Экономика • 15 Шілде, 2019

«Zeren» зерек жастарды таңдайды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкшенің көрікті өлкесі Зеренді ауданында республикалық «Zeren-2019» жас­тар жазғы лагерінің бірінші маусымы аяқталды.

«Zeren» зерек жастарды таңдайды

Тұла бойы креативке толы жастар біздің елде көп. Стартап жобалар ұсынып, жеке кәсібін бастап, ол кәсібінен нәсіп тауып жүргендер жетіп-артылады. Қазақстанда Жастар жылын өткізуге қатысты Жол картасы аясында өтіп жатқан «Zeren-2019» жазғы лагері осындай жастардың идеясын қолдап, бизнес жобаларының жүзеге асуына көмек қолын созады.

Бұл танымдық жазғы лагерь Ақпа­рат және қоғамдық даму министрлі­гінің ұйытқы болуымен осымен екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы лагерьге Қазақстан жастарынан бөлек Ресей, Қытай және Моңғолия жастары да қатысты. Жалпы, жобаға қатысушылардан 1000-нан аса өтінім келіп түсті. Шараның үш маусымы бо­йынша 18-29 жас аралығында 600 қатысу­шы іріктелді. Алғашқы маусымға 200 талапкер қатысып, 36 командалық жоба ұсынылды. Оның қорытындысы бойынша 5 бизнес-идея үздік деп танылып, оларды Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова марапаттады. Жүлделі 3-орын алған екі топқа 750 мың теңгеден берілсе, 2-орын алған екі командаға 1 млн теңгеден үлестірілді. Ал бірінші орын алған қызылордалық топқа 1 500 000 теңгенің сертификаты табысталды. Бұдан бөлек, жастар жобалары демеушілер тарапынан 1 млн теңге көлемінде қосымша қаржыландырылды.

Жеңімпаз «Red Orda» тобының мүшесі Нұржан Амандықтың айтуынша, жүлде толығымен жобаның жүзеге асырылуына жұмсалады. Бұл топ «Жоңышқа – табиғи тыңайтқыш» тақырыбында жоба ұсынған. Олар Қызылорда жерінде өсіп жатқан жоңышқаның басқа өңірлерде де өсірілуін алға тартып, еліміздегі жасыл экономиканы дамытуды көздеп отыр. Жоба жұмысы Қазақстан жерін қалай тыңайтуға болады, ол үшін қанша шығын қажет, нақты қанша пайда әкеледі деген сынды сұрақтарға жауап қарастырған. Жерді тыңайтып, келер жылы күріш, бидай, қауын, қарбыз егу жұмыстарын дамытсақ, біздің мақсаттың орындалғаны дейді жеңімпаз топ.

«Бізге үздік менторлар мен тренерлер дәріс оқыды. Сабақтардан бөлек мотивациялық тренингтер мен спорттық сайыстар да өтті. Сондай-ақ бұл лагерьден жақсы достар таптық. Ресей, Қытай және Моңғолиядан келген қатысушылардан да үйренеріміз көп болды. Біз, «Red Orda» тобы, жасыл экономика бағыты бойынша жоба қорғадық. Бізден бөлек өзге командалар әртүрлі тақырыпта жобалар ұсынды. Олардың ішінде азаматтық қоғам, жеке кәсіпкерлік, креативті экономика және жаңа медиа сынды түрлі бағытта мықты жобалар болды. «Zeren» жастар танымдық лагері – кіл мықтылардың тың идеялары тоғысқан орта дер едім» деді Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Нұржан Амандық.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келер жылы жоба жеңімпаздары қайта кез­деседі. Олар ол кездесуде жүзе­ге асқан жобалары жайында әңгіме өрбітеді. Лагерьдегі үш ауысымның қоры­тын­дысы бойынша үздік 30 жоба қаржылан­дырылады. Жалпы жүлде қоры – 15 млн теңге.