Қазақстан • 17 Шілде, 2019

Сабақтастық стратегиясын саралау

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Президент Телерадио кешені жарыққа шығарған деректі фильм «Билік эстафетасы: сабақтастық пен тұрақ­тылық стратегиясы» деп аталады. Көрермен көңіліне көшелі ой салар бұл көркем туындыда дүйім дүние жүзін елең еткізген елеулі оқиға – Қазақстандағы билік алмасу процесінің өзгелерге өнеге етерліктей тағылымдары таразыланып, саяси сабақтастық салтанатының қыр-сыры сараланады.

Сабақтастық стратегиясын саралау

Белгілі журналист Ерлан Бек­­хожин бастаған шы­ғар­ма­шы­лық топтың тақырып­ты ашу­­ға талпынып көп ізден­ген­дері көрініп тұр. Таспаға түс­кен әлемдік тұлғалар толға­ны­­сы, толып жатқан деректер мен дәйектер біздің тәуелсіз мем­­­ле­­ке­ті­міздің дұрыс жолмен дамып, өр­кениет көшінде өз үл­гісін қа­лып­тастырғанын алға тартады.

Иә, Қазақстан өркенді өзгеріс­­тердің өрісіне аяқ басты. Елдің жаңа Президентін сай­ла­ды. Халқымыз тағы бір таң­­дауын жасап, өздерінің осы уақытқа дейінгі ұлағат­ты ұста­ным­дарынан айнымай­ты­нын танытты. Егемен­дік тұ­сын­да Елбасы қалыптас­тыр­ған жақ­сы дәс­түр­лердің жал­ғасуына мүд­делі екендік­терін жария қылды.

Сөйтіп талайлардың санасын сан саққа жүгірткен мәсе­ленің нүктесі қойылды. Кезінде әрине әртүрлі алып-қашпа әңгіме­лер айтыл­ғанын білеміз. Бірақ Нұрсұлтан Назар­баев қай кездегідей нағыз көш­басшыға тән көрегендікпен күрделі іс­тің күр­меуін таппаса тарихта қайта­лан­бас қайраткер болып қалмас еді.

Мұны осы фильмде ойларын ортаға салған халықаралық спикерлер де атап өтіпті. Солар­дың кейбір сөздерін келтіре кеткен жөн секілді.

Франц Враницкий, Аустрия­ның 1986-1997 жылдардағы федеральдық канцлері:

– Өмірлік тәжірибе көрсет­кендей, көп­те­ген лидерлер үлкен төңкерістің нәти­же­сінде тақтан тайып жатады. Бұл заңсыз үрдіс болғандықтан әлбетте, үрей тудыра­ры анық. Президент Назарбаевтың өз ер­кі­мен өкілеттігін тоқтауы да өзіндік бір «ре­вол­ю­ция». Алай­да ол заңды түрде жүзе­­ге ас­қан әрі айналасындағылардың ал­ғаусыз сү­йіс­пеншілігіне бө­ле­нетін бейбіт революция.

Роза Отынбаева, Қырғыз Республика­сының 2010-2011 жылдардағы президенті:

– Билікті бейбіт жолмен беру – меніңше, Орталық Азияға онша тән емес тәртіп. Ел-жұрты­мызды тегінде осыған үйретуіміз керек.

Романо Проди, Италияның бұрынғы Премьер-министрі:

– Ешбір саясаткер мәңгілік емес. Ел тарихы бізбен бітпей­ді. Бі­рақ кейбіреулер осыны тү­сін­бейді. Нұрсұлтан Назарбаев билік алмасқанда болатын ке­лең­сіздік­тердің алдын алды. Егер көшбасшы отс­тавкаға ке­тіп бара жатып та өзінің ықпа­лынан айырылмаса мен оны да­на­лықтың көрінісіне балаймын.

Александр Квасьневский, Поль­шаның 1995-2005 жыл­дары­ндағы президенті:

– Әлемде Нұрсұлтан Назар­баевтай саясат серкелері сау­сақ­пен санарлықтай ғана. Ол батыл шешім қабылдады. Мен бұл қадам өз қамын емес, Қа­зақ­станның болашағын ойла­ған­­дық­тан жасалды деп есептеймін.

Экрандағы жылы лебіздер легі осылай жалғаса береді. Сөйлеушілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманымыздың заңғар тұлғасы екенін, Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың оған лайықты ізбасар бола­тын­дығына, әлемдік қоғамдас­тық­тан ойып отырып орын алған Қазақстанның алдағы уақыт­тарда да алған бетінен қайт­­пай, қарышты қарқынмен өркен­дейтін­дігіне сенім білдіреді.

Сонымен бүкіл әлем «Қа­зақ­станның келешегі қалай болады?»деген сұраққа жауап алған сыңайлы. Бұған саяси бағыттың сабақтастығы, елдегі ішкі тұрақтылықтың беріктігі кепілдік берері даусыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, еліміздегі саяси сабақтастық стратегиясын саралаған бұл фильм көпшілік көзайымына айналады деген үміттеміз.