Баймұрат батыр есімі халық арасында Байұлы бірлестігіндегі алтын жаппас руының ұраны ретінде белгілі. Бұл тұлғаның тарих сахнасына көтеріліп, саяси белсенділігімен көзге түсуі XVIII ғасырдың бірінші жартысына сәйкес келеді. Бұл кезең халқымыздың сыртқы жауларға қарсы күресімен ерекшеленеді. Шығыста жоңғарлар, батыста Еділ қалмақтары қазаққа айрықша қауіп төндірді. Міне, осы соғыста Баймұрат батыр ерен ерліктерімен көзге түсіп, баһадүр болмысымен танылды.
Баймұрат батырдың шыққан тегі жаппастың қалқаман тармағынан. Шежіре бойынша жаппас – тәнке – қалқаман – есенбай – әжім – байбөрі – баймұрат болып жіктеледі.
Әз-Тәукенің билігі кезінде дүние есігін ашқан Баймұраттың жастық шағы сол тұстағы қатал жаугершілік заманға сай қалыптасып жетілді. Ел іргесіне зобалаң салған қалмақ шапқыншылығын көріп өскен бала жастайынан құба қалмаққа қарсы күресте көзге түсіп, ерлігімен таныла бастаған. Ол жоңғарға қарсы соғыста халықтың күшін біріктіріп, жұдырықша жұмылдыруды көздеген 1710 жылғы Қарақұм жиынына, Тәукеден кейін ел тізгінін ұстаған Қайып хан тұсындағы қазақ-қалмақ шайқастарына да қатысқан болуы керек. Шәкәрім айтқандай, халқымыздың үштен екісін құрбан еткен «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да тыс қала алмады. Яғни, ел басына күн туған сын сәтінде халқының қамал, қорғаны бола білді.
Ел аузынан жеткен әңгімелерге сүйенсек, Баймұрат Байбөріұлы қазақ батырлары сапында Бұланты-Білеуті, Аңырақай шайқастарында атойлап атқа қонып, жаппас руының старшыны дәрежесіне жетіпті. Бірақ батыр бабамыз Әбілқайыр ханның орыс бодандығын қабылдауына қарса болыпты. А.Тевкелевтің айтуына қарағанда, 1731 жылы 22 қазан күні кешкі сағат 6-ның шамасында Әбілқайыр ханның бір қызметшісі тілмашқа сол түні жаппас старшыны Баймұрат қалың қолмен орыс елшісіне шабуыл жасап, әсіресе оның арбалы керуенінің тас-талқанын шығарып, өзін өлтіруді көздеуде деген хабар жеткізеді.
Осы себепті Әбілқайыр хан Баймұраттың екі адамын ұстап алып, ұрып-соғып, кісенде ұстаған. Бұл ел ішінде беделі зор Баймұрат батырдың ашуын туғызып, оның арты хан мен орыс елшісіне соққы беруге алып келеді. Көп кешікпей Әбілқайырдың өзі ақылдасу үшін А.Тевкелевке жеткен. Жаны қысылып, зәресі ұшқан тілмаш ханнан хабар жіберу үшін Бөкенбай батырдың ұлысы шалғайда ма деп сұрайды. Оған үш күндей уақыт керектігін айтып, хабаршы жөнелткенімен алыстағы батырдың келіп үлгермейтінін тілге тиек еткенмен тілмаш ханды хабаршы жіберуге мәжбүр етеді.
Сол күні кешкі сағат 9-дың шамасында Баймұрат старшын бастаған қалың қол А.Тевкелевке шабуылды бастайды. Әбілқайыр хан тілмаш тобымен қосылып үлгере алмаған. Ал Баймұрат батыр орыс елшісіне соққы беруге ұмтылған. Өзіне төнгелі тұрған қауіпті көрген тілмаш бүкіл геодезистерін, дворяндарын, атты казактарын, солдаттарын, башқұрттарын, яғни өз адамдарының бәрін шақырып алып Ресей империясына адалдық танытып, қазақтар қолына тірідей берілмеуге шақырды. Баймұрат батыр түн ортасына дейін А.Тевкелев отрядына ауыр соққы беріп, одан әрі мүмкін емес болған соң, тұтқындағы екі адамын қайтаруды сұраған. Осыдан соң Әбілқайыр хан Баймұратқа екі жігітін қайтарған. Сол сәтте-ақ батыр кері қайтқан. Тек кетерінде елшінің 15 жылқысын айдап кеткен.
Сонымен өзіне сенім артқан халқы үшін хан мен А.Тевкелевке қарсы шығуының өзі Баймұрат бойындағы батырлық болмысты, сын сағатында елі үшін жауап беруге дайын тұлға екенін көрсетеді. Бұл арада Баймұрат пен Әбілқайырдың арасында орын алған шиеленісті жайтты айтулы азаматтар арасындағы жеке бастың мүддесі тұрғысындағы араздық дей алмаймыз. Заманында елдің егемендігі мен жердің тұтастығын қорғау жолында сыртқы жауға қарсы күресте тізе қосып, бірлесе қимылдаған қос қайраткердің сол тұстағы саяси көзқарастарындағы алшақтықты орыс елшісі келген кездегі қазақ-орыс қатынасының талқыға түскен сәтінен іздегеніміз жөн.
Баймұратпен бірге шектінің Сырлыбай, Бәби, Бәтжан, Жантума, Есмәмбет, Өтеғұл, Байжан, Малыбай деген белгілі билері мен Өтеп, Ақша, Сартай секілді батырлары да орыс елшісінің келуіне қарсылық білдірді. Әсіресе Бәби бидің Байқара деген бауырының тілмаш тобындағы башқұрт қолынан оққа ұшуы ара-жікті одан сайын ушықтырды. Шектінің ұраны Бақтыбай батыр да орыс елшісінің келуіне қарсы еді. Ол 1732 жылы наурызда түрікменге аттанған полковник Гарбер бастаған орыс керуенін 12 күн бойына қоршауға алады. Бұл жөнінде А.Тевкелев «29 наурыз күні Бақтыбай керуеннен тартып алған тауарларымен маған жақын маңнан өте қуанышты көңіл күймен: «жақын арада Тевкелевтің де көзін жоямыз» дегенді айтып, өтіп кетті» деп жазады. Қалай десек те, орыс елшісінің жазбалары сол тұстағы ел игілерінің орыс бодандығына деген көзқарастарын барынша аша түседі.
Бірақ артынан Баймұрат Әбілқайыр жанынан табыла білді. Оған ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің қазақ даласындағы сапары барысында жазған күнделік жазбасы дәлел. Әбілқайыр ханмен бірге жүрген суретші 1736 жылы 23 маусым күнгі жолжазбасында «Осы жерде бізге Баймұрат батыр есімді бір қарт кісі (орыс тілінде «немолодой уже человек» делінген – Ж.А.) келіп, мемлекеттік кеңесші әмір беретін болса, Орынборға 1000 қой айдайтынын нық сеніммен айтты» делінсе, тарихшы К.Есмағамбетов, Баймұрат батыр жаппас руының старшыны Әбілқайыр ханның Ресей бодандығын қабылдау саясатына қарсы болды. Кейін бұл бағытынан айнып, Әбілқайырмен бітісу жолдарын іздестірді, депті.
Кіші жүз қазақтарының сол тұстағы орыс бодандары қалмақ, башқұрт бағытындағы белсенді іс-қимылдары Орынбор басшысы В.Татищевті Әбілқайыр ханнан қайтадан екінші рет ант алуға мәжбүрледі. Әбілқайыр мен В.Татищев кездесуі 1738 жылы тамыздың басында Орынборда өтті. Қазақ-орыс қатынасы қаралған келіссөзде Әбілқайыр хан, Нұралы, Ералы сұлтандар, Кіші жүз бен Орта жүздің белгілі деген 56 би, батыр, старшындары ант қабылдады.
Сол тұста жоңғар билеушісі де қазақ даласына өз үстемдігін жүргізуге ұмтылды. 1742 жылы қаңтардың басында Хиуа иелігіне қарасты Әмударияға жақын жерде қыстаған Әбілқайыр ханға жоңғар елшілері Қашқа мен Баранг нояндар арнайы келіп, Қалдан Церен атынан қазақтардан аманат талап етіп, Әбілқайырдан ұлы Айшуақ сұлтанды жас жұбайымен және ең беделді деген старшындардың балаларынан аманатқа сұраған. Оған қоса әрбір жүз түтіннен бір қарсақ төлеуді, өзі белгілеген жерде көшіп-қонуды бұйырып, егер де мұны орындамаса соғыс ашамын деп қаһарын төккен. Міне, осы қонтайшы талап еткен танымал тоғыз старшынның балалары арасында Баймұрат бидің Өте деген ұлы болған. Сөйтіп Қалдан Цереннің төртқара Қаратоқа, шөмекей Жайылған, шекті Мойнақ, алаша Бәйсеу билермен бірге Баймұрат баласын сұрауының өзі батырдың ел ішіндегі абырой-беделінен хабар береді.
Орынбор басшылығына И.Неплюевтің келуімен Әбілқайыр ханның жаңа губернатормен арадағы қатынасы шиеленісіп, ол ашық жауласушылыққа ұласты. Бұл қатынасты реттеу үшін А.Тевкелев 1748 жылы жазда Орск бекінісінде Әбілқайыр ханмен келіссөздер жүргізеді.
Дегенмен, осы тұста ел ішіндегі саяси жағдай шиеленісіп, оның арты Әбілқайырдың өліміне әкелді. Көп ұзамай Кіші жүзде қалыптасқан жағдайды реттеу мен жаңа хан сайлау мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Елге жаңа хан сайлау барысында осы кезге дейін Нұралы сұлтанды қолдап келген Байұлы рулары белсенділік танытып, оған Баймұрат батыр да араласты. Көп ұзамай 2 қазанда Қайыңды өзенінің жағалауында өткен Халық кеңесіне Кіші жүз бен Орта жүзден 1000-нан аса адам қатысып, Нұралыны хан сайлады. Кеңеске қатысқан Шекті Бақтыбай, Ысық Бәйтерек батырлар да Баймұрат секілді өз руларының ұранына айналған тұлғалар. Ал алаша руының ұранына Бәйсеу бидің туған немере інісі Байбарақ батыр шыққан еді. Кейін осы батырлар 1749 жылы шілде айында Орынборда Нұралыны хандық таққа бекіткен патша грамотасына ие болу салтанатына қатысты.
Осыдан кейінгі мұрағат құжаттары арасында Баймұрат Байбөріұлына қатысты мәліметтер кездеспегенімен 1762 жылы 19 желтоқсандағы Орынбор губерниялық кеңсесінің жазбасына батырдың Байтүгел деген баласы туралы дерек түскен. Онда әр жылдары қазақ даласында тұтқынға түскен Еділ торғауыттары сөз болады. Олар Орта жүздің найман руындағы Медет би, Естемес, Сартбай, Кіші жүздің алшын руындағы Күшік Базарұлы, алшын жаппас руындағы Бодан Сейітқұлұлы, Байтүгел Баймұратұлы және табын руындағы Нәдір, Қайдабол деген қазақтар қолынан қолайлы сәтте қашып шыққан. Байтүгелдің қолында Бату Тугус Доржипов атты қалмақ болған. Бұл қалмақтар шоқынып, христиан дінін қабылдап, содан соң казак-орыстар арасындағы шоқынды қалмақ туыстарының арасында қалуға ықылас танытқан.
Баймұрат батырдың өмірінің соңына келер болсақ, бүгінде барлық зерттеушілер 1771 жылғы Христофор Барданестің қазақ даласындағы сапары нәтижесінде жазып қалдырған еңбегіне иек артады. Онда «Бұрматбай мен Ақсақалбарбы көлдері арасында Баймұрат деген кішкене өзен бар. Бірнеше жыл бұрын мұнда ауқатты қазақ көшіп-қонған және ол қалмақтар буруттар деп атайтын қырғыздар қолынан қаза тапқан. Бұл қазақ Баймұрат деп аталған. Осыдан соң өзен соның атына ие болған» деп жазылған.
Осы деректен соң тарихшы И.Ерофеева: «Баймұрат – Батыс Қазақстанда ағып жатқан өзен. Жанайшоқы тауының солтүстік-батысындағы Талды және Қоғалыжар өзендері тоғысында пайда болып, оңтүстікте Үлкенкөл көліне құяды (Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы, Қостанай облысының Жанкелді ауданы). Антропоним немесе геноойконим XVIII ғасырдың ортасында өзінің руластарымен осы өзен аңғарында көшіп-қонған нақты жеке адамның есіміне байланысты пайда болды. Бұл адам Баймұрат есімді Кіші жүздің қандай да бір бай қазағы еді, ол Тянь-Шань қырғыздарымен арадағы бір қақтығыста қаза тапты. Осы жайылым жердің қожайынының өлімінен кейін Баймұраттың ағайындары өздерінің бұрын мекен еткен территориясында орналасқан өзенді Баймұрат деп атады» деген тұжырымға келді.
Жалпы, Баймұрат өзеніне қатысты әр жылдары жарық көрген тарихи еңбектерде біраз мәлімет бар. Мәселен, поручик Яковлевтің 1851-1852 жылғы топографиялық жазбасында Жаман Ақкөлдің батысынан оңтүстікке қарай 20 шақырым жерде жатқан ащы Алакөл көлінің көктемде оңтүстік жақтан Баймұрат жырасы (сайы) арқылы келіп құятын қар суымен толатыны көрсетілсе, 1870 жылы Перовск уезінің Кеңтүп болысына қарасты 11 ауылдағы 1644 түтін жаппастар мен 432 түтіннен тұратын қожалар қыстаудағы қоныстарынан жазғы жайлауларына көшу кезінде Арыс, Мөлдір, Жыланшық, Тұрған арқылы өтіп, Баймұрат, Қарақа, Мамыт, Бестөбе деген мекендерге келіп орналасқан.
Кеңтүп болысы бірыңғай жаппастан құралған. Сондай-ақ бұл ру Царская, Константиновск, Сумұрын, Шаған болыстарында басымдыққа ие болған Царская болысы қазақтары көші-қон жолында Алабасқа құятын Баймұрат өзекке келіп, Баймұраттан Қызылжар, Құрақбай, Бозінген, Бес бидайық, Уәли тойпақ мекендері арқылы көшетін. Кері қайтарда Баймұратта ұзағырақ тоқтаған.
Сонымен жоғарыдағы өзен, жыра, сай, өзек, мекендердің барлығы жаппас ұранына шыққан Баймұрат есімімен аталған қонысқа қатысты еді. Оның үстіне жаппастар Қостанай уезіндегі Бестөбе болысының басым бөлігін құраған. Олар мұнда Сырдария облысындағы өздерінің бұрынғы жазғы орындарынан 1740 жылдардың соңында келген. Бұған Қостанай уезінде жылқы өсіруге қолайлы жағдайдың, яғни жылқы үшін жем-шөптің жақсырақ болуы қоныс аударуға басты себеп болған.
Шежіре бойынша Баймұраттан Қара, Өтек, Баяу, Байтүгел, Алаң, Болат, Малбасар және Қоңыр деген балалары тарайды. Олар да әкелері секілді елдің саяси өміріне араласты. Әке бойындағы батырлық қасиет, әсіресе Байтүгел, Қара және Алаң атты ұлдарына дарыған. Полковник Бентамның 1789 жылы 15 желтоқсанда князь Г.Потемкинге жолдаған мәлімдемесінде қазақтың хан, сұлтан, би, батыр, старшындары және руларының саны мен мекендеген қоныстары жайлы құнды құжаттар келтірілген. Қазақ даласынан жиналған мол мәліметтер ішінде Сырдария бойында, Қарақұмда, яғни Әулие Петр бекінісіне қарсы шептен 20 күндік жерде мекен еткен 3000 түтін жаппасты Өтетілеу, Тілеке, Шүкірәлі, Сума, Жарылғап, Қара, Байтүгел, Алаң, Күнту, Жабағы, Арал, Арыстанбай, Тоқымбет батырлар басқарады делінген. Полковник жазбасында Байтүгел батыр, Қара батыр деп анық көрсетілген. Мұның өзі олардың батырлық болмысын дәлелдейді. Бірақ Бентам руларды тарату барысында кейбір жаңсақтыққа жол берген. Оған жаппас пен алашаны әлімге, таз бен таманы шөменге, шеркеш пен адайды, алтынды жеті руға жатқызуын айта аламыз.
Қалай десек те, бұл дерек Баймұраттың ұлдары Байтүгел, Алаң, Қаралар әке жолын жалғастырып батыр атанып, старшын ретінде ел билегенін айқындайды. Осы Қара батырдан Тоғызақ, одан Әлмембет, Әлмембеттен Көкір батыр дүниеге келген. Қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Нұра бойында Көкір батырдың атындағы Көкір сайы, Көкір жары және Баймұраттың тағы бір шөбересі Махамбет атымен аталатын мекендердің барлығы батыр ұрпақтарының қоныс еткен жерлері болып табылады.
Ел ішінде сақталған әңгімелер бойынша Баймұрат батырдың баласы Байтүгел қиян-кескі күрес кезінде жауға қарсы «Баймұрат» деп ұрандап шауып, жаудың шебін бұзып, жеңіске жеткен, осыдан соң жаппастың ұраны «Баймұрат» болсын деген пәтуаға келген.
Сол секілді Баймұраттың қалмақ қызынан туған Алаң атты кенже баласы да жауға шапқанда «Баймұрат» деп ұрандаған, содан кейін бүкіл жаппас пен алтын елінің ұраны «Баймұрат» болған дейді. Ал есімінің Алаң деп аталу себебін батырдың тікелей ұрпағы Р.Ілиясов былай түсіндіреді: «Қалмақпен арадағы бір шайқаста тұтқынға түскен олжаны бөлісу барысында шоқтығы биік келісті бір қалмақ қызы өзінің жағалбайлыда Сәрке батырды, жаппаста Баймұрат батырды ғана қалайтынын айтқан. Аты-жөнін сұраған кезде батыр «болсақ болармыз» деп қызды атына мінгестіріп алып кетеді. Батырдан жүкті болған соң қалмақ қызы еліне бірнеше рет қашуға әрекет еткенімен қолға түсіп, өз мақсатына жете алмайды. Қайта-қайта қашуға ұмтыла берген соң Баймұрат батыр бұған мәжбүр еткен қандай жағдай деп сұраған. Сонда қалмақ қызы: «Мен елімде туып, баламды қазақтарға қарсы қойып өсіргім келген» деген ойын айтқан. Баймұрат батыр қалмақ әйелінің алаңдап күтіп жүрген туған баласының атын Алаң деп қояды және оны Байтүгелмен бірге, нағашың найман деп өсіреді. Алаң батыр болып өседі». Алаң батырдың бейіті Қызылорда облысы Сырдария ауданының Мыңшоқы деген жерінде.
Қорыта айтқанда, Баймұрат батыр ел басына күн туған қиын-қыстау заманда халқына қорған бола білген біртуар тұлға. Оған ел жадында сақталып, бүгінге жеткен фольклорлық мұраларымыз бен мұрағаттағы жазба деректер толық куә. Батырдың Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау жолындағы ерлік істері ұрпаққа үлгі әрі өнеге болмақ. Оның үстіне Баймұраттың Алаң деген ұлынан тарайтын тікелей ұрпағы Нағи Ілиясов Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болуының өзі кездейсоқтық емес еді.
Бүгінде батыр ұрпақтары Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында (Қостанай облысымен шекаралас) бабалары жатқан жерге ескерткіш белгі орнатты. 2015 жылы Қызылорда қаласында Баймұрат батырға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, деректі фильм түсірілді. Осындай тағылымы мол іс-шаралармен қатар тұлға тарихын әлі де болса дәйекті деректер негізінде зерттеп, батыр есімін ауыл, мектеп, көше атауларына беріп, кеңінен ұлықтау қажет. Оның өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылықты ұялатып, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор.
Жәнібек АЛЛАЯРҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты
Орал