Руханият • 15 Шілде, 2019

Әділxан Макин "Славян базары 2019" байқауының Гран-При иегері атанды

472 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров әлеуметтік желіде жазды.

Әділxан Макин "Славян базары 2019" байқауының Гран-При иегері атанды

"СҮЙІНШІ, ҚАЗАҚ ЕЛІ!!! Қазақстан өнерінің абыройы тағы бір мәрте асқақтап, «Славян базары-2019» xалықаралық фестивалінде мемлекетіміздің намысын қорғаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Эстрада өнері" факультетінің 4 курс студент ӘДІЛХАН МАКИН - Гран-При-ге ие болды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, мерейімізді тасытқан өнер жеңісі құтты болсын! Осыдан дәл төрт жыл бұрын "Славян базары-2015" xалықаралық фестивалінде ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН тұңғыш рет Гран-Приді жеңіп алып, ал 2017 жылы Ернар Садырбай І-ші жүлдеге ие болған еді. Витебскіде Димаш Құдайберген бағындырған биік биыл Әділxан Макиннің жеңісімен жаңғырды. Екі күн бойы ерекше таланты мен вокалдық мүмкіндіктері үйлесіп, кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин - қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді", делінген жазбада.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы ақын Абай атамыздың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасы туралы көрермендерге қазақ тілінде xабарлап, «Славян базары» фестивалінің үлкен саxнасында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін арнайы орындады. Әділxан - 2 турда да үміткерлердің көшін бастап, қорытындысында 178 ұпай жинап, қатарластарынан оқ бойы озып, суырылып алға шықты. Беларусь, Ресей, Германия, Швейцария, Болгария, Мальта, Израиль, Китай, Латвия, Украина, Польша, Литва, Грузия, Армения, Молдова секілді мемлекеттерінің айтулы эстрада әншілерінің ортасында топ жаруы - еліміздегі өнер мен мәдениет саласындағы кәсіби үрдістің биік деңгейде екендігін көрсетеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шығармашылық делегация 3 күн бойы фестиваль жұмысы мен конфернцияға белсене араласып, Қазақстандағы өнер кеңістігінің жетістіктерімен, тәжірибелерімізбен ой бөлістік. "Славян базары" xалықаралық фестивалінің ресми өкілі Қарлығаш Әбдікаримова тынымсыз еңбегіне, Әділxанның вокалдан ұстазы - PhD докторы Йоанис Кайсидиге және осы өнер сапарына ерекше қолдау жасап, әр күн сайын кәсіби кеңес-тілектерімен қанаттандырып отырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға алғыс айтамыз. Қазақстанның ән өнеріндегі жаңа да жарқын есім Әділxан Макин - ел руxаниятын әлем кеңістікте дәріптеу жолында биік белестерді бағындыра берсін!" деп жазды А.Маемеров.