «ҚазАгро» ұлттық холдингі» Мемлекет басшысы міндеттеген, стратегиялық жəне бағдарламалық құжаттарда жоспарланған аграрлық бағытты берік ұстанып, АӨК-інің өндірістік, ақпараттық және сервистік инфрақұрылымын одан әрі дамуын жүзеге асырумен бірге, мемлекеттің және салаға тартылған қаржылық ресурстарды қол жетерлік, мақсатты және тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге күш жұмсап келеді.
2017 жылы «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ несиелік портфелі 622 млрд теңгеге өсіп, қарыз алушылар саны 58 мыңға көбейді. Бұл елімізде жұмыс істейтін ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің үштен бір бөлігі. Холдинг 2017 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 267 млрд теңге жұмсаса, 2018 жылы ол 400 млрд теңгеден асып, 149%-ға өсті. АӨК қаржыландырудың негізгі көзі холдингтің жеке және тартылған қаражаттары болып отыр. Оның жиынтық үлесі 60%-ды құрайды. Өткен жылы «ҚазАгроның» еншілес компаниялары несиенің орташа сомасы 11 млн теңгеден келетін 22 мың несие берді. Бұл 52 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Ауылдық жерлердегі шағын бизнесті дамыту үшін қаржының қолжетімділігін арттыру және жекеменшік қаржылық ұйымдарды агросекторға несие беруге тарту мақсатында холдинг олардың қорландыру көлемін арттыруда. Соңғы екі жылда несиелік серіктестіктер, микроқаржылық ұйымдар, екінші деңгейдегі банктер және лизингтік компанияларды қорландыру арқылы несие беру көлемі 21%-дан 60%-ға дейін өсті. Холдинг ауылдағы кедейшілікті азайту мен шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2017-2021 жылдарға арналған нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасын тиянақты іске асырып келеді. 2017 жылы холдингтің еншілес кəсіпорындары осы мақсатқа 28,8 миллиард теңгенің шағын несиесін берген болса, 2018 жылы 11 мың 155 адамға 44,7 миллиард теңге несие берді. Бұл бағдарламаны іске асырудың негізгі қаржы операторының бірі – холдингтің «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ компаниясы. Бұл компания ауылдың шағын несиелеу нарығында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Қордың беретін несиелері ауыл тұрғындары үшін қолайлы, қолжетімді, несиелендіру шартының мерзімі 6 жылдан 10 жылға дейін, («Сыбаға» несиелендіру бағдарламасы бойынша 15 жылға дейін) пайыздық мөлшерлемелері төмен, жылдық мөлшерлемесі – 4-6%, жеңілдік кезеңі 2 жылға дейін және кепілдік саясаты өте икемді. Осы жылдары қор ауыл тұрғындарына 250 млрд теңгеден асатын көлемде несие берді. Компания ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, мал азығы өнімдерін өндіру, отбасылық бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын құру, мүйізді ірі қара мен қой сатып алу бағыттары бойынша жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, тек өткен жылы 14 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Соңғы жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ елімізде асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналық мал басы мен қой санын көбейтуге байланысты «Сыбаға» етті мал бағдарламасы бойынша колжетімді несие беріп келеді. Ауыл тұрғындары үшін қолжетімді несиелеу бағдарламасы болған бұл бағдарлама ірі қараның санын арттыруға септігін тигізуде. Қордың меншікті қаражаты есебінен бөлінген қаржыға «Сыбаға» несиелендіру бағдарламасы бойынша етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басын сатып алу үшін несие шартының мерзімі 15 жыл, ал ұсақ мал сатып алу үшін 10 жыл, сыйақы үстемесі – 4%, жеңілдетілген мерзім 30 айға дейін, кепілдіктің 75 пайызына несие есебінен сатып алынатын техника мен асыл тұқымды малды қоюға болады. Бұл қолдарында кепілдікке қоятын мүлкі жетпейтін ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдік. Шетелден сатып алынған ірі қараның аналығын әр басына мемлекет 225 мың теңгеден субсидия төлейді. Төл есебінен өсіріліп, бордақылау алаңына өткізілген бұқашықтың тірі салмағының әр килограмына мемлекет тарапынан 200 теңге субсидия беріледі. Бір сөзбен айтқанда, мал өсірем деген шаруаға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Біріншіден, ұзақ мерзімге арзан, жеңілдетілген, ірі көлемде колжетімді несие беріледі.
Екіншіден, мемлекет сатып алынатын мал бағасының 30-40%-ына субсидия төлейді. Үшіншіден, бордақылау алаңына өткізген бұқашықтың тірі салмағының әр килосына тағы да субсидия береді. Мысалы, сіз бұқашықты бордақылау алаңына 150 килограмм күйінде өткізіп, 200 мың теңге алатын болсаңыз, мемлекет сізге тағы да 30 мың теңге субсидия беретін болады (150 кг*200 т = 30 мың т). Берілген несиені ауыл шаруашылығы техникаларын алуға да жұмсауға болады. 2018 жылы қор осындай шартты келісімдермен шаруаларға 23,8 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен 75,4 мың бас ұсақ мал сатып алуға 15,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берген. Бүгінге дейін бұл қаржыға 16 мың бастан аса ірі қара мен 75 мың бас қой сатып әкелінген. Мал сатып әкелу жалғасуда. Бұл жоба үстіміздегі жылы да жалғасын табуда. Ауылда шағын бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашып , жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтуға бағытталған, ауыл тұрғындарының ерекше қолдауына ие болған бұл жобаның іске асырылып жатқанына бір жылдан асты. Қандай жетістіктерге қол жеткізілді, қандай кемшіліктер бар? Шаруаларға, ауылға өте керекті жобаның тиімділігін, қайтарымын қалай арттыруға болады? Енді осы сұрақтар төңірегінде ой қозғайық. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылда жұмыссыз жүрген жағдайы төмен отбасыларға қолжетімді, арзан несие беріп, оларды оқытып, ауыл шаруашылығы жұмыстарына тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтуға, шағын бизнесті дамытуға бағытталған. Бағдарламаны орындау халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы министрліктерімен, жергілікті атқарушы органдарға; ауыл, аудан, облыс әкімдіктеріне жүктелген. Жобаның тиімді, табысты орындалуы осы органдардың тығыз байланыста тиянақты, келісіп, мәселеге жауапкершілікпен қарап атқаруларына байланысты. Орталық атқарушы органдар бағдарламаның орындалуының стратегиялық жөн-жобаларын жан-жақты тиісті орындармен, өңірлермен ақылдасып, бір шешімге келіп, оның қаржылай операторы етіп «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларын бекітті. Жоғарыда айтылғандай, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, оның өңірлердегі филиалдары, облыстардың ауылшаруашылық органдарымен бірлесіп, бөлінген несие қаржыларды уақтылы игеруге барынша күш салуда. Қордың басты міндеті – мемлекет қаржысын тиімді, мақсатты талан-таражға салмай пайдаланып, оның уақтылы қайтарымын қамтамасыз ету. Сол себепті де олар несиені жағдайы бар, уақтылы қайтаруға қабілетті, еті тірі, пысық ауыл тұрғындары арасынан таңдап, несиені соларға беруге тырысады. Қор тарапынан бұл дұрыс та шығар.
Өткен жылдың қорытындысы көрсеткендей қор бұл жұмысты өз дәрежесінде атқарды. Алайда, бұл арада ауылда жұмыссыз жүрген, жағдайы төмен отбасыларыларға қолжетімді, арзан несие беріп, оларды оқытып, ауыл шаруашылығы жұмыстарына тарту, арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтуға, шағын бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламаның негізгі мақсаты толық қамтылмай қалуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Nur Otan партиясының XVIII съезінде көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау үшін, арнайы грант пен шағын несие квоталарын бөліп, олардың мал өсіріп, егін салып, шағын бизнеспен шұғылданып табыстарын көбейтуге, балаларын еңбекке баулуға жағдай жасау керек деген тапсырмалар берілді. Бұл мақсатты өз дәрежесінде орындау жергілікті атқарушы органдардың, әсіресе ауыл, аудан әкімдіктерінің тиянақты ұйымдастырушылық жұмыстарына байланысты. Өткен жылдың тәжірибесі көптеген ауыл, аудан әкімшіліктері тарапынан жұмыссыз, жағдайы төмен отбасылар арасынан қолынан іс келетін адамдарды іріктеп, оларға несие алуға көмек беруде атқарылып жаткан жүйелі жұмыстар төмен дәрежеде екенін көрсетті. 2018 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан республика бойынша бөлінген несие қаржының Алматы облысы 11%-ын, Батыс Қазақстан облысы мен Түркістан облысы 9%-ын алған болса, Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары небәрі 2-3-%-ын ғана алды. Ал аудандар бойынша өз облыстарына бөлінген несие қаржылардың ең көп үлесін Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы 22%-ын, Атырау облысының Құрманғазы ауданы 21%-ын, Қызылқоға ауданы 17%-ын, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы 20%-ын, Қостанай облысының Қостанай ауданы 17%-ын алса, Ақмола облысының Жарқайың ауданы 1%-ын, Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы 2%-ын, Қостанай облысы Қамысты ауданы 2%-ын, Ұзынкөл ауданы 3%-ын ғана алып игерген. Ал Алматы облысы Алакөл, Түркістан облысы Жетісай, Қазығұрт, Түлкібас аудандарының тұрғындары 2018 жылы Елбасымыздың ауылда шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтуға арнайы берілген арзандатылған несиесінен құр қалған. Мұны немен түсіндіруге болады?
Тиісті әкімшілік басшылары Елбасы тапсырмаларын орындауға не себепті немқұрайлы қарайды? Әлде бұл аудандардың тұрғындарына арзан, қолжетімді несие қажет емес пе? Біздіңше, бар мәселе аудан басшылығының тұрғындардың жағдайын жақсартуға жаны ашымайтын немқұрайлы көзқарасы мен өз жұмысына деген жауапсыздығында деп ойлаймыз. Ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздық пен кедейшілікті азайту туралы тапсырмасы тікелей жергілікті атқарушы орындарға, бірінші кезекте ауыл, аудан әкімшіліктеріне бағытталған. Себебі ауылдағы әрбір отбасының жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, кімнің қалай немен өмір сүретінін, олардың іскерлік қабілетін, қолынан не келетінін ауыл әкімінен артық ешкім білмейді. Ауыл әкімі өз ауылдастары арасында несие алу жөнінде тиісті түсінік жұмыстарын жүргізіп, бірінші кезекте несиені жағдайы төмен азаматтарға, келесі кезекте қандай азаматтарға берілетінін айтып, аудан әкімдігі арқылы немесе қордың облыстағы тікелей филиалдарына шығып, несие алушыларға қолдан келетін көмектерін беріп отырса, жұмыс бір жүйеге түскен болар еді. Аудан әкімдігі ауыл әкімдіктерінің ұсынысын қорытындылап, аудан көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамыту жолдарын зерттеп, облыс әкімдігіне өз ұсыныстарын жеткізіп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қамқорлықтан өз сыбағаларын барынша алып қалуға жұмыс істер еді. Ал облыс басшылығы өңір бойынша жан-жақты зерттеліп, корытындыланған ұсыныспен орталық органдарға шығып, тиісті көлемде несиелік қаржы ресурстарын алып, қордың облыстағы филиалдарымен бірлесіп, қордың жұмысының ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, несие алушыларға жағдай жасап, облыс көлемінде жұмыссыздықты азайтуға, шағын бизнесті дамытуға ықпал еткен болар еді.
Облыс басшылығы ай сайын аудан бойынша, ал аудан басшылығы ауыл әкімдіктері бойынша мемлекет тарапынан бөлінген несие ресуртарының қалай игеріліп жатқаны туралы талдау жасап, тиісті орындаушылардың жауапкершіліктерін көтеріп отырулары керек. Жергілікті атқарушы органдар мемлекет тарапынан арзандатылған ұзақ мерзімді несие алушыларға жайылым бөлу, мал азығын жасақтау, мал дәрігерлік қызмет көрсету, субсидия алуға көмектесу және т.б. мәселермен тұрақты түрде көмек көрсетіп отырулары керек. Әр ауыл, аудан әкімдіктері ауылдық жерлерде шағын бизнесті дамытуға, жұмыссыздықты жоюға бағытталған осындай тиянақты, жан-жақты ойластырылған жұмыстар жүргізсе, 3-4 жыл көлемінде ауылда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру молайып, шағын бизнес қанат жайып, жұмыссыздық пен кедейшілік төмендеп, халықтың табысы жақсарған болар еді.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
экономика ғылымдарының докторы