Тарих • 16 Шілде, 2019

Ұстаздарым ұстаз тұтқан Үсебаев

473 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мен «Социалистік Қазақстанның» өткендегі тарихын еске алсам, өзім алғаш сол жерге қызметке келген кездегі бас редакторымыз Кеңес Үсебаевтың кескін-келбетін де бірден көзге елестетемін. Сырт бейнесі сұсты, тым ресми, бос сөйлеп, жеңіл әзіл айтпақ түгілі, езу тартып күлу дегенді білмейтін шығар деп ойлайтын бұл басшымызбен рас, мен тым жақын жұмыс істестім, етене таныс-біліс едім деп мақтана алмаймын. Олай болмақ түгілі, аптасына бір рет өтіп тұратын летучканың (лездеме) өзінде де көзіне көрінбеуге тырысып, бөлім меңгерушілері мен замзавотделдердің (аға әдеби қызметкер Тәжібай Битаев ағамыздың шығарған аты) арт жағында бұғып отыратынбыз. Әйтсе де бір-екі айдың ішінде-ақ бас редакторымыздың біраз сырына қаныққандай болдым...

Ұстаздарым ұстаз тұтқан Үсебаев

Ол кезде редакция үйі бұрынғы Совет (қазіргі Қазыбек би) көшесі мен Фур­манов (қазіргі Н.Назарбаев) көше­сінің қиылысындағы бес қабат­ты қызыл үйде-тұғын. Кейін өртеніп кеткен бұл ғимаратқа кімдер келіп, кімдер кетпеген десеңізші! Әсіресе қыз­мет­керлері ше! Кілең егде тартқан – жа­самыс кісілер еді. Қысы-жазы мойын­дарынан тастамайтын шоқпардай гал­стуктерін айтпағанда, үстеріндегі қап-қара кәстүмдерін де шешпейтін олар «біз ЦК-ның органы «СҚ»-данбыз» деп шіренгенде кез келген адам түгіл обкомның секретарларының өзін селк еткізерліктей сесті де беделді болып көрінетін. Араларындағы бірді-екілі жас­тары да сол ағаларына еліктеп, жалдарын күдірейтіп жүретін. Университетті бізден біраз жыл бұрынырақ бітіріп, қара шаңырақтың қасиетін сезіне бас­таған Нәмет Келімбетов, Уақап Қы­дыр­­ханов, Тәжібай Битаев, Шәкизат Дәр­мағамбетов, Елемес Салихов, Балта Исаев, Ғалымжан Қаллемов, Өмірәлі Нұрғисаев, Берікбай Сағындықов сияқты әріптестерім редакция ішіне кірісімен-ақ өзгеріп сала беретін. Әншейіндегі ашық-жарқын мінездерінен айырылып, дәлізде кездесіп қалса, кекірейіп, көп сөй­леспей, кейде бас изеп қана өтіп ба­ра жатқанын көріп, «япыр-ау, мыналар шынымен солар ма» дегендей, ауыз ашып қала беретінмін. Сөйтсем, кейін тү­сіндім, олардың бәрі өздерінің жасы үл­кен ағалары – бас редакторға еліктейді екен ғой.

Бас редакторымыз Кеңесбай Үсебаев, иманы өзіне серік болсын, үйінде қайдам, қызметте қатал, артық-ауыс сөйлемейтін, үнемі тұнжырап, қабағын түйіп жүретін (әлде маған солай көріне ме) жан-тұғын. Лездемелерде де үш-төрт минуттан ар­тық сөйлегенін байқаған емеспін. Тым ресми томаға-тұйық бұл кісіні мен кейде сол кездері әр бөлме мен дәліздің төрінде қыстырулы тұратын партияның орталық комитеті саяси бюросының мүшелері мен мүшелікке кандидаттары арасынан да іздестіргендей әсерде болушы едім. Шаш қойысы, киім киісі, көз қарасы құдды сол көсемдердің көшірмесіндей Кеңекеңнің шығармашылығын қайдам, ұйым­дастырушылық қабілеті мен іс­кер­лігі өте күшті болатын. Жоғары жақ­­­­­тан түскен нұсқауларды бөлім мең­ге­ру­­­­­шілеріне қысқа да нұсқа түсіндіріп, со­ның орындалуын өзі қадағалап отыратын.

Бөлім меңгерушілері демекші, ол кезде редакцияның бөлім бастықтарының беделі Орталық комитеттің бөлім меңге­рушілерінің беделінен бірде-бір кем емес еді десем, мүмкін асыра айтқандығым болар. Әйтсе де үгіт-насихат және партия тұрмысы бөлімдері бастықтарының облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшыларымен телефон арқылы тікелей сөйлесіп, кейбір мәселелер жөнінде ақылдасып жатқанына талай рет куә болғаным бар. Оның үстіне редколлегия мүшелерінің бәрі Орталық Комитеттің секретариатында бекітілетін. Міне, осындай беделді де білікті бөлім мең­геру­шілерін іріктеп ала білген Кеңе­кең оларға жұмыс та істететін, сонымен бірге кең құқық та беріп қойған. Олар қыз­­меткерлерін өздері таңдап, өздері қа­былдап, жұмыстан өздері босата алатын.

Сондай білікті де білімді бөлім мең­ге­рушілердің бірі Хайдекең – Хайдар Баймұхамбетов ағамыз мен әскерден келгелі бері (1964 жылы, бізді, КазГУ-дің төртінші курсының бір топ студентін міндетті борышымызды өтеу үшін армия қатарына алып кеткен болатын, содан араға үш жыл салып, 1968 жылы оралып, оқуымызды одан әрі жалғастырып жатқан едік) қамқорлығына алып, ара-тұра тапсырмалар да беріп тұрушы еді. Университеттің соңғы курсына көш­кенімізде диплом жұмысын жазу үшін деп тағы бір жыл текке сандалтып қой­ғанын білетін ағамыз бірде:

– Әй, сен қарап жүрме, біздің бөлімге атсалысып тұр, жазғандарың жарап жатса газетке ұсынамыз, сөйте-сөйте тө­се­ліп кетесің, – деген еді.

Ағаның айтқанын екі етпейтін мен қысқа хабарларды бірінен соң бірін тоғытып, кейін ептеп хат қорытатындай дәрежеге де жарап қалған болатынмын. Сонан қасиетті наурыз мерекесінің қар­саңында Хайдекең ойда жоқта:

– Мен сені бөлімге алуға ұсынам, арызыңды жаз, – демесі бар емес пе.

– Ой, аға мен әлі дипломымды алған жоқпын ғой...

– Ештеңе етпейді, – деді ағамыз мейір­лене күліп, – енді екі-үш айдан кейін алмайсың ба ол қатырма қағазыңды, айт­пақшы арызыңда «университетті біті­руіме байланысты» деп ашып көрсет.

Дәл осы кезде есіктен хатшы келін­шек Халида көрініп:

– Сізді редактор шақырып жатыр, – деп қалды.

Хайдекең орнынан көтеріле берген кезде, мен де лып етіп қарсы жақта отыр­ған Өмірәлінің жанына барып:

– Өмеке, өтінішті қалай жазушы еді, көмектесіп жібермейсіз бе? – дедім.

– Айтты ғой енді, – деді Өмірәлі әрең дегенде тіл қатып, – университетті бітір­геннен кейін деп... солай деп жаз...

– Ол жағын ұқтым ғой, – дедім мен де Өмекеңнің онша ұнатпай отырғанын сезіп, – бас жағын қалай бастасам екен?

Өмекең бір сәтке сазарып отырды да, алдында жатқан «Социалистік Қазақ­стан» газетінің бірінші бетіндегі фирмасын қаламымен айналдыра сызып:

– Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Сове­тінің және Министрлер Советінің органы «Социалистік Қазақстан» газе­тінің редакторы К.Үсебаев жолдасқа дейсің де, жаңағы айтқандарды жазасың, – деді, сөйтті де әңгіме бітті дегендей, «Совет­ский спорт» газетінен құнжыңдап бірдеңкелерді көшіре бастады.

Мен де бала емеспін, біраз нәрсені көріп қалған пәлемін ғой. Өтінішімнің бас жағын Өмекең айтқандай етіп бас­тағаныммен, себе­біне келгенде «уни­верситетті бітіргеннен кейін» демей «біті­руіме байланысты» деп жазып, Хай­декеңнің үстелінің үстіне қоя қойдым.

Сүт пісірім уақыттан кейін келген ағамыз алдындағы қағазды әрі-бері төңкерістіріп біраз қарап отырды да, екі-үш жолын сызып тастап өзіме ұсынды:

– Мә, қайта көшіріп жаз!

Қарасам, «Қазақстан Компар­тия­сынан бастап «органы» деген жерге дейін сызып тастап, «Социалистік Қазақстан» газеті дегенін ғана қалдырыпты. Өмекең ағам сызып тастаған сөздерді әдейі жаздырды ма, әлде білмей жаздырды ма, білмеймін, Хайдекең әйтеуір, сол қимылымен уақыт өте келе компар­тия­ның қопарылып, СҚ-ның түбі «ЕҚ» болатынын сол кезде-ақ сезгендей болып көрінеді дәл қазір маған.

Өтінішті таза қағазға көшіріп, Хайде­кеңнің алдына қайта келдім. Ағам оны тағы да бір қарап шықты да:

– Ал бала Аллаңа сыйына бер, – деді сөзін жұмбақтап. – Алда үлкен сын тұр. Кеңекең бұл арызың мен же­ке ісіңді танысып-білу үшін редколлегия мүшелеріне жіберетін болады. Олардың әрқайсысы бір-бір редактор, өзіңмен жеке-жеке сөйлесулері мүм­кін, байқа, ши шығарып алып жүрме, біреуі «қарсымын» деп қол қойса-ақ, жағ­дайымыз қиындап кетуі кәдік.

Айтқандай-ақ, Кеңекеңнің өзін қос­пағанда редколлегияның алты мүшесі – Сапаржан Хайдаров (редактордың орынбасары), Нұрғазы Шәкеев (жауапты хатшы), Мағауия Машақов (үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі), Бек­­­ділда Абдуллин (партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі), Есет Әукебаев (әдебиет бөлімінің меңгерушісі) және Пернебек Бейсенов (совет құрылысы бөлімінің меңгерушісі) менімен жеке-жеке сөйлесіп, өмірбаяным мен шығар­машылығыма қатысты біраз жайға қанықты. Хайдекең алдын ала айтып қой­ған ба, қайдам, көп қинаған жоқ, бәрі де оң қабақ көрсетіп, қолдарын қойып берді.

«Шикілік» бас редактордың алдына бар­ғанымда байқалды. Арада апта өтпей жатып, Хайдекең есік жақтағы суретші һәм ретушер Жанұзақтың үстеліне жапсарластыра қойдырып берген шағын тумбочкамның үстіне үйден жазып, қорытып әкелген материалдарымды рет­теп отырғанымда Халида есіктен басын сұғып:

– Сені редактор шақырады, – деді.

– Кімді? – Сасқалақтап даусым діріл­деп шықты. – Мені ме?

– Иә, сені.

Не істерімді білмей, іштегі жігіттерге жаутандай қарадым. Хайдекең жоқ болатын, Өмірәлі ештеңе естіп білмегендей, құн­жыңдап орталық газеттерден бірдең­келер көшіріп жатты, Жанұзақ қолына қырғышын ұстаған күйі маған қарап қатып қалыпты.

– Бар, – деді ол бір кезде есін жиған­дай езу тартып, – қорықпа, мүмкін өзі де әңгімелесейін деген шығар...

Қорыққанда не істейін, тізем қалты­рамаса да жүрегім атқақтап, қабылдау бөлмесіне келдім. Халида «кіре бер» дегендей Кеңекеңнің есігіне қарай иегін көтерді.

– Сәлеметсіз бе, мені шақырған екен­сіз, – дедім кабинеттің орта тұсына же­те бергенімде ентігімді басып.

– Редакциядан кімді танисың? – деді Кеңекең сол отырған қалпын бұзбастан.

Құдай аузыма салды ма, қайдам:

– Қыдырбекұлын! – деп қалт тұра қалдым, алғаш қол алысып амандасатын шығармыз деп ойлаған едім, бірақ бастығым ондай ниет білдіре қоймаған соң, мен де одан әрі аттап баса алмадым.

– Жарайды. Бара бер!..

Есіктен қалай шығып, орныма қалай келіп отырғанымды білмеймін. Әйтсе де бастығымның әлгі сөзін осы уақытқа дейін ұмытпаймын. Кеңекеңнің алды кең дегенді көне қызметкерлерден көп еститінмін. Обалы нешік, ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айта қоймайтын. Қайта «турашыл, ешкімге бұрмайды, жұмысына адал», – деп мақтап жүретін. Қанша жаманшылыққа қимағаныммен, бастығымның бұл жолғы қарекетін қалай бағаларымды білмей, іштен тындым. Неге шақырды? Түрімді көру үшін бе? Соңғы апталардағы өндірістік жиналыстарда көріп жүр емес пе? Әлде әңгімелесіп, сыр тарту үшін бе? Онда неге жөндеп сөйлеспеді? Баласынды ма екен? «Бара бері» несі? Жұмысқа алмаймын, боссың дегені ме? Осындай сұрақтар жан- жақтан анталап, біреуіне де жарытымды жауап таба алмай басым қатып отырғанымда, есіктен жарқ етіп Хайдар ағам кіріп келе жатты емес пе? Әкем тіріліп келгендей қуанып, орнымнан атып тұрдым.

– Неғып құтың қашып отыр? – деді ағам қолымды алып.

Асығыс-үсігіс басымнан өткен жайт­ты баяндап шықтым.

– Дәл осылай болды ма?

– Иә, дәл солай.

– Қыдырбекұлы шын жақын ағаң ба?

– Е, жоғ-а...

– Онда неге соның ғана фамилиясын айттың?

– Белгілі жазушы ғой, оны елдің бәрі таниды емес пе?..

– Баламысың деген, – деді Хайдекең өзінен-өзі кейіп, – әй, жазушы керек болса, отыр емес пе, анау Есет деген ақын мүйізі қарағайдай, әдебиет бөлімін бас­қарып, соның атын неге айтпайсың? Жерлес керек болса, Әбдеш бар емес пе Жамбыл жақтан келген...

Бұрқан-тарқан болып ашуланған ағамыз сол қалпы бөлмеден шығып кетті де, сүт пісірім уақыттан кейін қай­тып кірді. Жәутеңдеп бетіне қарадым бірдеңке дер ме екен деп. Жоқ, сыр бермеді. Дегенмен бағанағыдай емес, ашуы сәл-пәл басылған сияқты. Қағаз­дарын әрі-бері араластырып, бірдеңе жазған болды. Артынша оларды сызып тастады да, қағазды ортасынан қақ бөліп, себетке тастай салды. Сөйтіп мырс етіп күлген болды да бағанағы «баламысың» деген сөзді тағы бір қайталады. Ағам­ның бұл жол­ғы «баламысыңы» ал­дын­дағысына қарағанда әлдеқайда жұм­сақтау шықты, соған қарап жүрегім орнына түскендей күй кештім.

Кеңекең мен Хайдекеңнің арасында қандай әңгіме болғанын қайдам, арада біраз күн өткен соң редакция меңгерушісі Махаң (Мағзұм Көшеков) бөлмемізге кіріп-шығып жүріп, оңашалау қалған кезімде «Кеңекең қол қойды» деп құ­ла­ғыма сыбыр ете түсті. Жүрек тұсым шым ете қалды. Осылайша, Кеңекең 1969 жылы 27 наурыз күні мені бір айлық сынақ мерзімімен кіші әдеби қызметкер етіп қабылдау жөніндегі бұйрыққа қол қойды...

Қайран, Кеңекең! Шынында да алдыңыз кең еді ғой. Қабағы ашылмайтын, тым қатал көрінгенімен, жүрегі ашық-жарқын, адамдарға жақсылық жасауға бейім тұратын. Жастайынан жетім өскен ол интернатта тәрбиеленген көрінеді. Өмір тауқыметі тез есейтіп, еңбекке ерте араластырған. Шыны ке­рек, алғашқы жылдары мен ол кісі­нің қай өңірден екенін де білген емеспін. Біреулер Алматы облысынан десе, біреулер Қызылорданың қазағы екен дейтін. Тіпті Қарағанды мен Ақмола өңіріне жатқызушылар да кездесетін. Сөйтсем, Кеңекеңе бұл айтылған аймақ­тың бәрі туған жеріндей ыстық та қа­сиетті екен ғой. Сондықтан да болар, редакцияда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, мінездері жағынан сан түрлі, бірақ барлығының мақ­сат-мүддесі бір, ол – тек бас басылым­ды жо­ғарғы жақтағы басшылар қо­йып отыр­ған талапқа сай шығаруға бағыт­талған еді.

Еңбек жолын 1934 жылы Қызылорда қаласындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, мұғалімдіктен бастаған Кеңекең жазуды осы оқу орнында жүріп серік етсе керек. Аудандық, облыстық газеттерде түрлі тақырыпта мақалалары шығып, халық арасында журналист ретінде таныла бастайды. Сөйтіп келесі жылы Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газетіне қызметке шақырылады. Бірақ бұл жерде де көп істей қоймайды. Алматыдағы Коммунистік қазақ журналистикасы институтына түсіп, оны 1938 жылы ойдағыдай бітіріп шы­ғады. Жолдама Қарағандыға беріл­еді. «Советтік Қарағанды» газетіне қатар­дағы тілші болып орналасқан Кеңекең кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып жоғарылатылады.

1946 жылы Кеңекең Мәскеудегі жоғары партия мектебіне жіберіледі. Оқу бітіре салысымен Ақмола облыстық газетін басқарады. 1953-55 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанын­дағы радиохабарлар жөніндегі комитет төрағасы, ал 1955 жылдан 1959 жылға дейін «Соңиалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды.

Бас газеттің бас редакторының орын­басарлығынан Кеңекең ҚКСР Ми­нис­трлер Кеңесі жанындағы инфор­мациялық агенттік (ҚазТАГ) директоры болып өсіп кетеді де, екі жылдан соң өзінің «Социалистік Қазақстанына» бас редактор болып келеді. Мені қызметке алатын жылы ол кісінің бұл орында отырғанына тоғыз жылдан асып қалған екен. Арада екі ай өткен соң ол тағы да басқа қызметке – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы теледидар және радио хабарлары жөніндегі комитет төрағалығына ауысып кетті.

Әйтсе де қызметтес болған осы қысқа мерзімнің ішінде мен Кеңекеңнің көптеген жақсы қасиеттерін көріп, байқап қалғандай болдым десем артық айтқандық болмас. Жүріс-тұрысы, киім киісі, адамдармен сөйлесу мә­нері тек өзіне тән тектілікпен және пара­саттылықпен ерекшеленуші еді. Біреуге дауыс көтеріп зекігенін көрген емес­піз. Шығармашылықпен дендеп айналысуға көп уақыты бола бермейтін. Бірақ бас мақалаларды дер кезінде жазып беретін. Жазуы (почеркі) сол кездегі зиялылардың әріп таңбалауларына сай ірі де анық болатын. Үйден жазып әке­ліп, машинисткалардың ішінен Ха­ли­ма, Бибіш апайларға ғана бастыртатын.

Кеңекең соңғы қызметі – Қазтеле­радиокомитетте бес-алты жылдай істеп құрметті демалысқа шықты. Тә­жі­рибелі жур­налист, білгір басшы, ұтқыр ұйым­дастырушы Кеңесбай Үсебаев қайда, кім болып істесе де еңбек сүйгіш­тігімен, өзіне де, өзгеге де талап қойғыш­тығымен, принципшілдігімен көзге түсе білді. Ол бірнеше рет Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы болды. Елге сіңірген еңбегі жоғары баға­ланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталды. Қазақ­станның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алды.

...Бірде Алматыда Шевченко көше­сінің бойымен жүретін №4 трамваймен келе жатқам. Абылай хан даңғылындағы аялдамадан бір топ адам кірді де, орта бойлы толықша келген кісі алдыңғы жақтағы бос орынға барып отыра кетті. Сол кісі ме, әлде басқа ма? Есікке қарай жүріп барып, қайта қарадым. Дәл өзі – Кеңекең. Бұл кезде ол кісінің зейнетке шыққанына біраз жыл болып қалған. Әсте ем қабылдап жүрсе керек. Сол аялдама тұсында поликлиника бар-тұғын. Содан шыққан болар деп ойладым. Санама «Ұмытып қалған жоқ па екен» деген күдік кіріп, кібіртіктеп тұрдым да, «танымаса танымас, үлкен кісіге сәлем беру парыз ғой», – деп жанына барып, амандастым. Жоқ, бірден таныды.

– Иә, халің қалай? – деді ағамыз қолымды алып. – Жігіттер аман-есен бе?

– Бәрі жақсы, Кеңеке, өз денсау­лығыңыз қалай?

– По стариковский, – деді де орнынан көтерілді, әсте түсетін аялдамасына жақындап қалған болар, сөйтті де трамвай тоқтай берген тұста – осы, сені жақында редколлегия мүшесі болды деп естідім бе? – деп бетіме күле қарады.

– Иә, Кеңеке, – таңданғаннан аузымды ашып тұрып қалыппын, себебі соның алдында ғана мені Орталық Комитеттің секретариатында редколлегия мүшесі етіп бекіткен болатын. Де­мек бұрынғы бастығымыз бізді (бір кезде­рі өзі қызметке қабылдаған жастарды) ұмытпақ түгілі, жағдайды сырттай бақылап, біліп те жүретін болғаны ғой.

Бұл Кеңекенді ең соңғы көруім екен. Трамвайдан түскен ол жайлап басып, Төлебаев көшесіне қарай аяңдап кетіп бара жатты. Бәленше жыл басшы қызметтерде болып, сандаған шәкірттер тәрбиелеп өсірген ағайымыз барар жеріне сол шәкірттерінің біреуінен жеңіл көлік сұрап алып жетуіне де болар еді ғой. Жоқ, ол кісі ондайға бармайды. Ешкімге салмақ салғысы келмейді. Қарапайым қалпымен қалған.

Шәкірттері демекші, Кеңекең 1995 жылы 12 желтоқсанда сексен екі жас­қа қараған шағында қайтыс болды. Сонда «Егемен Қазақстанда» жа­рия­ланған қазанамалардың арасынан менің ұстаздарым – Хайдар Бай­мұхам­бетовтің, Пернебек Бейсенов­тің, Бақытжан Жиен­ғалидың, Қаби Мыңжановтың, Орақ Смағұловтың және Нұрғазы Шәкеев­тің «Бәріміздің ұстазымыз еді» деген лебіздері де жарияланды. Олар Ке­ңе­сбай Үсебаевпен ұзақ жыл бірге істегендерін, өздеріне ұстаз тұтатынын айта келіп: «Кеңекең табиғатынан таза, адамгершілігі өте жоғары, принципшіл азамат болатын. Партияның Орталық Комитеті аппа­ратында қызмет істеуге әркім таныс­тарын салып жүретін сол бір шақта Кеңекеңе Орталық Комитеттен бе­делді бір басшы телефон соғып: «Сіз­дің балаңызды аппаратқа қызметке алмақпыз. Қалай қарайсыз?» – деп сұра­ғанда, бұл кісінің: «Баламның аздап жұ­тып қоятыны бар еді. Сіздерді ұятқа қал­дырар. Алмағандарыңыз дұрыс», – деген шыншылдығы – өмірде өте сирек кез­десетін асыл қасиет», – деп еске алады.

Міне, менің ұстаздарымның өзі өздеріне ұстаз тұтқан Кеңекең осындай жан еді.


Әділ ДҮЙСЕНБЕК,

журналист-жазушы