Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Қымызмұрындық мерекесі тойланды

620 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шалқар көлінің жағасындағы демалыс лагерінде қымызмұрындық мерекесі тойланды. Өткен жылы облыс орталығында бастау алған ұлттық мереке биыл аймақтағы аудандар арасында алғаш болып Шалқарда ұйымдастырылды. Ұлттық руханиятымызбен астасатын мерейлі шараға ауданға қарасты он ауылдық округтен бие байлап, қымыз сауатын шаруалар қатысып, көпшілікке өнімдерін ұсынды.

Қымызмұрындық мерекесі тойланды

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген міндеттер кенже қалған дәстүрлерді жаңғыртуға арналғандығын айтып, мәні зор шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауының аудандық кезе­ңіндегі жеңімпаздары осы мерекеде аудан әкімі Б.Қаниевтың қолынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Елге белгілі еңбек ардагерлерінен құралған әділқазылар бағасын беру үшін қаз-қатар тігілген шатырлар сөрелеріндегі қымыздардан ауыз тиді. Әр ауылдан келген қымыз әзірлеушілер бір-бірімен қымызды баптау бары­сындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Өткен жылы облыстық дең­гейде тұңғыш өткен осы мерекеде бірінші орын алған Ше­тырғыз ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Жұмағалиев бұл жолы да қымыздарын ала келіпті.

– Өткен жылы «Даму» қоры арқылы 3 млн теңге қаржыға 8 бас бие сатып алып, қазір со­лар­дан қымыз сауып отыр­мын. Бүгінде шаруалар мал­дың санына емес, одан сапалы өнім алуға бет бұрды. Со­ның ішінде жылқының қымызы мен түйенің шұбатына сұраныс жоғары. Ал қымызды да­йындаудың тәсілдеріне ден қоймасаң, жақсы өнім шықпайды. Біз соған көп көңіл бө­леміз, еңбегімізге қарай нә­ти­жесі де жаман емес, – дей­ді ауылының үмітін арқалап келген Қайрат.

Айтулы күнге арналып тігілген ақшаң­қаң киіз үйлерде қонақ­тарға арналып ас берілді. Арда­герлер: «Өскелең ұрпаққа бере­рі мол мұндай шаралардың жал­ғасы әрдайым болуы тиіс», – деп ұйымдастырушыларға алғыс­тарын білдірді. Ауданда тұңғыш өткізілген қымызмұрындық мерекесінде Жаңақоныс ауылдық округінен ұсынылған қымыздың дәмі тіл үйіретіндердің қатарынан табылып, І орынды иеленді. Жүл­делі ІІ, ІІІ орындарды Ай­шуақ, Бершүгір ауылдық округ­терінен келген шаруалар жеңіп алды. Жүлдегерлерге аудан басшысының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс­талды. Өзге де барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Ұлттық дәстүрімізді ұлық­таған шырайлы шарада аудан көркемөнерпаздары ән мен күйден жыр шашып, көп­шіліктің қошеметіне бөленді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН 
Ақтөбе облысы, 
Шалқар ауданы